Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көжесі бал татыған әжелер-ай! - АРҚА АЖАРЫ

Көжесі бал татыған әжелер-ай!

Наурыз – халқымыз ұлы күнге балаған, жыл басына санаған жасампаз бірлік пен береке мейрамы. Мереке жақындаған сайын көңіл де толқи түскен. Себебі, қазақтың қызы болғаннан кейін біз үшін бұл мерекенің мән-маңызы өте зор. Әсіресе, Наурыз десе көз алдымда қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер маңында қара қазандары сарқ-сұрқ қайнаған, астау-астау ет, бал дәмді бауырсақтар пісіріп жүрген әжемнің бейнесі көлбеңдей береді.

Көктемнің қытымыр суығына, өңмеңінен өтетін өкпек желіне қарамастан, ән ырғағымен жарасымды билеген әпкелерімізді көріп, тәнті болушы едік. Ауыл балалары жарысып асық ойнап, салтанатқа сән беріп, спорттық ойындардың түр-түрі думан көрігін қыздыратын. Солардың арасында асыр салып жүгірген ойын баласы біздерді әжем дауыстап шақырып, ып-ыстық бауырсағын ұсынып, Наурыз көжеден, ақтан ауыз тигізетін. Әжем баппен пісірген Наурыз көженің бал дәмі-ай, шіркін!..
Қазақтың дастарқанынан Наурыз көже табылады. Бұл тағамның жеті түрлі дәмнен әзірленетінін бәріміз жақсы білеміз. Алайда, көжені әркім әрқалай пісіреді. Дәмге қосатын дәнді дақылдарды да әркім өз қалауымен салады: бірі бидай, бірі арпа салып жатса, енді біреулер жүгері, күріш, қарақұмық қосады, әйтеуір талғамымен таңдандырып, дәмді етіп әзірлейді. Кейбір жеңгелеріміз құртты езіп, малта салса, енді бірі айран, қатық құяды. Сондықтан болар, әр үйдің Наурыз көжесі бір-біріне ұқсамайды. Осыны алға тартып, біз де мереке қарсаңында көпті көрген, тірліктегі тәжірибесі мол әжелерді сөзге тартып, Наурыз көжені дайындау әдісімен бөлісулерін өтіндік.
Басынан ақ жаулығы түспейтін, сөзінен парасат пайымы сезілетін, иманы жүзінен мейірім боп төгілетін Рауза Бәйкенова апамыздың есімі елге етене таныс. Рауза апа Ақмола облыстық мұсылман әйелдер лигасына жиырма бес жыл жетекшілік еткен.
– Мен ата-әжемнің бауырында өскен едім. Содан болар, қазақы тәрбие қаныма сіңген. «Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!» дегенді үлкендерден жиі еститінмін. Мен көжені пісіруді әжемнен үйренгем. Облыстық мұсылман әйелдер лигасына жетекшілік еткен жылдары біздің үйде бірнеше әже қосылып көже қайнатып, оны Наурыз думанын тойлауға орталыққа жиналған қауымға үлестіретінбіз. Негізі, құрамына жеті өнімнен де көп тағам қосуға болады. Алдымен сүр етті пісіреміз. Басқа ыдысқа сорпаға қосатын жармаларды бөлек-бөлек пісіріп аламыз. Жармалардың әртүрінен қосамыз. Мысалы күріш, тары, арпа, қарақұмық, кейде бұршақ та қосамын. Содан кейін сүр етті, өрікті ұсақтап турап, мейіз бен жармаларды бірге барлығын ет піскен сорпаға құртты езіп араластырамыз. Көже дайын болғаннан кейін қаймақ қосамыз. Жалпы, әрбір адамның өзіндік дайындау тәсілі болады. Өз білгеніммен бөлісіп жатырмын. Ондағы ойым өскелең ұрпақ ой түйсін, үйренсін дегенім ғой, – дейді апа.
Ал, Бурабай ауданына қарасты Наурызбай батыр ауылында тұратын Бақыт Жаныбайқызы.
– Мен Наурыз көжені пісіруді анамнан үйренгем. Май сақтаған қарынды тазалап жуып, көженің түбіне салатын. Бұл ежелден келе жатқан көне әдіс. Қарынға тұз әбден сіңгендіктен де көжеге ерекше дәм береді. Сонымен қатар, анам соғымнан Наурыз көжеге деп бөлек ет сақтайтын. Себебі, сүрленген ет Наурыз көженің дәмін тіл үйірердей ететінін айтып отыратын. Ақсыз Наурыз көже болған ба, міндетті түрде айран құямын. Көженің татымына қарай тұз саламын. Соңғы кездері тары қосып жүрмін. Наурыз көжем
дәмді болып шығады,– дейді Бақыт апа.
Ал, Көкшетау қаласының тұрғыны, он баланың анасы Светлана Қадырханқызы өз ойын былайша сабақтады.
– Мен Оралда дүниеге келгенмін. Батыста Нау-рыз көжені дайындағанда жылқының ысталған жалын дәкеге түйіп қайнататын. Бұл әдіспен дайындалған көженің дәмі тіпті ерекше болады. Бір айта кетерлігі, жылқының жалын адыраспанмен, әртүрлі тау шөптерімен ыстайды. Сондықтан да, мұндай көженің емдік әсері бар, пайдасы өте зор. Ал, көженің құрамына келетін болсақ, оған арпа, айран, сүзбе, мейіз, бидай, күріш, тұз қосамын,– дейді әже.
Наурыз бірліктің, татулықтың, ізгіліктің мейрамы. Қаһарлы қыстың көбесі сөгіліп, тіршілік атаулыға жан бітіп, ұйқыдан оянып, жадырап, жасарып, жаңарып, күллі табиғат әлемі көгеріп, көктейтін шақ. Қыстың қыспағынан құтылып, халқымыздың арқа-жарқа болып, тойлайтын ұлық мереке құтты болсын, ағайын! Наурыз көжесі бал татыған әжелеріміз аман болсын әманда!

Ұлмекен Шаменова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар