Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдап, алдына үмітпен келген адамдардың өтініш-тілектеріне құлақ түрді, олардың арасында мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналардың мұң-мұқтажын заң аясында қарастыратын болды.
Қоғамдық қабылдауда болған аналармен өткен кездесуде психоневрологиялық дертке шалдыққан мүмкіндігі шектеулі балалардың жартылай стационарын кеңейту туралы айтылды. Аталған мәселені жақында облыс әкімінің тұрғындар алдында есептік кездесуінде сауал қойған Индира Ахметова есімді ана көтерген болатын.
– Мұндай мәселелер бірден шешілмейді. Бірақ сізбен толық келісемін және бастамашыл топ құрамында жеке қабылдауыма шақырамын, – деген еді Мәлік Мырзалин.
Әкімнің қабылдауында Индира Ахметовамен бірге Гаухар Камилинова және Ольга Войтенко болып, өздері сияқты қиындық көріп отырған аналардың атынан мұң-мұқтаждарын жеткізді. – Біз баратын арнайы орталықта психоневрологиялық дерті бар балалармен бірге тірек-қозғалыс аппараты бұзылған балалар бірге тәрбиеленеді. Бұл мүлдем дұрыс емес. Неше жылдан бері оларды бөлу үшін арнайы ғимарат жоқ екендігін айтып келеді, – дейді аналар.
Мәлік Мырзалин аналардың пікірін мұқият тыңдап, мәселені шешу жолдарына үңілді.
– Сіздерге қаншалықты қиын екендігін түсінемін. Бірақ, бұл мәселе жылдам шешіледі деп уәде бере алмаймын. Ғимарт тұрғызу немесе жөндеу сияқты жұмыстарға біршама уақыт кетуі мүмкін, – деген облыс әкімі бұл мәселені қала басшылығына тапсырды.
Қала басшылығы бұл мәселені назарға алып, қосымша орталық ашу қажеттілігіне қолдау білдірді. Облыс басшысы қабылдауға келген тұрғындардың әрбірінің сауалын тыңдай келе, барлық өтiнiштердi бақылауға алып, оны шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.