Әрине, суыт хабар!..

Күні кеше қатар жүріп, қатар қалам тербеп, жауынгер жанр – журналистиканың жалауын бірге көтеріскен дарынды журналист, іскер басшы облыстық «Акмолинская правда» газетінің бас редакторы Валентина Викторовна Косянюк ауыр сырқаттан айыға алмай, өмірден мезгілсіз өтіп кетті. Өкінішті-ақ, әрине!
Ол өз тіршілігінде ұшқыр ойлы қаламымен облыстың әлеуметтік-экономикалық салаларының өркендеуіне және рухани әлемінің көркеюіне мол үлес қосқан жан еді.
Көкшетау қаласында 1961 жылдың 27 наурызында дүниеге келген әріптесіміз 1983 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған соң, сол жылы бұрынғы Көкшетау облыстық «Степной маяк» газетіне тілші болып орналасты. Бойына біткен дарыны мен талантының арқасында оқырман қауымға тез танылды. Іскерлігі мен еңбегі ескеріліп, 1993 жылы редактордың орынбасары қызметіне жоғарылатылды. 1996-1999 жылдар аралығында республикалық «Караван» газетінің меншікті тілшісі, тәуелсіз «Курс» газетінің тұңғыш редакторы болды.
1999 жылдың желтоқсан айынан 2001 жылдың қараша айына дейін қалалық «Степной маяк» газетінің бас редакторы қызметін атқарды. Бұл жылдар қалалық газеттер үшін өте ауыр кезеңдер еді. Қаржы да, кадр да тапшы болатын. Әйтсе де, жан аямай жұмыс істеген ол қала жұртшылығы сүйіп оқитын қалалық газетті жабылып қалудан сақтап қалды.
2001 жылдың қараша айынан күні бүгінге дейін облыстық «Акмолинская правда» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы қызметін атқарды. Қаламы жүйрік журналистің сөз өнеріндегі сарабдалдығы салмақталмай қалған жоқ. Мемлекетке сіңірген еңбегіне орай, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2004 жылы Қазақстан Рес-публикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасына ие болып, 2009 жылы «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталды.
Бар ғұмырын, бойындағы тылсым табиғат сыйлаған тамаша дарынын, күш-қуатын облыстың баспасөз саласына арнаған әріптесіміздің мезгілсіз қазасы бізге де ауыр тиіп отыр. Көзі қарақты оқырман Валентина Викторовнаның қалам қайратын жақсы біледі және ұмытпайды. Оның әр еңбегінен ел мен жерге деген перзенттік махаббат пейілі айқын аңғарылып тұратын.
Жазмышқа қарсы тұрар шара жоқ. Бүгін біз әріптесіміз Валентина Викторовнаның туған-туысқандарына, «Акмолинская правда» газетінің ұжымы мен қалың оқырманына қайғырып көңіл айта отырып, Валентина Викторовна Косянюктай адамның жарқын жүзі жүрегімізде ұзақ уақыт сақталатындығын айтқымыз келеді.
Ақмола облыстық
«Арқа ажары» газеті
редакциясының ұжымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар