Алматыдан кезекті көмек келіп жетті

Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 2024 жылғы 3 сәуірде «Жүректен жүрекке» акциясы бастау алған болатын. Осы акция аясында Ақмола облысына су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек ретінде Алматы қаласындағы «ATASU» қайырымдылық қорынан жіберілген жалпы салмағы 11 тоннаны құрайтын 5 миллион теңгелік азық-түлік, төсек-орын, гигиеналық құралдар және тұрмыстық заттар жеткізілді.

«Достық» үйінің ғимаратында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясындағы этномәдени бірлестіктер, колледж студенттері, қоғамдық құрылымдардың жетекшілері мен еріктілер машиналарға тиелген ауыр жүкті қарсы алып, түсіріп алды.

– Компания Алматыда орналасқан. Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек көрсетудеміз. Жүк көлігіміз төтенше жағдайда ие қажеттінің бәрімен толтырылған. Ең бірінші Ақмола облысына көмек жібердік. Алдағы уақытта су тасқынынан зардап шеккен басқа өңірлерге де қолдау көрсетуді жоспарлап отырмыз. Еліміз үшін қиын-қыстау кезеңде компания халқымызға көмектесуге және қолдау көрсетуге шешім қабылдады. Біздің компанияның президенті Марат Ермекұлы Жақыпов осы акцияның бастамашысы болып табылады. Ал, бастаманың өзін бүкіл ұжым болып қолдады, – дейді жүкті әкелген «ATASU» қайырымдылық қорының өкілі Аяулым Ақан.

Сондай-ақ, Ақмола облысының жастар-ресурстық орталығы да су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге белсене атсалысуда. –Су тасқыны басталғаннан бері барлық өңірлер тарапынан көмек көрсетілуде. Өздеріңіз білетіндей, Атбасар мен Есіл қалаларында жағдай қиын. Қазір оларға көмек көрсетіліп жатыр. Бүгін Алматыдан гуманитарлық көмек келіп жетті. Ертең Павлодар облысынан келеді деп күтіп отырмыз. Қала  бойынша 500-ге жуық, облыс бойынша 3 мыңнан астам ерікті жұмыс істейді. Бұл игі іске барлық волонтерлік ұйымдар жұмылдырылған, – деді осы орайда, жастар орталығының басшысы Дастан Ермеков.

Айта кетейік, келген гуманитарлық көмектен Жақсы ауданына 1 миллион теңгенің 2,2 тонна жүгі жіберілді. Жүктің қалған бөлігі Атбасар, Астрахан, Есіл және Жарқайың аудандарына жөнелтілетін болады.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар