Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы міндеттерді түсіндіру мақсатында облысымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өңіріміздегі бірқатар медициналық мекемелерде болып, дәрігерлермен кездесті. Министрдің сапары барысында облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова бірге болды.
Көкшетау қалалық ауруханасында өткен кездесуге облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары, жергілікті ауруханалардың бас дәрігерлері мен қызметкерлері қатысты. Жиналғандарға Денсаулық сақтау министрі Жолдаудағы денсаулық сақтау саласын дамыту, оның ішінде «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты жетінші тармақтағы міндеттер жайында айтып берді.
Министр Ақмола облысындағы медициналық мекемелер ағымдағы жылдың тамызына дейін толық электрондық құжат алмасу форматына көшуі тиіс екендігін атап өтті.
– Биылғы қаңтар айынан бастап, Қарағанды, Қостанай, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында қағазсыз денсаулық сақтау жүйесі пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында өңірдегі медициналық мекемелер тамыз айына дейін электрондық құжат алмасуға толық көшіп бітуі тиіс. Бұл емханалардағы ұзын сонар кезекті жойып, медициналық қызмет сапасын арттыру мәселесін шешуге көмектеседі. Ол келер жылдан бастап еліміздің өзге өңірлерінде де қолға алынатын болады, – деді министр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың айтуынша, өңірде 48 медициналық мекеме болса, оның 46-сы денсаулық сақтау басқармасының қарамағында екен. Қағазсыз құжат алмасуды жүзеге асыру үшін «Кешенді медициналық ақпарат жүйесі» бағдарламасын игеру қолға алынуда. Медицина қызметкерлерімен өткен кездесуде Елжан Біртанов міндетті медициналық сақтандыру, кадр тапшылығы және дәрігерлерге лайықты жалақы төлеу, білікті мамандарды баспанамен қамтамасыз ету мәселелерін де тілге тиек етті. Әсіресе, міндетті медициналық сақтандыру саласында сақтандырылмаған азаматтардың көптігі басты мәселе болып отырғанын атап өтті.
Бұдан кейін министр Көкшетау қаласындағы онкологиялық аурухананы аралап көріп, материалдық-техникалық базасымен танысты. Аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Татьяна Зиновьеваның айтуы-на қарағанда, өңірде онкология дертіне шалдыққандардың саны 1800 адамнан асады. Қазіргі кезде облыс орталығында жалғыз онкологиялық диспансер жұмыс істейді. Амбулаторлық және стационарлық науқастар осындағы бір ғана диагностикалық аппаратта тексерілуде. Тіпті, кейбір науқастар амалсыздан толық тексерістен өту үшін көрші облыстарға баруға мәжбүр. Биыл жазда Көкшетау қаласында басталатын жаңа онкологиялық емхананың құрылысы бұл мәселені шешуге ықпалын тигізеді деген үміт бар.
– Жаңа емхананың ашылуы қатерлі дерттің алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Ал, бұл өз кезегінде науқастардың өмірін ұзартуға септігін тигізеді, – дейді Татьяна Зиновьева.
Бұл жобаны жүзеге асыру өңір тұрғындарына сапалы, жоғары деңгейде медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Ғимарат 4 қабаттан тұратын болады. Кешен заманауи медициналық құралдармен жабдықталады. Осының арқасында онкологиялық ауруларды алдын ала анықтауға және осы дерттен көз жұматын адамдардың санын азайтуға қол жеткізілмек. Сапар барысында Елжан Біртанов Щучинск қаласындағы Бурабай аудандық ауруханасында болып, медициналық қызмет көрсету жұмыстарымен танысты.
Аслан НЫҒМЕТЖАНҰЛЫ.