Диқан үшін шешуші сәт таяды

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжановтың қатысуымен көктемгі егіс науқанына дайындық туралы брифинг болып өтті. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласындағы басты мәселе, ағымдағы жылғы егіс науқанына ұйымдасқан түрде дұрыс дайындалу. Өңірдегі көктемгі егіс алқаптарының жалпы көлемі 5,3 миллион гектарды құрайды.

Еліміздегі биылғы қарастырылған егіс алқаптарын әртараптандыру жұмысы аясында дәнді және бұршақ дақылдарының алқабы 4,8 миллион гектарды алады. Бұл ретте, майлы дақылдар алқабын 400 мың гектарға, мал азығы дақылдарын 368,5 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған.

– Биылғы жылдың өзекті мәселелерінің бірі – ауыл шаруашылығы өндіріс орындарын тұқымдық материалмен қамтамасыз ету. Биыл тұқымдық материалға қажеттілік 536,8 мың тоннаны құрайды. Өткен ауыл шаруашылығы маусымындағы күрделі табиғи-климаттық жағдайлар өнімнің сапалық көрсеткіштеріне айтарлықтай әсер еткенін білесіздер. Осыған байланысты бірінші кезекте облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері тұқымдық материал мәселесін шешуге кірісті. Жетіспейтін тұқым көлемін сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері облыстағы, Қазақстанның басқа өңірлеріндегі, Ресей Федерациясының және Еуропа елдеріндегі сертификатталған тұқым шаруашылығы субъектілерінен 30 мың тонна тұқым және 10 мыңға жуық гибридті тұқым сатып алынды. Осыған қарамастан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тұқымдық материалды жаңарту жұмыстарын жалғастыруда. Ауыл шаруашылығы өнімін тұқыммен толық қамтамасыз ету үшін қаржыландыруды күтіп отырған, келісім-шарттары бар немесе келісім-шарт жасасқан шаруашылықтар бар. Бүгінгі таңда облыстағы ірі және орта ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының негізгі бөлігі көктемгі дала жұмыстарына қажетті тұқыммен толық қамтамасыз етілген. Осы кезде «Азық-түлік корпорациясы» арқылы несие есебінен тұқым беру бағдарламасы жүзеге асырылуда, – деді өз сөзінде Кенеш Әлімжанов.

Сондай-ақ, тұрақты өнім алу және топырақтың сапасын сақтау үшін минералды тыңайтқыштарды енгізуге үлкен мән берілген. Биыл облыста минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемін 258,5 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда. Бұл ретте, ағымдағы жылдың 13 наурызынан бастап отандық тыңайтқыштарды алдын ала субсидиялаудың мүлде жаңа механизмі енгізілді. Бұл тетік отандық тыңайтқыштарды субсидиялау нормасын 50 пайыздан 60 пайызға дейін арттыруды көздейді. Бұл шара фермерлердің өнімді жақсы бағамен сатып алуына қолдау көрсету ғана емес, отандық тауар өндірушілерді ынталандыру, олардың өнімге тұрақты сұранысын қамтамасыз ету болып табылады. Облыс диқандарын қолдау үшін жыл сайын арзандатылған дизельдік отын бөлінген. Ағымдағы жылдың егіс науқанына «gosagro.kz» мемлекеттік ақпараттық жүйесінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің электронды өтінімі негізінде дизельдік отын көлемін қалыптастыру жүргізіліп, облыс бойынша барлығы 2163 өтінім қабылданған.

– Шарттарды орталықтандырылған түрде жасау, төлеу және сол дизель отынын жеткізу үшін 17 оператор бекітілген. Нәтижесінде, Павлодар мұнай-химия зауытынан бөлінген дизельдік отын көлемі 82,5 мың тоннаны құрады. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін ақпан айындағы соңғы баға 1 литріне 250 теңге болды. 22 сәуірдегі жағдай бойынша 59,2 мың тоннаға келісім-шарт жасалса, 37,3 мың тоннаның ақысы төленіп, 33,3 мың тонна жөнелтілді немесе жалпы көлемнің 40,4 пайызы орындалды, – деді баяндамашы жанар-жағармай мәселесін түсіндіріп.

Сонымен бірге, көктемгі егісті уақтылы және сапалы өткізу үшін шаруа қожалықтары мен агроқұрылымдарды қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен және құрал-жабдықтарымен жарақтандырудың да маңызы зор. Егіс науқанына 15,1 мыңға жуық трактор, 16,6 мың тұқым сепкіш және 1,5 мың дана өнімділігі жоғары тұқым себу кешендерін жұмылдыру жоспарланған. Оған қоса, келесі маңызды бағыт егіс жұмыстарын қаржыландыру болып табылады. «Азық-түлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы форвардтық сатып алу бағдарламасы аясында көктемгі дала жұмыстарына 9 миллиард теңге несие қарастырылған. Және де, «Кең-Дала» бағдарламасындағы өтініштердің жалпы көлемі 34,9 миллиард теңгені және 363 өтінішті құрап, осы кезге дейін оның 28,1 миллиард теңгесі берілген.

–Бұл ретте, отандық даму жобаларын несиелендіру үшін қаржы институттарының сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға жергілікті бюджеттен қосымша 5 миллиард теңге бөлінді. Жалпы, көктемгі науқанды өткізу мәселелері ерекше бақылауға алынып, өз деңгейінде уақытылы және сапалы өткізу үшін барлық қажетті шаралар атқарылуда, – деп түйіндеді басқарма басшысы өз сөзін.

Қорытындылай келе, өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетінің басым бөлігін құрайтын егін шаруашылығы науқанына дайындық төмен емес. Басты назарға алынған тұқым мәселесі де шешімін табуда. Баяндама барысында аңғарғанымыздай, жұмылдырылатын техника мен қажетті жанар-жағар май да, қажетті қаржы көлемі де қарастырылуда. Айта кетейік, брифингте басқарма басшысы орын алған су тасқынының егіс алқаптарына еш залал келтірмейтіндігін, егіс науқанының кешіктірілмей уақытында басталатынын тілге тиек етті. Ендігі үміт – науқан жайлы өтіп, өткен жылдың есесін толтырсақ екен.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар