Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Заман жаңарды, демек, жұмысшы мамандар даярлау ісі де жаңаша жүргізілуі керек - АРҚА АЖАРЫ

Заман жаңарды, демек, жұмысшы мамандар даярлау ісі де жаңаша жүргізілуі керек

Кәсіптік-техникалық білім беру – зор міндет жүктейді

Таяуда біздің тілшіміз облыстағы кәсіптік-техникалық білім берудің жай-жапсарына қанық-пақ болып, облыстық білім басқармасының кәсіптік және техникалық білім бөлімінің басшысы Б.С. Сәдуақасовпен әңгімелескен болатын.

– Құрметті Бегжан Серікұлы, қазіргі күні техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жаңа сипатта дамуына, мамандықтардың бүгінгі күн талабына сай болуына назар аударылып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында кәсіптік және техникалық білім беру кәсіби стандарттарға негізделіп, экономиканың қажеттілігімен байланыстырылуы керек екендігін атап өтуде. Осы орайда, облыстағы кәсіптік білім беру жүйесінің міндеттері мен мүмкіндігі туралы не айтар едіңіз?
– Алдымен, оқыту үдерісіне осы заманғы әдістемелер мен технология-ларды енгізу қолға алынғандығын, оған қоса, педагогтар құрамының сапасын арттыруға айрықша мән беріп отырғанымызды айта кетуіміз керек. Бізге ең алдымен біліктілікті бекітудің жүйесін құрып алуымыз қажет. Болашақта жоғары технологиялық және білікті мамандар даярлау міндеті жүктеліп отыр. Облыстағы кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі жаңғыртылып, жаңаша көзқарас қалыптасуда. Шындығын айтқанда, бүгінгі заманда ғылыми-техникалық үдерістердің қарқынды дамуына байланысты кәсіптік білім беру жүйесінің жүктемесі ауырлай түсуде. Алдымен әлемдегі алдыңғы қатарлы, бәсекеге қабілетті елдермен бой теңестірудегі тұлға – жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие берілуі қажет. Осы арада ерекше айта кететін жай, кәсіби мамандарды даярлауда жалпыға бірдей міндетті мемлекеттік стандартты жүзеге асырудың негізгі міндеті – ғылым мен білімді тәжірибемен ұштастыру. Бүгінгі таңда біздің облысымыздағы 38 колледж осындай міндет үдесінен шығу үшін ұмтылып келеді. Бұл колледждерде 21351 білім алушы әртүрлі мамандықтарды игеруде. Оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 14463 жастың оқып жатқандығын айтатұғын болсақ, жас толқынға қаншалықты қамқорлық жасалып отырғандығы айқындала түсер еді. Таяуда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бес әлеуметтік бастамасында оқушы жастарды жатақханамен қамту қажет екендігін тағы да айтып өтті. Осы орайда, біздің 26 мекемемізде жатақханалардың бар екендігін, оларда төрт мыңнан аса білім алушылардың тұрып жатқандығын айта кетуге болады. Алдағы уақытта да бұл мәселеге айрықша көңіл аударылмақшы.
– «Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман» деп Елбасымыздың өзі атап көрсеткеніндей, жастарымыздың білімді әрі бәсекеге қабілетті болуы керектігі әлмисақтан аян. Осы орайда, қандай жаңашыл істер қолға алынуда?
– Колледждерде жаңа заманғы интерактивті құрылғылар кеңінен пайдаланылуда. Оқу процестерін автоматтандыру жүзеге асырылуда. Мұғалімдердің және білім алушылардың интернет желісіне қолжетімділігі де басты назарда ұсталып келеді. Қазіргі күні оқыту жүйесіне байланысты бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық база құрылған. Техникалық және кәсіби білім беретін мекемелерде ІТ бағыты бойынша екі мамандық қолға алынуда. «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамту» 8 колледжде оқытылады. Онда 550 білім алушы жаңа заманның талабына сай техника мүмкіндігін пайдалана отырып, білім алуда. «Ақпараттық жүйе» бағыты бойынша 7 колледжде 336 білім алушыға заман талабына сай білім берілуде. Облыстағы 9 колледж білім бағдарламаларын экспериментальді режимге көшірген. 2018-2019 оқу жылдары бұған қоса 12 мамандық бойынша цифрлық білім ресурстарын пайдалана отырып оқыту қолға алынды. Мұның барлығы болашақтың талабына орай іске асырылып отыр. Алдағы уақытта кәсіби-техникалық оқу орындарының түлектері үш бірдей мамандық иесі атанып шығады. Ол слесарь, автоэлектрик және В, С1 категориялы жүргізуші мамандықтары. «Техникалық қамту, автомобиль көлігін пайдалану мен жөндеу» мамандығы бойынша білім алған орта буын техник-механик кәсібін де игереді. Бұл дегеніңіз, әрбір білім алушының жан-жақты кәсіп игеруі, сөйтіп, еңбек рыногында сұранысқа ие болуы үшін өте қажет.
Соңғы жылдары жаңа модульдік бағыттағы оқу қолға алынып, кәсіптік білім беру саласында дуальды жүйе енгізілуде. Дуальды оқыту жүйесі дегеніміз – теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясы. Яғни, біздің түлектеріміз білім алумен бірге кәсіпорындарда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтай бастайды. Оқуды бітірген кезінде осы кәсіпорынның жұмыс ерекшеліктерімен, ондағы қондырғы, құрылғылармен толық таныс болып шығады. Оның үстіне сол кәсіпорынға жұмысқа орналасуға мүмкіндік туа-ды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда дуальды оқу жүйесін енгізу үшін жауапкершіліктің бір ұшын «Самұрық-Қазына» қорына тапсырып, қазақстандық компанияларды осы жүйеге назар аударуға шақырған болатын. Бүгінгі таңда біздің 25 колледжіміз жеті мамандық (металлургия және машина құрылысы, сервис, көлік, құрылыс, тау-кен өндірісі, ауыл шаруашылығы, медицина) бойынша мамандар даярлау-да. Дуальды оқыту жүйесінде бірлесе жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындар саны жылдан-жылға артып келеді. 2014 жылы осындай 26 кәсіпорын болса, 2017 жылы жұмысшы мамандығын даярлауға атсалысатын кәсіпорындардың саны 266-ға жетті. Сөз арасында кәсіби-техникалық білім беру мекемелері мен негізгі әлеуметтік әріптестік жағдайда жұмыс істеп отырған ірі кәсіпорындар қатарында «Степногорск Еуропа подшипник корпорациясы», «Тыныс», «Қазақалтын» тау-металлургиялық комбинаты» акционерлік қоғамдарын және «Есіл-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін атай кетуге болады. Сондай-ақ, осы орайда халықаралық жобаға сәйкес Германиямен де жұмыс істеудеміз. Мәселен, Бурабай ауданындағы экология және орман шаруашылығы колледжі жаңа сапалы кадрларды дайындау бағытында тек қана механиканы игерумен шектеліп қалмай, оның электронды үлгілерін, заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын игеруде.
– Салаға серпін беретін жаңа бағдарламаларды жүзеге асыру үшін кәсіби біліктілігі жоғары педагогикалық кадрлар да қажет екені белгілі. Осы орайда, қандай жұмыс атқарылып жатыр?
– Шынында да, педагогтар құрамының сапасын арттыру өте маңызды екендігі рас. Қазіргі таңда кәсіптік-техникалық білім беру саласында қабілетті маман даярлау үшін әрбір білім алушыны жан-жақты ізденуге, өздігінен тың жаңалықтар ашуға баулу көзделген. Әрине, бұл орайда оқытушылардың да біліктілігі жоғары болуы керек. Сондықтан, өз саламыздағы оқытушыларды алыс-жақын шетелдерден оқытып, білімдерін жетілдіруге зор көңіл бөлініп отыр. Мәселен, 11 оқытушымыз арнайы пәндер бойынша шетелдерде тағылымдамадан өтіп келді. 280 оқытушы мен шебер, 18 колледж басшысы кәсіби білімдерін жетілдірді. Алдағы уақытта бұл жұмыс үздіксіз жүзеге асырыла беретін болады.
Облыс колледждерінде «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы бойынша үстіміздегі жылы бюджет қаржысымен 5872 білім алушы оқытылуда. Оның ішінде жергілікті бюджеттен мемлекеттік тапсырысқа орай 4472, республикалық «Серпін» бағдарламасы бойынша 210 және 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде 1190 адам оқытылуда.
Облыстағы 18 колледжде 26 мамандық бойынша 39 жұмысшы кәсібі игерілуде. Білім алушыларға стипендия төленіп, бір мезгіл ыстық тамақ беріледі және жол шығынына өтемақы жасалады.
Қысқа мерзімді кәсіби оқыту жүйесі бағытында 57 жұмысшы мамандығы бойынша 5109 адам қамтылып отыр. Қазір қысқа мерзімді оқытуды Көкшетау қаласындағы жоғары және Шағалалы селосындағы агробизнес колледждеріндегі мобильді топтар жүзеге асыруда. Міне, кәсіптік-техникалық білім беру саласында бүгінгі күннің өскелең міндеттерінен туындаған сан салалы жұмысты осылай өрістетіп жатқан жайымыз бар. Алдағы уақытта кем-кетігімізді ескеріп, қол жеткен осы нәтижелерді одан әрі баянды ете түсетініміз айқын.
– Әңгімеңізге көп рахмет!

Бүгінгі күннің үдесінен қалай шығамыз?!.

• Колледжде бір білім алушыға мемлекеттік тапсырыс бойынша бір жылға 545 мың теңге қаржы жұмсалады.
• Колледж түлектерінің 50 пайыздан астамы жұмысқа орналастырылмаған.
• Оқу шеберханаларында кеңестік замандағы қаусаған техника пайдаланылуда.

Көкшетаудың іргесінде орналасқан Краснояр селосындағы №3 агротехникалық колледжі ауыл шаруашылығында техникалық қызмет көрсету және жөндеу, ішкі санитарлық-техникалық құрылғыларды, желдеткіштер мен инженерлік жүйелерді монтаждау және пайдалану, фермер шаруашылығы, тігінші, аспаз, шаштараз мамандықтары бойынша кадрлар даярлайды. Мемлекет тарапынан белгілі бір мамандықты игеремін деп талаптанатын жастарға тамаша мүмкіндік тудырылып отыр. Білім алушыларға жатақханадан орын беріледі. Оқу тегін. Көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары айрықша қамқорлыққа ие. Тамақтары тегін. Жылына екі рет жол ақысының өтемақысы төленеді. Бірінші семестрде бірінші курстың білім алушылары тегіс стипендияға ие. Әрі қарай жақсы оқитындарға ай сайын 16450 теңге көлемінде стипендия төленеді. Ал, үздік білім алушыларға төленетін стипендия көлемі 19283 теңгені құрайды.
Білім алушыларға тәжірибелері мол ұстаздар ұжымы сабақ береді. Осындағы 33 оқытушының 10-ы жоғары санатты, 11-і бірінші санатты, 2 магистр бар, қалғандары екінші санаттағы оқытушылар. 25 оқу-өндірістік шеберлері қызмет етуде.
Материалдық-техникалық база да былай қарағанда талапқа сай тәрізді. Жалпы білім беретін пән кабинеттері 13, арнаулы пәндер бойынша 12 кабинет, 5 зертхана бар. Өндірістік шеберханалар жетеу, екі тігін цехы жұмыс істейді. Одан өзге дәнекерлеу, токарь цехтары, техникалық қызмет көрсету нысаны да бар. Жатақханасы, спорт залы, аумағы ат шаптырым акт залы, стадионы, жеке жылу қазандығы, облыс орталығындағы жүргізушілер даярлайтын оқу орындарының өзінде жоқ автодромы, қосалқы шаруашылығы, жылыжайы бар.
Былай қарағанда, заман талабына сай кадр даярлауға барлық жағдай тудырылып отырған тәрізді. Осы арада заман талабына сай дейтұғын өлшемге тереңірек бойлайтын болсақ, мәселенің мәнісі тайға таңба басқандай айқын көрінер еді. Мысалға, «Фермер шаруашылығы» мамандығын алайық. Колледж директоры Сайран Сейітқалиеваның айтуына қарағанда, өзге мамандықтар тәрізді бұл мамандық бойынша даярланатын кадр-лар да жан-жақты білім алады екен. Олар ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисі, ауыл шаруашылығы машиналары мен тракторларды реттеуші, слесарь-жөндеуші, оның үстіне «ВС» санатындағы автокөлік жүргізушісі болып шығады. Яғни, тек қана механизатор ғана емес, ауыл шаруашылығына қажетті әлденеше мамандықтардың жиынтығы.
– Фермер шаруашылығы бойынша білім алып шығып, жеке шаруа қожалығын немесе серіктестік құрып, жұмыс істеп жатқан түлектеріңіз бар ма? – деп сұрадық біз колледж директорынан.
– Ондайлар жоқ,–деді колледж директоры.
Сонда қалай болғаны? Қанша жыл бойы фермер шаруашылығы бойынша дайындап, мемлекеттің қыруар қаражатын шығындап оқытып, үлкен өмірге жолдама берген түлектеріміз қайда? Міне, дәл осы жерден үлкен күмәннің құлағы қылтияды.
Шынын айтқанда, кәсіптік-техникалық колледжін тәмамдаған кадрлардың елу пайызға жуығы жұмыссыздар қатарын толықтыруда. Сонда мемлекеттің қыруар қаржысы желге ұшып жатқаны ма?
Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметіне қарағанда, өткен оқу жылында 5018 білім алушы белгілі бір кәсіптерді меңгеріп, үлкен өмірге жолдама алған. Қазір кәсіптік білім беру саласында қысқа мерзімді оқу жүйесі де бар. Мұндай оқыту әдісі жұмыссыз жүрген жастар үшін өте тиімді. Ағымдағы жылы 1475 жас әртүрлі мамандық иеленді. Механизатор мамандардың тапшы екендігі де рас. Бүгінгі күні облыс шаруашылықтарына 250-ден астам механизаторлар керек болып отыр. Әр жылы көктемгі және күзгі науқандық жұмыстар кезінде ауыл шаруашылығы құрылымдарында механизаторлардың жетіспейтіні туралы дабыл қағылып жүр. Тіпті, әріге бармай-ақ, Зеренді ауданына қарасты Жаңауыл елді мекеніндегі шаруа қожалығының жетекшісі Құлан Болатовтың айтуына қарағанда, бұл өте күрделі мәселелердің бірі.
– Осы төңіректен механизатор таба алмаған соң Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Егіндіағаш ауылынан екі механизаторды ат-түйедей қалап әкеліп жүрмін. Науқандық жұмыстардың мерзімі онша ұзақ емес қой. Соның өзінде де әлгі механизаторлар тәп-тәуір табыс табады. Жұмыс беруші ретінде мен, жұмыс істеуші ретінде олар келісім-шартты бұзбай орындағандықтан, әр жыл сайын байланысымызды үзбей келеміз,–дейді шаруа қожалығының басшысы.
Бұдан басқа да бірнеше шаруа қожалықтары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшыларымен осы тақырыпта тілдесіп көрдік. Бәрі де қазір бесаспап механизатордың аздығын айтып қынжылып отыр. Білетіндердің айтуына қарағанда, бұрынғы механизаторлардың бәрі дерлік зейнет жасына жеткен. Одан соң ел тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары экономикалық байланыстардың үзілуіне байланысты механизатор мамандығы қадірсіз болып қалды.
Жоғарыда біз кәсіптік-техникалық колледжде мемлекет тарапынан оқушы жастарға қаншалықты қамқорлық жасалып жатқандығын әдейі екпін түсіріп айттық. Тек жалғыз дүдәмал жері сұранысқа ие мамандықтарға оқыту. Колледждегі бірқатар мамандықтарға сұраныс бар. Осы тақырыпты індете іздеу барысында қалалық жарнамалық газеттерді де шолып шықтық. Әсіресе, аспаздар, газэлектрмен дәнекерлеушілер, құрылысшылар қат екен. Сонда колледж түлектері қалайша жұмыс таба алмай жүр?
Ең басты олқылық, бүгінгі күннің талап үдесінен шықпау болуы мүмкін. Таратып айталық. Мәселен, өзіміз болған агротехникалық колледж шеберханаларында 1986-1987 жылдары шыққан ДТ-75, Т-40 тракторлары мен «Енисей» комбайндары оқытылады. Қазір қуатты серіктестіктер мұндай техника түрлерін ұмытқалы қашан?! Рас, кейбір шағын қожалықтар әлі күнге дейін пайдаланып жүруі де мүмкін. Бірақ, негізінен, шетелдік егіс кешендері мен комбайндары Арқадағы астық алқаптарына енгелі талай жылдың жүзі болды. Колледждің ескі техникаларын оқып шыққан білім алушылар жаңа техниканың жай-жапсарын білмейді. Міне, сондықтан да олар қажетсіз. Тығырықтан шығаратын төте жол «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында жатыр.
–Бір кезде механизаторларды әрбір оқу орнында жүздеп шығарды. Соның өзінде жетіспей жатты,–дейді шаруа қожалығының жетекшісі Бауыржан Тастүлеков,–бірақ, ол кезде кеңшарлар мен ұжымшарлардың бар кезі еді ғой. Қазір мұндай көлемде механизатор қажет емес. Өйткені, қазіргі техника қуатты, бұрынғы бес-алты комбайнның атқарған шаруасын қазір жалғыз шетелдік қуатты техника атқара береді. Енді өзіңіз есептеп қараңыз, алты механизатордың орнына бір механизатор жетіп жатыр. Қазір механизатордың қажет кезі көктемде он күн, күзде он күн. Бітті. Содан кейін ол қажет емес. Яғни, егіншілік саласы уақытша жұмысқа айналды. Кез-келген адам уақытша жұмыс істеймін деп белгілі бір мамандықты бүге-шігесіне дейін игеріп, есіл өмірін өткізбейді ғой. Оның үстіне техника тілін білетіндердің табысы да лайықты бағаланады деп айту әлі ертерек. Қанша дегенмен, қарапайым, бірақ, адал еңбек еткендер ұшпаққа шыға алмай тұр ғой…

Бетті дайындаған арнаулы тілшіміз Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар