Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешудің бес басым бағыттарын белгілеп берді. Бұл экономикалық бағытта дамып келе жатқан еліміз үшін тұрғындардың әлеуметтік жағдайын шешудің де аса маңызды екенін көрсетеді.
Елбасы өз сөзінде бірқатар атқарушы билік салаларына нақтылы тапсырмалар жүктеді. Онда жастардың білім алу бағытындағы мемлекеттік гранттар санын арттыру, әсіресе, техникалық мамандықтарға басымдық беру міндеті жүктеледі.
Сонымен бірге, ипотекалық несие жолымен пәтер алуды жеңілдету жөнінде де арнайы жоба ұсынылды. Онда бұл салаға берілетін несие 7 пайыздан аспауы керектігі баса айтылды.
Осының бәрі уақыт талабынан туындаған өміршең мәселелер дер едік. Себебі, экономикада жаңа инновациялық жобаларды жүзеге асыру арқылы біз жаңа өндірістік технологияларды өмірге енгіздік. Бұл халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға мол ықпал етуі тиіс.
Елбасы осы жаңа бастамалар өз кезегінде қазақстандықтарды ортақ мүддеге жұмылдырып, ынтымақты жарастыратынын атап көрсетті. Біз жаһандық жаңғырудың бастауында тұрған елміз. Әлемдік өркениет биігіне шығу үшін экономиканы да, әлеуметтік саланы да қатар дамытып, тұтас бір жүйе арқылы алға басуымыз керек.
Бір жағынан, бұл біздің ертеңімізге деген үмітімізді де нықтай түсетін болады. Адамдар өз мемлекетіне сеніммен қараса, оның болашағы да жарқын болмақ. Сондықтан, біз дін адамдары да Елбасының әлеуметтік саясатын қолдайтын боламыз.
Қуаныш Сәбит,
Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының Ақмола облысы бойынша өкілі, Науан хазірет мешітінің бас имамы.