Ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие беру – заман талабы

Осындай тақырыпта Көкшетау қаласындағы «Болашақ» сарайында Ақмола облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен республикалық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.  Іс-шарада Ақмола облысының білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыру шеңберінде тәрбиенің өзекті мәселелері талқыланды. Бұл бағдарламаның тұжырымдамасы білім беру ұйымдарында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды сіңірген еңбекқор, адал, саналы азаматты тәрбиелеуге бағытталған.

   «Болашақ» сарайының фойесінде конференция аясында «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» атты көрменің жұмысы ұйымдастырылды.
Көрмеде ұрпақтар сабақтастығы бойынша материалдар көрініс тапқан. Оқу-тәрбие процесінде жас ұрпақтың ұлттық стиліндегі жұмысының инновациялық формалары, рухани-тарихи және этно-мәдени құндылықтарды сақтау мен дамыту жөніндегі материалдар, бейнематериалдар, тарихи және қасиетті орындардың карталары, тағы басқалары бар. Конференцияның міндетінің бірі жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие процесін дамыту және арттыру, сондай-ақ, білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде ұлттық тәрбие мен оқытудың үздіксіз сабақтастығын күшейту және қамтамасыз ету болып табылады. Екі күнге жоспарланған танымдық конференция аясында жиынға қатысушылар облыс орталығындағы үздік білім ұйымдарының оқу-тәрбие жүйесімен танысты. Сонымен қатар, бірнеше секциялар бойынша жұмыс жүргізіліп, ұлағатты ұстаздар өз тәжірибелерін ортаға салды.

Пленарлық отырысты Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова жүргізіп отырды. Ол конференция қатысушыларына жылы лебізін білдіріп, өңірімізде ұлттық тәрбиені насихаттау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

– Ұлт болашағы ұрпақтың еншісінде десек, ұрпақ тәрбиесі – ұстаз қолында. Тәрбие ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында, мемлекеттің жалпыадамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру керектігі айқындалған. Бағытымыз анық, мақсатымыз – зияткерлік әлеуетті тәрбиелеу. Отбасы мен  балабақшадан бастап, жоғары оқу орнын бітіргенге дейін жастардың сапалы білім алып, саналы тәрбиені бойына сіңіруіне ден қоюмыз қажет. Облыстағы 537 мектепте ата-аналар мен педагогикалық қолдау орталықтары бірлесіп, білім беру ұйымдарында жылына екі рет «Отбасы сағаты» республикалық акциясы өткізіледі, ал, ата-аналар арасынан ең белсенді қатысушылар мектептердің Қамқоршылық кеңестеріне кірді. Отбасылық клубтардың жұмысына қосымша 54 Әкелер кеңесі қосылды. Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарына қосымша «Даналық мектебі» отбасылық клубтары жұмысқа тартылуда. Клуб қазақ этнопедагогикасының тәрбиелік әлеуетін «Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Аға қамқорлығы», «Жеңге кеңесі» секцияларын ұйымдастыру арқылы өзектендіруге бағытталған, – деді өз баяндамасында Ботагөз Дүйсенова.

Иә, ұлттық тәрбие – ұлт болашағының берік негізі. Ал, өскелең ұрпақты біліммен қаруландыратын бірден-бір орда – мектеп.  Жиын барысында облыс мектептерінде ұлттық ойындар бойынша секциялар белсенді жұмыс істеп жатқандығы атап өтілді.  Мәселен, қазіргі таңда мектептердегі 551 секцияда 10859 бала асық ату ойынымен, қазақша күреспен, тоғызқұмалақпен айналысады. Көбінесе қазақ ұлттық сәндік-қолданбалы өнер үйірмелері балалардың қызығушылығын оятады, облыс бойынша аталған үйірме саны –  202, онда 6324 бала қолөнерге ден қоюда.  127 әскери-патриоттық клубта 4458 оқушы қамтылған. Сабақтан тыс уақытта балалар секциялар мен үйірмелерде түрлі спорттық ойындармен шұғылдана отырып, облыстық, республикалық чемпионаттарға, спартакиадаларға, турнирлерге белсенді қатысады. Мысалы, Бурабай ауданынан Әбиева Ханшайым ағымдағы жылдың 21-31 наурыз аралығында Өскемен қаласында өткен республикалық чемпионатта тоғызқұмалақтан жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, Ақмола облысының білім беру ұйымдарында балаларға халықтық аспаптарда ойнауды үйрету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы орта білім беретін мектептерде сабақтан тыс уақытта 1250 баланы қамтитын 74 домбыра үйірмесі жұмыс істейді. Сонымен қатар, 31 қосымша білім беру ұйымында 1712 бала домбыра үйірмелеріне барады.

Мектептегі 74 домбыра үйірмесін қоспағанда, қосымша біліммен қамтылған білім мекемелерінде екі мыңға жуық оқушы бала қолына домбыра ұстап, ұлттық өнерді үйренуге құлшыныс танытса бұл әрине, қуанарлық әрі құптарлық іс. Алайда, алдағы уақытта осындай жастардың қатары арта түссе, нұр үстіне нұр болары анық. Қалай дегенмен де, құлағына қазақтың ән мен күйі сіңіп өскен бала болашақта өз тамырынан ажырамайтыны бар. Жастайынан ұлттық тәрбиеге қанығып өскен жас өркен болашақта да өз еліне қызмет етуді өзінің перзенттік парызы деп өтетіні белгілі.

Жиын барысында  Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Психология, тәрбие және тұлғаны дамыту» орталығының  директоры Анар Шынболатқызы сөз сөйлеп, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыру шеңберінде тәрбиенің өзекті мәселелерін ортаға салды. «Ұлттық құндылықтар академиясы» қоғамдық бірлестігінің басшысы, педагогикалық ғылымдардың докторы, академик Әділхан Дүйсебек «Ұлттық құндылықтар – рухани шамшырағымыз» тақырыбында баяндама жасады.  Сондай-ақ, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы Нұртас Ахатұлы сөз сөйлеп, ұлттық руханиятымыздың өзегі тіл екенін баса айтып, «Ұлттық құндылықтар тәрбиесіндегі тіл категориясының маңызы» тақырыбында баяндама жасады.

Жиында ұлттық тәрбие тақырыбында сөз сөйлеген баяндамашылардың барлығы осы мәселенің қыр-сырына бойлап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың нәтижелілігін арттыру бағытында  бірқатар тұшымды ойларымен бөлісті.

                                                                  Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар