Таяуда болып өткен Парламент Палаталарының бірлескен мәжілісі ел халқының көңілінен шыққан соны жаңалықтарға толы болды. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы нағыз көкейіміздегіні қозғап, келер күнге деген сенімімізді одан әрі орнықтыра түскенін баса атап көрсетуіміз керек.
Бұл орайда, Қазақстан бұрынғы Кеңес Одағы кезінде де, одан бергі тәуелсіздік жылдарында да табиғи газ кеніне бай елдің бірі болып келе жатқандығы баршамызға жақсы мәлім. Алайда, осы жер асты байлығымызды елдің қажетіне жаратуда шынын айту керек, әлі күнге кенже қалып отырған жайымыз бар. Өйткені, көптеген аймақтарда қысқы жылу беру мәселесінде, одан былайғы жерде де көп проблеманы шешетін осы табиғи газ құбырлары тартылмаған.
Ақмола облысындағы қазіргі жағдайдың өзін алып қарасақ, осының салдарынан да кейбір орын алып отырған қиындықтар көзге айқын көрінуде. Айталық, қыстың басынан бері басталған көмір тапшылығы жұртшылықты күні бүгінге дейін әуре-сарсаңға салуда. Бірде бар болып, бірде жоқ болып, жеткілікті қоры жасалмай отырған осы көмірден қазір облыс орталығы – Көкшетау қаласының өзі ауыртпалық көріп келеді. Дәл осы күндерде де қалада көмір таусылып қалып, жұрт оны іздеп сұрастырумен тығырыққа тіреліп жүрген жайы бар. Ал, оның орнына табиғи газды пайдалансақ, мұндай әуре-сарсаңның бірі де болмас еді. Көпшілік ғимараттар, жеке және көп қабатты тұрғын үйлер тек газбен жылытылып, мұның өзі экономикалық жағынан да, экологиялық тұрғыдан да айтарлықтай тиімділік берер еді.
Облысымызда көптен көтеріліп жүргенімен, шешімін табар түрі көрінбейтін осы мәселеге Мемлекет басшысының Парламенттің бірлескен мәжілісінде халыққа арнаған Үндеуінің бесінші бөлігі, яғни, елімізді газбен қамтамасыз ету бастамасы жаңаша бір қозғау салғандай болды. Елбасының айтуынша, орталық және солтүстік аймақтарды газсыз қалдырмау үшін Қызылорда облысындағы Қараөзек – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағыты бойынша жаңа газ құбырын салу жобасын іске асыру қажет. Бұл шамамен алғанда 2,7 миллион халықты газбен қамтамасыз етуге жағдай туғызбақшы.
Әрине, бұл газ құбырын тартудың нақты мерзімі туралы әзір айту қиын. Бірақ, жоба көпке созылмай, таяу арада қолға алынады деген сенім бар. Бізді үміттендіретіні, осы жоба сәтімен іске қосылса, Астанадан бері қарай Көкшетауға және облыс аудандарына газ тарту мерзімі де жақындай түсері сөзсіз.
Сондықтан, бұл жоба Ақмола, Көкшетау өңірлері де түптің-түбінде газсыз қалмай, осы бағытта атқарылатын күрделі, күрделі де болса қажетті жұмыстың игі нәтижесін көреді деген сенімге жетелейді. Олай болса, Елбасының Парламенттің бірлескен мәжілісінде көтерген бес әлеуметтік бастамасын қызу қолдап, халықтың нағыз көкейіндегісін дөп басқан баспана алудың жаңа мүмкіндіктері, жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін азайту, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие беруді көбейту мәселелерінің қай-қайсысы болсын ойдағыдай шешім табуына тілектестігімізді білдіргіміз келеді.
Шыныбек СЕРҒАЗИН,
Көкшетау қаласының тұрғыны.