Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қымыз сапыратын «Қымызынай» деген ауыл бар - АРҚА АЖАРЫ

Қымыз сапыратын «Қымызынай» деген ауыл бар

Көркем Бурабайдың күн көтерілер тұсында «Қымызынай» дейтін ауыл бар. Мұнда өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап қымыз бен шұбат өндіріледі. Осынау игі дәстүр бүгінгі күні де жалғасын тауып отыр. Өйткені, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқанындай, «Қанша жыл өтсе де, бұл еңбек мектебін ұмыту мүмкін емес».

Сондықтан, ауыл қиын-қыстау кезеңдердің өзінде ұлттық болмысымызға тән кәсібімізден қол үзе қойған жоқ. Табандылықпен күресе білді десек жарасады. Әсіресе, «Қымызынай» мал шаруашылығы кешені «Астана-Өнім» акционерлік қоғамының құрамына кіргелі бері іс оңға басуда. Сол 2008 жылдан бастап қысы қытымыр солтүстік өңірге Маңғыстау, Жамбыл облыстарынан түйелер әкелініп, олар тез арада жерсініп кеткен.
Қазір малдың бәрі Жайнақ көлі маңындағы жайлауға шығаруға дайындалуда. «Бурабай Даму» ЖШС басшысы Ғалымжан Әбдіхалықовтың айтуынша, бүгінгі күні бағымдарында 65 түйе, 442 жылқы және 417 бас ұсақ мал бар екен. Бұлардың ішінен 8 үйір бие, 2 үйір түйе және 20 бас ешкі сауылады екен. Бал қымыз халықтық әдіспен өңделеді. Механикалық күбілер тобылғы, қайың және табиғи шөптермен ысталып, дайындалған өнімдер сапалылығымен құнды.
Түлік санының өсуі өнім көлемін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Былтырғы жылы Қымызынай кешенінен 60 тонна қымыз, 10 тонна шұбат дайындалған. Арнайы сертификаттағы өнімдер Бурабай курорттары мен шипажайларына, Астана қаласы тұрғындарының ақ дастарханына жеткізілуде.
Әсем безендірілген көрсеткіш тақтаға көз салған кісі кешен басшылыққа алатын 21 бағыттың барлығында да елеулі өсім барлығына риза болатыны хақ. Шаруашылықтың мал басын өз төлі есебінен көбейту жолындағы еңбегі мақтауға тұрарлық. Мәселен, биыл 181 құлыншақ құлдыраңдап шауып жүр. Бота саны да былтырғыдан артық. Оның үстіне «Қымызынайдың» отары өткен жылмен салыстырғанда 30 қозы және 23 лақпен толыққан.
Біз цифрлардан қаншама қашқақтағанымызбен, өз арбасын өзі сүйреп, өлең тіршілік құрып отырған 70 түтіндік ауылдың жетістіктерін бөлектеп көрсетуге құлықтымыз. Қазақы ауыл артық сөйлеп, мақтан сұраудан аулақ. Әйткенмен, мынаны айтпасқа болмайтындай. «Қымызынай» шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтін 54 адамның (әр үйден бір кісі) орташа айлық жалақысы 101 мың теңгені құрап отыр. Бөлімше басқарушысы Талғат Мұқановтың іскерлік қабілетінің арқасында өндіріс аумағын кеңіту шаралары қарастырылып жатқанын білдік. Ұжым «Қазақстанның үздік тауары» көрмесінің Алғыс хатымен, басқа да марапаттармен аталып өткен.
Өнім жыл бойы дайындалатындықтан, төрт түліктің өріске шығарылуын пайдаланған ұжым қолдағы бес қораны сылап-сырлап, механикалық жабдықтар мен қондырғыларды тап-тұйнақтай тәртіпке келтіруге кірісіп жатыр. Болашағы айқын, бағдары берік шаруашылық өндірісті әртараптандыру қадамдарын жалғастыра беру ниетінде. Күнмен бірге оянатын «Қымызынайдың» келешегі кемел екендігін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Ырыс-берекеміздің басы, ізгі үміттеріміздің шамы саналатын Наурызда айтылатын ұлан-ғайыр тілек «Ақ мол болсын!» деген терең мағыналы сөздермен қуатталады. Бұл орайда, қымыз бен шұбат дайындауда ұлттық бренд қатарын молайтқан Қымызынай ауылының мәртебесі биіктей берсін деген тілек те ауызға ілінеді.

Бақберген Амалбеков.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар