Кездескен жерде «мал-жан аман ба?» деп алдымен малды ауызға алатын қазақ үшін төрт түлік мал жесе тамақ, ішсе сусын, кисе киім, мінсе көлік болған. Яғни, төрт түлікке байланған қазақ тұрмысын малсыз көз алдыңа елестету қиын. Ол кезде малдың өзі де, еті мен терісі, сүті де түгел кәдеге асырылатын. Келмеске кеткен кешегі кеңес заманының өзінде мал терісі мен жүні, тіпті сүйегіне дейін пайдаланылды. Ал, қазіргі ақша билеген нарық заманында қойдың жүні, малдың терісі мүлдем қажетсіз зат болып қалды. Ешкімге керегі жоқ қой жүні мен терісін ауыл тұрғындары қоқысқа тастап жатыр.
90-шы жылдардағы баспа-бас айырбас белең алған кезде күрт азайып кеткен мал басы соңғы жылдарда ақырындап өсіп келеді. Ауыл тұрғындарының көбі бірлі-жарым болса да қой-сиыр ұстайды, малмен айналысатын шаруа қожалықтары және ірі шаруашылықтар да бар. Дегенмен, қазір жұрт малды тек еті мен сүті үшін ғана ұстайды. Терісі мен жүні мүлдем дерлік пайдаланылмайды. Осы арада мынадай сауал көкейге оралады: «ау, күні малға қарап қалған ертедегі қазақ қоғамын айтпай-ақ, кешегі кеңес дәуірінде де малдың терісі мен жүні далаға тасталмай, пайдаға асырылатын еді ғой, қазір неге ол қажетсіз болып қалды?»
Ақмола облысындағы мал шаруашылығы біршама дамыған өңірлердің бірі саналатын Ерейментау ауданында қазіргі күні жеке меншікті қосқанда 45,5 мың бас ірі қара, 23,2 мың жылқы және 97 мыңнан астам қой бар екен. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Гүлнәр Жүнісованың айтуынша, қой жүні мүлдем дерлік кәдеге асырылмайды. Яғни, қой жүні түгел қоқысқа кетіп жатыр. Осы аудандағы жеті жүзге тарта қой өсіретін шаруа қожалығының басшысы Қосман Әлдібеков керексіз қой жүнін отқа жағамын дегенді айтты. Қорғалжын аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дінмұхамед Байысов ауыл арасында қоқысқа тасталған мал терілерін жиі кездестіремін дейді. Осындай жайларды естігенде «қор болған қайран қойдың жүні мен терісі-ай» деп қынжыласың.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бөлімінің басшысы Бекболат Елбергеновтың айтуынша, қой жүнін кәдеге асыратын облыстағы жалғыз кәсіпорын – Көкшетаудағы «Вой-лочная фабрика» ЖШС-і екен. Қыста киетін әйелдер мен ерлердің ұйығы (пима) мен киіз үйлердің киіз жасаулары сияқты өнім шығаратын серіктестіктің өндірістік қуаты оншалықты жоғары емес. Мұнда қазіргі күні 60 адам еңбек етеді. Негізгі шикізат – қой жүні. Серіктестік басшысы Отто Ландистің айтуынша, шикізат тұрғындардан сатып алынады. Көбінесе ақшаға емес, өндірілген өнімге, яғни ұйық, киіз үй жасаулары, басқа да киізден жасалған бұйымдарды жүнге айырбастайды.
Шикізаттан еш тапшылық жоқ. Өндіріс көлемін ұлғайтуға әзірге мүмкіндік болмай тұр дейді серіктестік басшысы қынжылып. Өйткені, ұйықты тек солтүстік аймақтардың тұрғындары, оның ішінде егде адамдар ғана пайдаланады. Кәсіпорын заман талабына сай қысқа қонышты, резеңке табанды түрлі формадағы ұйықтар шығаруда. Десе де, шет елдік синтетикалық бұйымдардан жасалған аяқ киімді артық санайтын жас-тар жағы ұйықты қажет етпейтін секілді.
Қой жүнінен жасалатын бұрынғы қазақтар, кейінірек кеңес заманындағы ауыл тұрғындары тұтынып келген алаша, кілем, текемет сияқты бұйымдар да бүгінде қажетсіз болып қалды. Осыған орай, қазақтардың арасындағы киізден жасалатын қолөнер бұйымдарын жасау өнері де келмеске кетіп барады. «Тоғыз қабат торқадан, тоқтышақтың терісі артық» дейтін, қандай суықта да денеңді қыз-қыз қайнатып тұратын тері тондар мен күртелердің сәннен қалғаны қашан. Қазір үлкендер де, жастар да, балалар да қытайдың пуховигін киеді. Ол арзан, әрі жеңіл. Ал, денсаулыққа қаншалықты пайдалы – ол жағын ойлап бас ауыртып жатқан ешкім жоқ.
Осылайша біз қолдағы бар бағалы шикізатымызды пайдалана алмай, қоқысқа тастап жатқанымызда, қой жүні мен терісін пайдаланып, күреп табыс тауып жатқан елдер де бар. Мәселен, Австралияда қой басы 50 миллионға жетіпті. Ал алақандай Англияда 10 миллион қой бағылады. Бұл елдер қойдың етін ғана емес, негізінен жүнін пайдаланудың арқасында қыруар пайда табуда.
Мемлекет басшысының биылғы жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын» – деп атқарушы биліктің алдына нақты тапсырма қойған болатын. Экспортқа шығарылатын өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 2,5 есеге арттыру мәселесін бүгінде қоқысқа лақтырылып жатқан қой жүні мен терісін өңдеу арқылы шешуге біршама жағдай жасалар еді.
Елімізде жайылым да, шабындық та жетеді. Қой, оның ішінде биязы жүнді қой тұқымын мыңғыртып өсіріп, тоқыма мата өндірісін жолға қоюға, сол арқылы мол табыс табуға қажетті мүмкіндіктің бәрі бар. Тек осы бір ақсап қалған саланы көтеруге қаржы қарастырылып, жеткілікті көңіл бөлінсе, Елбасы тапсырмасын орындауға да, тоқырап қалған саланы дамытуға да мүмкіндік ашылар еді.