Ішкі нарық қорғап, отандық өндірушілерді қолдау – шарт

Қазір көптеген елдер ішкі нарықты қорғау шараларын белсенді қолданады. Дамыған мемлекеттердің өзі протекционистік өнеркәсіп саясатына көшті. Дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауынша, біздің елдегі ішкі нарықты қорғау деңгейі төмен, небары 128 тарифтік емес шара.

Осыны атап көрсеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасауымыз керек. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек» деген болатын.

Осыған байланысты өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Ішкі нарықты реттеу және отандық өндірушілерді қолдау» тақырыбында брифинг болып өтті. Брифингке облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов пен Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрбек Хабиев қатысып, баяндамалар жасады. Белгілі болғанындай, Ақмола облысы үшін шет мемлекеттермен сыртқы экономикалық байланыстарды дамыту басым бағыт болып табылады. Шетелдермен тату көршілік қарым-қатынастар белсенді дамып келеді. Өңірде 26 елге өз өнімдерін жеткізетін 50-ден астам экспорттаушы компания бар. Негізгі серіктестер Ресей, Қытай, Өзбекстан, Беларусь, Ауғанстан, Түркия, Иран мемлекеттері.

– Экспортталатын өңделген өнімдер ұн, ет және сүт өнімдері, тауық жұмыртқасы, өсімдік майы, сусындар, химиялық элементтер, подшипниктер, полиэтилен мен полипропиленнен жасалған қаптар, авиациялық өнімдер және тағы басқалары, – деді брифинг барысында Ербол Оспанов. Сондай-ақ, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы өңір кәсіпорындарының сыртқы нарыққа жүктерді тасымалдауға кеткен шығындарының орнын толтыру мәселесін қарайды. Өткенжылы экспорттық шығындарды өтеуге 15 өтінімнің жалпы сомасы 382,9 миллион теңгені құраған. Бүгінгі таңда, экспорттық шығындарды өтеуге 295,6 миллион теңгені құрайтын 4 өтінім мақұлданған.

– Отандық өндірушілерді қолдау жөніндегі жұмыс тобы құрылып, осы бағытты қадағалуда. Экспорттаушы компанияларды қолдау мақсатында облыс әкімдігі «Ақмола облысының экспорттаушыларын ынталандыру және экспорттық әлеуетті дамыту» жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі. Онда брифингтер, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізу, проблемалық мәселелерді талдау, оларды шешуді қамтитын іс-шаралар қарастырылған. Жергілікті деңгейде мемлекеттік органдарға тиісті ұсыныстар енгізу қарастырылды. Жалпы, отандық бренд өндірушілерді қолдау жұмыстары бақылауда және ол одан әрі жалғасын табады, – деп сенім білдірді Ербол Аманкелдіұлы.

Сонымен бірге, ішкі нарықты сапасыз және қауіпті импорттық өнімдерден қорғау мақсатында облысымызда «Ахуалдық штаб» құрылып, жұмыс істейді. Оған барлық мүдделі уәкілетті органдар мен қоғам өкілдері кіреді. Штаб жұмысы шеңберінде уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелері Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында іс-шараларды жүзеге асырады.

– Ақмола облысы бойынша техникалық реттеу және метрология департаменті 69 бақылау шарасын өткізіп, 66 заң бұзушылықты анықтады. Алты жедел әрекет ету шарасы қолданылып, тыйым сомасы 643680 теңгені құрап, әкімшілік айыппұлдың көлемі 4 миллион теңгеден астам болды, – деді өз сөзінде Нұрбек Хабиев.

Департамент жүргізген өнімдердің санитарлық-эпидемиологиялық мониторингі шеңберінде импорттық өнімдердің 35 сынамасы іріктеліп, сараптамадан өткен. Онда олардың азық-түлік тауарларын таңбалауға қатысты техникалық регламент талаптарына сәйкес келмеуі, атап айтқанда мемлекеттік тілде таңбалаудың жоқтығы анықталған. Сол сияқты,департаменттің Астана қаласы және Астрахан ауданының тиісті орындарымен бірлесіп жүргізген тексеру жұмысы барысында мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі жоқ тағамдық қоспаларды сақтау және өткізу орны айқындалған.

«Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» үкіметтік емес ұйымынан сәйкес келмейтін импорттық өнімдерге қатысты үш өтініш түскен.Осы сұрау салулар шеңберінде кәсіпкерлік субъектілеріне жоспардан тыс бес тексеру жүргізілді. Кеден одағының «Тағамдық өнімдерді таңбалауға қатысты» техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмейтін 8 өнім атауы анықталды. Барлық жағдайда уәкілетті орган сатушыларға қатысты тиісті әкімшілік шаралар қолданды, – деп атап өтті Нұрбек Ермекұлы.

Облысымызда 2024 жылғы қаңтарда өңдеу өнеркәсібі өнімдері экспортының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,1 пайызға төмендеп, 36 миллион долларды құраған. Өткен жылдың қаңтар-қараша айларында шикізаттық емес экспорт көлемі 190,4 миллион АҚШ долларына тең келген. Жалпы көлем бойынша алғанда шикізаттық емес экспорттың үлесі 38,2 пайыз.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар