Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жас ұрпақты интернеттің зардабынан қорғайықшы!.. - АРҚА АЖАРЫ

Жас ұрпақты интернеттің зардабынан қорғайықшы!..

«Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында бейнеконференция түрінде «Балаларды олардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау – мемлекеттің өзекті проблемасы» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.

Дөңгелек үстелге мемлекеттік органдардың басшылары, Парламент депутаттары, құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформасы комитетінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы жанындағы құқықтық кеңестің төрағасы Нұрлан Әбдіров жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі мәселе кейінгі кезде қоғамымызды жиі мазалауда. Интернеттегі қаптап кеткен түрлі ақпараттар жастар мен балалардың жан дүниесіне кері әсер етіп, тәрбие мәселесінде біраз өзекті проблемаларды туындатып отырған жайы бар. Елімізде жастар саясатының ұлттық моделі әлі де жетілдіруді талап етеді. 2016 жылы Елбасының Жарлығымен балалар құқықтары жөніндегі уәкіл институтының енгізілуі тегін емес. Әлеуметтік желілердегі қатыгездік, анайылық, басқа да жат әрекеттер белгілі бір дәрежеде жас ұрпақтың санасын улап, оларды бұрын-соңды кездеспеген әртүрлі жағдайларға итермелейтіні қоғамда барған сайын ашық көрініс тауып келе жатқанын жасыруымызға болмайды. Сондықтан, біз өз еліміздің ақпараттық кеңістігін қалыптастыруымыз және оны өзге күштердің ықпалынан қорғай білуіміз керек. Дөңгелек үстел модераторы Нұрлан Әбдіров осы жөнінде айта келе, Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бүгінгі жай-жапсары туралы алғашқы сөзді Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаевқа берді.
Бұл жалғыз балалардың ғана емес, үлкендердің де проблемасы екендігін алға тартқан шешен өз сөзінде министрліктің осы бағытта қолға алып жатқан жұмыстарын ортаға салды. Бүгінгі таңда электронды ақпарат құралдарында жас ұрпаққа адамгершілік тәрбие беретін бірнеше хабарлар циклы қолға алынып, осы мәселені шешудің басқа да жолдары қарастырылуда. Дегенмен, қоғамда соңғы жылдары интернетке тәуелділік бел алып кеткендігін мойындау керек. Қазіргі істің сыңайына қарағанда, екінші бір паралельді дүниеде өмір сүріп жатқанымыздай әсер туындайды. Осы орайда, мәселеге жете көңіл бөліп, ұлттық құндылықтарды насихаттауды, сөйтіп, ұрпақ тәрбиесін бірінші кезекке қоюды мықтап қолға алмаса болмайды. Теледидарда, әлеуметтік желілерде жастар мен балаларды үлкенді сыйлауға, басқа да ізгі қасиеттерге үндейтін түрлі роликтер көрініс тауып жатқанымен, оларды интернеттегі кереғар материалдар басып кетіп отыр. Өз сөзінде осыны мойындаған вице-министр дұрыс ақпараттық орта қалыптастырып, жастарға тәлімді тәрбие бере алатын тетіктерді іске қосуда жалғыз министрлік емес, бүкіл қоғам болып бірлесе тегеуірінділік таныту керектігін де айналып өтпеді.
Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі институтының өкілі Аяш Мәкенова осы мәселеге терең бойлауымен дөңгелек үстелге қатысушылардың көңілінен шықты деген ойдамыз. Оның сөзі атқарылып жатқан істерді тізбектеуден гөрі, жағдайды оңға бұру тұрғысында нақты мәселелер көтерумен есте қалды. Шешен әлі күнге елімізде «Балаларды қорғау туралы» заңның жоқтығын алға тарта сөйлеуінің жаны бар. Бұл заң бүгінде қоғамымызда жетіспей отырған бала құқығын қамтамасыз етудің тиімді тетігінің болуына мүмкіндік берер еді. Бірақ, заң қабылданбағандықтан, осы мәселелердің бәрі шашыраңқы күйде қарастырылумен келеді. Сондай-ақ, елімізге отбасы, жастар, балаларды қорғау мәселелерінің бәрін бір жерден үйлестіретін бірыңғай мемлекеттік орган керек. Мұнымен бірге, балалардың денсаулығы мен дамуын көлденең, жат ақпараттардан қорғау жекелеген, арнайы Ұлттық жоспарсыз да мүмкін емес. Өткен жылы республикамызда кәмелетке толмағандар арасында 114 суицид, яғни, балалардың өз-өздеріне қол салу оқиғасы орын алса, оның 74 пайызы белгілі бір дәрежеде әлеуметтік желілердегі жас ұрпақты психологиялық жағынан ауыр зардаптарға душар ететін «Синий кит» сияқты ойындардың ықпалынан өрбіген. Сондықтан, интернеттегі мұндай виртуальды ойындарға тыйым салу – бірінші кезектегі мемлекеттік мәселе. Өкінішке орай, бізде сағаттап ұялы телефонға телміретін баланың не істеп, не қойып жатқанымен алдымен ата-аналардың, сосын қоғамның да ісі жоқ.
Мәжіліс депутаты, «Балаларды қорғау туралы» заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Бекболат Тілеухан өз сөзінде бүгінге дейін мұндай заңның кешегі посткеңестік елдердің біразында қабылданғанын мәлімдеді. Көршілес өзбек ағайындар да ондай заңды былтыр қабылдап үлгеріпті. Ал, бізде неге жоқ? Мұны депутат қоғамда мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарынан болсын, бұл заңға жеткілікті көңіл бөлінбей отырғандығымен түсіндірді. Қазір заң Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданған. Заң жобасы сапалы болып шығатын болса, әрі кешіктірілмей қабылданса, онда балалардың басқа мәселелерімен қатар, оларды осы келеңсіз ақпараттардан қорғау жағы да біршама шешімін табар еді.
Депутаттар осы тұрғыда, Қылмыстық істер кодексіндегі аталған мәселеге қатысты бірқатар баптарды күшейту жөнінде өз ұсыныстарын білдірген екен. Алайда, дөңгелек үстелде сөз алған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұхаран Әміров Кодексте осыған қатысты баптар бұрыннан қарастырылуына байланыс-
ты, депутаттардың бұл білдіріп отырған ұсыныстары ыңғайға келмейтінін ашып айтты.
Басқа сөйлегендердің сөздері, аймақтардан қойылған сауалдар да балаларды олардың өміріне, денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттардан қорғау бүкіл еліміз, қоғам үшін бүгінгі таңда ең бір өткір тұрған мәселе екендігін айғақтап берді. Жыл сайын құқық қорғау органдары өткізетін түнгі рейдтерде балалар жүруге болмайтын орындарда орта есеппен 50 мың бала ұсталады екен. Ал, бұл рейдтермен қамтылмай, өз беттерімен әр жерде жүретіндері қаншама. Бір жағынан, мұндай еркін кетушілікті де түсінуге болады. Баяғы балаларды спортқа, пайдалы істерге жұмылдыратын аула клубтары, әскери-патриоттық клубтар мен үйірмелер жоқ. Бар болса, тым аз. Осы күнгі ұл-қыздарды не қызықтырады? Ол жағы да зерттелмейді. Көршілес Ресейде мемлекеттік деңгейде қабылданған «Балаларға арналған қауіпсіз интернет» бағдарламасы бар. Бізде ондай бағдарламалар неге ойластырылмайды?! Тым болмаса, неге «Ата-анаға 20 кеңес» деген сияқты жадынамалар шығарылып, әлеуметтік желілер арқылы таратылмайды?
Дөңгелек үстелде дискуссия қызған сайын балалардың біз білетін, білмейтін өткір мәселелері де көбейе берді. Жер-жерден қойылған сауалдарға қоса, Ақмола облысынан да екі сауал қойылды. Оның бірін облыстық «Акмолинская правда» газетінің тілшісі Нина Митчинова қойып, осы күндері Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы өз мектептестерінен зорлық-зомбылыққа ұшыраған бала мен оның ата-анасын кейбір телеарналардың ашық көрсетуін заңға қайшылыққа балады. Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев баланың алдағы өміріне қауіп төнбеуі тұрғысынан мұны қолдап, егер шынымен солай болса, ол телеарналарға тиісті шара қолданылатынын мәлімдеді. Ал, «Психологиялық мәдениетті дамыту және қолдау» қоғамдық қорының төрайымы Ирина Терентьева «балаларды жаңсақ қадамдардан сақтандыру, дұрыс жолға салу ісіне бұрынғы Кеңес одағы кезіндегідей мектептердегі педагогикалық отрядтарды неге тартпасқа?» деген ұсынысын ортаға салып, ол дөңгелек үстелге қатысушылар тарапынан қолдау тапты.
Бүгінгі іс-шарада көтерілген мәселелердің шешімін әрине, уақыт көрсетеді. Әзірше осы дөңгелек үстелден көңілге қонғаны, оны жүргізіп отырған Нұрлан Әбдіровтың атап көрсеткеніндей, барлық материалдардың қойылған сауалдар мен оған берілген жауаптарға қоса, жеке жинақ болып шығатындығы және аймақтарға таратылып берілетіндігі.
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында бейне конференцияны қорытындылаған филиал төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов Наурыз мейрамынан кейін балалар мәселесіне қатысты дәл осындай жиын біздің аймақта да өтетінін атап көрсетті.
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар