Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы «Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыртуды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қаулысының негізінде еліміздің барлық өңірлерінде жылына екі рет ер-азаматтарды әскерге шақырту науқаны жүргізіледі.
Биылғы жылы наурыз және сәуір айлары аралығында жүргізілетін аталған науқан шеңберінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің «Айбын» және «Батыр» Президенттік полктерінде әскери борышын өтеуге ниетті үміткерлерді іріктеу жұмыстары басталды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі ҚР ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету күштеріне жататын, еліміздегі күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнаулы мемлекеттік орган болғандықтан, қызметтің бұл құрылымдық бөліністеріне іріктеу басымдылықпен, әрі қатаң талаптарға сай жүргізіледі.
Жедел әскери қызметке шақырту науқаны және оған дайындық процесі үзіліссіз жүргізілетін шара. Шақырту учаскелеріне бекітілген сәттен бастап, әскерге шақырылуға дейінгі мерзімде ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері мен әскери қызметшілері жергілікті басқару органдарымен бірлесе отырып, әскерге шақыртуға жататын қазақстандықтардың арасында жүйелі түрде тексеру мен зерттеу шараларын жүргізеді.
ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің офицерлері облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттерге барып, талап бойынша бойы 180 сантиметрден кем емес әскерге шақырылушының оқу және қызмет орындарынан мінездемелерін, араласу ортасын, бейімділігі мен қызығушылықтарын анықтап, оның психологиялық бет-бейнесімен қатар, медициналық көрсеткіштерін зерделейді. Іріктеу барысында бекітілген ереже-талаптарға сәйкес ең бастысы Отанға деген шексіз адалдығымен, шыншылдығымен, оқыс жағдайларда нақты шешім қабылдай білу қабілетімен, төзімділігі әрі зеректігімен ерекшеленген бозбалаларға басымдылық берілетіні сөзсіз. Сондай-ақ, спорт және өзге де салалардағы елеулі жетістіктері ескеріледі.
Президенттік полк қатарында әскери борышын өтеуге ниет білдірген ер-азаматтарды іріктеу барысында олардың білімі, яғни, интеллектуалдық деңгейіне басты назар аударылады. Елбасы өзінің биылғы жылғы Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында атап өткен негізгі бағыттардың ішінде адами капитал – жаңғыру негізі екенін атап көрсеткен болатын. Болашақ сарбаздың бойындағы қарым-қабілеті, білімі мен біліктілігі әскери қызметті мінсіз атқарудағы негізгі факторлардың бірі болатындығы сөзсіз. Президенттік полк сарбаздарының бағыт-бағдары осылайша Жолдауда атап көрсетілген «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ, заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» деген жолдарымен айқындала түседі.
Жылдан-жылға ҚР МКҚ қызметкерлері бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жетілдіруде. Мысалы, 2017 жылғы әскерге шақырту комиссиясының жұмыс нәтижесінде 295 жас сарбаздың 255-інің арнайы орта және жоғары білімі болды. Салыстырмалы түрде 2016 жылы лайықты білімі бар үміткерлердің саны 195 адамды құраған болатын. Бұл дегеніміз, әскери қызметті сапалы атқару, әрі қызмет сатысымен жоғарылаудағы өте маңызды фактор. Осы орайда, Мемлекеттік күзет қызметінің даму үрдісіндегі басымдылықтардың бірі – ол сапалы кадрлық құрамды жасақтау екендігін айта кеткен жөн. Жеке құрамды жасақтау әскери дайындықтан өтіп, әбден төселген, келісім-шарт негізінде қызмет етіп жүрген әскери қызметшілердің қатарынан іріктеу негізінде жүргізіледі. Яғни, әскери мамандықты таңдаған кешегі сарбаз қызмет бабы бойынша жоғары сатыларға көтерілуге толық мүмкіндік алады.
Шақырту комиссиясының тиісті барлық іс-шараларынан кейін еліміздің әр өңірінен арнайы іріктеуден өткен бозбалалар тереңдетілген медициналық тексеріске және психологиялық тестілеуге жіберіледі. Одан кейін барып, мандаттық комиссияның қорытындысы бойынша ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қатарына қосу жөнінде шешім қабылданады. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі әрдайым қызмет басшылығының жіті назарында. Сайдың тасындай іріктелініп алынған жас сарбаздар әскери бөлімшелерге келген бетте жаңа әрі ыңғайлы үлгілі киіммен, өзге де қажеттіліктермен жабдықталады. Мәселен, заманауи казармалық ғимараттар, күнделікті қажеттіліктерді өтейтін арнайы бөлмелер, монша мен кір жуу кешені, жеке тәрбие жүргізу, ойын-сауық бөлмелері де қарастырылған. Сондай-ақ, жаңа толықтыруды қабылдауға арналған бекеттер ескерілген. Оның құрамындағы қызметтің білікті де білімді офицерлері жас сарбаздарға жаңа ортаға бейімделуде көмек көрсетіп, әскери кәсіптің қыр-сырын меңгеруде бағыт-бағдар береді.
Ант қабылдау рәсімінен кейін жас сарбаздар
ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Алматы және Астана қалаларында орналасқан әскери бөлімшелеріне жіберіледі. Бұл жерде оларға аса маңызды тапсырма – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті және өзге де күзетілетін лауазымды адамдар мен нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктеледі. Ресми сапармен Қазақстанға келген мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін салтанатты іс-шараларға қатысып, Мемлекеттік Ту мен Елтаңба эталондарын күзетеді.
Осындай жауапты қызметті мінсіз атқару үшін әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындығына да үлкен көңіл бөлінеді. Дайындық барысында жас сарбаздар парашюттен секіру, әртүрлі жағдайда, соның ішінде суда әскери техниканы тізгіндеуді үйреніп, тағы да басқа көптеген әскери жаттығуларды меңгереді. Айта кетерлігі, спорттық жетістіктері бар жас сарбаздар түрлі деңгейдегі, соның ішінде әлемдік ареналарда өтетін жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады.
ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің тағы да бірден-бір ерекшелігі – жас сарбаздар әскери борышын Құрметті қарауыл ротасында өтеу мүмкіндігі. Елімізде тек осы құрылымға ғана Мемлекеттік рәсімдерді атқару жүктелген. Бозбалалардың көбісі әскери қызметтерін дәл осы Құрметті қарауыл ротасында өтеуді армандайтыны жасырын емес. Себебі, «Айбын» және «Батыр» Президенттік полктерінде сарбаздардың бойында өз-өзіне деген сенімділік ұялайды. Сондай-ақ, әскерде қалыптасқан мінсіз дене бітімі, тұла бойындағы күш-қайрат сарбаздардың абыройын асқақтатады. Әрқайсысына жеке тігілетін арнайы киім үлгісі де олардың көркін одан әрі келтіріп, баршаны таңдай қақтырып, қызығушылықты арттыратыны сөзсіз.
Әскердегі қызмет кешегі бозбалалардан халқына адал айбынды ер-азаматтарды тәрбиелеп шығарады. Әскери тұрмыс олардың өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, болашаққа бағыт-бағдар беретін, тәлімі мен тәрбиесі мол орта. Олар батылдық пен жігерлілік, қажыр-қайрат, ерлік пен елдік, ең бастысы, халқы мен Елбасына деген адалдық сияқты қасиеттерді бойына жинаған еліміздің қорғаны – айбынды сарбаздарымыз. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің бет-бейнесі!
P.S. ҚР Мемлекеттік күзет қызметі туралы толық ақпарат ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің ресми сайтында http://www.sgork.gov.kz.
ҚР МКҚ ведомстволық «Ақберен» журналынан (эл.нұсқасы сайтта орналасқан), Facebook, Instagram:@sgo.rk. әлеуметтік желілерінен де алуға болады.