Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай, «Рухани жаңғыру» республикалық бағдарламасының «Өңірлік мәдениет, салт-дәстүр мен мәдени құндылықтар» базалық жобасын жүзеге асыру аясында жаңа форматтағы «Ақмола жұлдыздары» көркемөнерпаздар байқауы бастау алды. Биылғы өнер додасы «Ел жүрегі – Астана» тақырыбында өтуде және бір екпін түсіре айта кететін жайт, аталмыш өнер жарысы шеңберінде «Даңқ аллеясы» цирктік және ерекше жанрлар облыстық байқауы болып өтті.
Макинск қаласында өткен байқауға облыстың барлық өңірінен келген 500-ден аса өнерпаз қатысты. Ақмола облысының цирктік және ерекше жанрлардың шығармашылық ұжымдары мен жеке орындаушылары эстрадалық-цирктік атап айтсақ, акробатика, гимнастика және көркем гимнастика, жонглерлеу, пантомима, клоунада, иллюзия, сән театры, спорттық би, акробатика және гимнастика элементтерін қолданған хореография, акробатикалық рок-н-ролл, брейк-данс, степ және тағы басқа өнерді меңгерген таланттар өз өнерлерін ортаға салды.
Байқаудың негізгі мақсаты: цирктік және ерекше жанрлардың дарынды ұжымдарын анықтау және қолдау көрсету болып табылады. Өнер додасында Степногорск және Көкшетау қалаларының, Целиноград, Атбасар, Бұланды, Аршалы, Зеренді, Қорғалжын, Ақкөл, Есіл, Астрахан, Сандықтау, Бурабай аудандарының өнерпаздары дайындықтарының жоғары деңгейде екендіктерін аңғартты. Байқауда акробатикалық және гимнастикалық жаттығуларды тамаша көрсете білген шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушыларды атап кетсек дейміз. Олар Көкшетау қаласындағы «Сымбат», «Палит-ра» ұжымдары, Целиноград ауданының атынан додаға түскен «Нәзік» би ұжымы, ақкөлдік Есімбай Нұрсұлтанның орындауындағы «Perfomance» акробатикалық этюд, ерейментаулық Мадина Болатова,
Есіл ауданының абыройын асқақтатқан «Жігіттер» тобы, егіндікөлден келген сиқыршы-иллюзианист Қайрат Нұрдәулетов және тағы басқа дарын иелері өз өнерлерімен көрермендерін тәнті етті.
Сонымен қатар, боди арт элементтерін қолданған көкшетаулық «Дыхание Азии» сән театры, Астрахан ауданының «Сара жол» және зеренділік «Креатив» көлеңкелі театрлары өз өнерлерімен көрермендерін таң қалдырды. Макинск қаласындағы аудандық мәдениет үйінің «Виртуоз» (ұжым жетекшісі Литовченко Руслан Анатольевич) халықтық цирк студиясының әуе гимнастары, акробаттары мен жонглерлері өздерінің орындау техникасы және көркемдік мәнерлілігімен қазылар алқасы мен көрермендерін тәнті етті.
Қазылар алқасы байқауға қатысушылардың өнерін бағалау кезінде нөмірдің күрделілігі, нөмірдің көркемдік безендірілуі, орындау мәнері және актерлік шеберлігінің деңгейін басты назарға алды.
Цирктік және ерекше жанрлардың облыстық байқауының үздік өнерпаздары «Ақмола жұлдыздары» облыстық халық шығармашылығы байқауының қорытынды гала-концертінде өнер көрсететін болады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретте: байқаудан көрініс.