Филология – жаңа гуманитарлық білімнің дамуына үлес қосады

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің мәжіліс залында филология ғылымдарының докторы, профессор Оғаз Сұлтанияевтың туғанына 80 жыл толуына және Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-да филологиялық білім берудің 55 жылдығына арналған «Филология жаңа гуманитарлық білім қалыптастыру жолында» атты VІ Халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

Конференцияның негізгі мақсаты – қазақстандық ғылымда өзіндік орны бар, шоқтығы биік тұлғалардың бірі – ғалым Оғаз Арыстанғалиұлының өмір жолы мен мәнді мұраларын және ғылыми еңбектерін оқырман қауымға таныстыру.
Сондай-ақ, қазақстандық және шетелдік ғалым-филологтарды Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының нәтижелері бойынша қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеялары негізіндегі филологиялық ғылымның даму мәселелерін талқылауға шақырады. Түлектердің оқытушыларына деген алғыс сезімін қалыптастыру, студенттік өмір дәстүрлерін сақтау, білім алудың құнды тәжірибесін жаңа буынға тапсырып, мектеп пен жоғары оқу орындарында тиімді ынтымақтастыққа біріктіру жолын жалғастыру өскелең ұрпақ үшін тиімді.
Конференцияны университет ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров құттықтау сөзбен ашып, одан әрі облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова облыс әкімінің құттықтау хатын оқып, сәттілік тіледі. Сонымен қатар, ғылыми шараға арнайы келген белгілі жазушы-драматург Роллан Сейсенбаев, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов, облыстық білім басқармасының басшысы Талғат Жүнісовтер сөз кезегін алып, өз құттықтауларын жеткізді.
Жалпы, филология – жаңа гуманитарлық білімнің дамуына ерекше үлес қосуға, қоғамдық сананың жаңғыру үдерісінің қозғаушы векторы болып, ұлттық мәдениеттің, ұлттық сананың, ұлттық рухтың сақталуы үшін іргетасын қалауға міндетті гуманитарлық ғылымдардың бірі.
Конференция барысында Оғаз Арыстанғалиұлын әріптестері мен шәкірттері жылы лебізбен еске алып, ғалым туралы толғамды естеліктер айтты. Сондай-ақ, жан-жақты талдауға толы ғылыми баяндамалар оқылды.
О.Сұлтанияев 43 жыл абыройлы еңбек етіп, қатардағы оқытушыдан оқу орнының жетекшілерінің біріне дейінгі жолдан өтті. Филология факультетінің деканы, аға ғылыми қызметкері, ғылыми жұмыс жөніндегі проректор қызметтерін атқарған. Соңғы он жылда жалпы тіл білімі кафедрасын басқарды. Профессор Сұлтанияевтың ғылыми және педагогикалық қызығушылығының аясы өте кең. Ол – туған өлкенің ономастикасы, қазақ және орыс тілін оқыту әдістемесі мен мәселелері, сөз мәдениеті. Оның зерттеу қызметінде қазақ ғалымы, тарихшы, этнограф, лингвист Шоқан Уәлихановтың мұрасы ерекше орын алды.
Оғаз Арыстанғалиұлы – Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, КСРО ағарту ісінің үздігі. «Ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының ғалымдары мен мамандарына арналған Мемлекеттік ғылыми стипендиясының», бірнеше медальдардың иегері, «Білім» бүкілодақтық қоғамының Көкшетау облыстық мекемесі басқармасының төрағасы, диссертациялық кеңестің және сарапшы кеңесінің, Көкшетау қаласының ономастика және тіл саясаты жөніндегі комиссияның мүшесі болған адам.
Университетте ғалымды еске алуға арналған «Шұрайлы сөздің шебері» атты дәстүрлі Халықаралық конферециялары өткізіліп тұрады. 2010 жылы көрнекті ғалым мен педагогтың ізбасарлары еңбек етіп жүрген орыс филология кафедрасы жанында О.Сұлтанияев атындағы ғылыми оқу залы ашылды. Ол кісі дүние салғаннан кейін орыс филологиясы кафедрасына туыстарының тапсыруымен профессордың жеке кітапханасы ашылды. Ал, 2012 жылғы ақпанда О.А.Сұлтанияевты еске алуға арналған «Мұғалімнің ісін жалғастыра отырып…» атты дөңгелек үстел өткізілді. Профессор О.А.Сұлтанияевтың ұмытылмас бейнесі оны тәрбиелеп өсірген дәуір мен мәдениеттің ең жақсы қасиеттерін айқындайды.
Конференцияға қатысушылар университет мұражайына танымдық-мәдени саяхат жасады. Ғылыми конференцияға еліміздің белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, тіл мамандары мен әдебиеттанушы ғалымдар, шетелдік филолог-ғалымдармен қоса жас зерттеушілер, колледж оқытушылары мен мектеп мұғалімдері, сондай-ақ, университеттің оқытушы-профессорлары мен студенттері қатысты.
Конференция жұмысы аясында пленарлық отырыс, университетте филологиялық білімнің 55 жылдығына арналған кітаптың тұсаукесері, қазақ, орыс және шет тілдерінің филология бағыттары бойынша секциялық отырыстар, ғылыми-әдістемелік семинар өз жалғасын тапты.
Ғылыми шараның соңында конференцияға қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

Асылай Қадырқызы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар