Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сахнадағы өнегелі өмір - АРҚА АЖАРЫ

Сахнадағы өнегелі өмір

Өнер үшін жаралған адамдар болады. Оларды өнердің өзі қырық құбылыс қасиетті өлкесіне тартып тұратыны бар. Мұны біз сахна саңлағы, Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Жібек Бағысованың өмір жолдарынан айқын байқаймыз. Әйгілі Біржан сал елінде дүниеге келіп, көркем Бурабайда бойжеткен талантты қыздың тырнақалды талпыныстары да таңғалдырғандай. Мәселен, шалғай ауылдағы балауса қыздың алғашқы қадамы Сәбит Мұқанов романы негізінде экрандалған атақты «Ботагөз» фильмінен басталады деп кім ойлаған?

Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысованың
өнердегі абыройлы жолының бір сәті

Әуезовтен бастап, Шекспир шығармаларына дейін бара алатын сирек актрисалардың бірі осы Жібек. Жібектерді мен Сәбира апай мектебінің жалғасы деп түсінемін.
Асанәлі Әшімов,
Қазақстанның Еңбек Ері,
КСРО халық әртісі.

Мен Жібекті Қаракөзді ойнаған кезінен бастап білемін. «Қонақүйдің қожасындағы» Мирондоминосы тіпті ғажап. Ойнақы, жігерлі, сүйкімді, оның үстіне Жібектің пластикасы қандай. Драманы да, трагедияны да, комедияны да ойнай алатын өресі биік актриса!
Рубен Андриасян,
Қазақстанның халық әртісі, Алматыдағы
Лермонтов атындағы орыс драма театрының көркемдік жетекшісі.

Бүгінде жетпістің бел ортасынан асқан апамыз былай дейді: «1957 жылы «Қазақфильм» киностудиясы әйгілі фильмді түсіру үшін Бурабайға келді. Ал, Ботагөз рөліндегі Гүлфайруз Ысмайылова біздің көршіміздің үйіне түскен екен. Пәтерде тұрды. Басқа актерлер де жағалай ауыл үйлеріне жайғасты. Бір кезде Қанабек Байсейітов бастаған кино түсірушілер атқа мықты отыратын қыз іздеп, ауылға жар салыпты. Өйткені, Ботагөз рөліндегі Гүлфайруз Ысмайылова атқа мінгенді қойып, жолауға қорқады екен. Ауыл жұрты бір ауыздан: «Мәжит ақсақалдың немересі Жібек аттың құлағында ойнайды»,–деседі. Кинода Ботагөздің басына шапанды жаба салып, аттың алдына өңгеріп, Итбай жігіттерінің алып қашатын жері бар. Ағаш арасында алдынан шыға кеп, жал үстінде көлденең жатқан қызға жабысқанда ат үркіп, шыр айналады. Осы көрініске түстім. Сосын Асқар келіп жұрт қаумалап тұрғанда, Ботагөз шауып келеді де көпшілікті бұзып-жарып Асқарға ұмтылады. Бұл да мен едім».
Өнерге ынтызары осыдан кейін лаулай лапылдағаны анық. Құдай айдап келген Гүлфайруз апасына өтініш айтты. «Актриса болғым келеді. Мені Алматыға алып кетіңіздер» депті. Ауылдың ерке қызының қылығы Қанабек Байсейітовті де елең еткізген көрінеді. Сөйтіп, ол шығармашылық сынақтардан мүдірмей өтіп, Абай атындағы опера және балет театры жанынан ашылып жатқан студияға қабылданған.
Бұдан кейінгі өнер соқпағы Талдықорған мен Қызылордадағы театрларда жалғасты. Жібекті танымал еткен бейненің бірі Шыңғыс Айтматов шығармасы бо-
йынша қойылған «Ана – Жер ана» спектакліндегі Әлиман бейнесі деуімізге болады. Бұл жайлы Жібек апай бір ғана түйін айтады: «Мен Әлиманды ойнағанда күйеуін, яғни, өз әкемді соғысқа шығарып салып, одан он жеті жасында жесір қалған анамның жан күйзелісін ойнадым…».
Ана демекші, Жібек Бағысова қазақ театр өнерінде аналар галереясын қалыптастырған актриса десек, артық айтқандық емес. Көкшетаудағы Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының сахнасында сомдаған рөлдері: «Ақан сері-Ақтоқты» – Ақтоқтының анасы, «Құдалық» – Құдағи, «Пай-пай жас жұбайлар-ай» – Ләззәт, «Мұрагерлер» – Салиқа, «Ғасырдан да ұзақ күн» – Найман-Ана, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» – Мақпал, «Ақнұр» – Салиха, «Үйлену» – Фекла Ивановна, «Махамбет» – Ана, «Ай тұтылған түн» – Таңқабике, «Қар көшкіні» – Бәйбіше, «Анамның ақ көйлегі» – Ана, «Тіл табысқандар» – Болдуқан, «Тыныштық күзетшісі» – Қадиша, «Тағдыр» – Кәмилә Айханова, «Мазар» – Қорлығайын, «Люстра» – Флюра, «Апалы-сіңлілі үшеу» – Анфиса, «Ричард III» – Герцогиня Иоркская. Былайша айтқанда, қазақ өнерінде кез келген сахна аруларына арман болған кейіпкердің бәрін сомдады.
Мұндайда хас шеберлердің хақ бағасына жүгінген де мерей өсіреді. Асанәлі Әшімов, КСРО халық әртісі: «Әуезовтен бастап, Шекспир шығармаларына дейін бара алатын сирек актрисалардың бірі осы Жібек. Жібектерді мен Сәбира апай мектебінің жалғасы деп түсінемін».
Рубен Андриасян, Қазақстанның халық әртісі, Лермонтов атындағы орыс драма театрының көркемдік жетекшісі: «Мен Жібекті Қаракөзді ойнаған кезінен бастап білемін. «Қонақүйдің қожасындағы» Мирондоминосы тіпті ғажап. Ойнақы, жігерлі, сүйкімді, оның үстіне Жібектің пластикасы қандай. Драманы да, трагедияны да, комедияны да ойнай алатын өресі биік актриса!».
Актриса Жібек Бағысованың өнер жолы ғана емес, өмір жолы да кейінгі жастарға өнеге. Ақжарқын, кеңпейіл азамат Бұрхан ағамыз осы бір періште пейіл, тұла бойы ізгілікке толы Жібек арудың қабағына кірбің түсірмей келеді. «Екі жақсы қосылса, тең болады айменен» демекші, шырайлы шаңырақта төрт бала тәрбиеленіп, немерелер күлкісі күмбірлейді. Бәрінен бұрын оның «Көкше театрының анасы» деген абыройлы атағы бар.

Бақберген АМАЛБЕКОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар