Балалардың кітап апталығы

Жыл сайын өткізілетін балалардың кітап апталығы биыл да жалғасын тауып, нәтижелі аяқталуына орай, Көкшетау қалалық балалар кітапханасында қорытынды іс-шара ұйымдастырылды.

«Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Кітап оқуға деген құштарлық ерте жастан басталуы керек, оған қажет оқулық, шығармалар кітапхана сөрелерінде жеткілікті.

Апталықтың басты мақсаты – кітап оқуды насихаттау, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру, жастарды кітап оқуға тарту, көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту. Осыған орай, балалар мен жасөспірімдер кітабының апталығы аясында оқырмандармен бірлесе отырып, қызыққа толы әртүрлі шаралар өткізілді.

Салтанатты марапаттау рәсіміне Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің басшысы, ақын-жазушы Серік Жетпісқалиев қатысты. Ол жас оқырмандарға өзінің жүрекжарды тілегін жеткізіп, кітаппен қалай дос болғаны, оған қызығушылығы қалай артқаны туралы әсерлі әңгімелеп берді. Кітапхана қорындағы өзінің авторлық кітаптарымен, «Балдырған» журналындағы жеке шығармаларымен таныстырып өтті.

Апталық барысында өткізілген кітапханалық шараларға белсене қатысып, кітап пен кітапхана арасында алтын көпір болып жүрген оқырмандарға алғысымыз шексіз. Рухани қазына орталығында  кітапты құмарта оқып, біздің тыныс-тіршілігімізбен бірге тыныстап жүрген  белсенді оқырмандарымыз бары біз үшін өте қуаныш. Кітап апталығы оқырмандарға жаңа білім, жақсы көңіл-күй сыйлайды деп ойлаймыз.

Апталық барысында белсенділік танытқан оқырмандарымыз – «Дарын» мектеп-интернатының оқушысы Дария Әпсәләмова, қалалық №9 орта мектептің оқушысы Шахназар Бекболат, Сәкен Жүнісов атындағы №18 орта  оқушылары Айзере Нұрлан, Айзере Елеусіз, Айбота Еламан, №13 ЭКОС мектеп-гимназиясының оқушылары Жансерік Елубай, Сымбат Сансызбай, Шыңғысхан Юсуп, Малика  Есләмбек алғыс хаттармен марапатталды. Осы орайда, оқушыларға жетекшілік жасап, олардың кітапқа деген қызығушылықтарын оятып, біздің кітапханамен ынтымақтаса жұмыс істейтін №13 ЭКОС мектеп-гимназиясының кітапханашысы Наталья Свидерская мен«Әулет» мектептен тыс жұмыстар орталығының клубжетекшісі Гүлнәр Халелованың еңбегін ерекше атап өткіміз келеді. Бала жанын адамгершілікке баулып, рухани азық алуға ұмтылдырғандары, қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларына қызықтырғандары өз мамандықтарына деген адалдықтары деп білеміз.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқуға шақырамыз» мақаласында айтқан міндеттерді жүзеге асыру аясында алдағы уақытта да кітапхана жұмысын жандандырып, оқырман қауыммен түбегейлі жұмыстар атқаруға атсалысамыз. Рухани білімнің, рухани мәдениеттің ордасы болып саналатын кітапхана ешқашан мәні мен маңыздылығын жоймайды.

Бақытгүл ҒАЛИЕВА,
Көкшетау қалалық балалар кітапханасының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар