Жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты

Ақмола облысында жұқпалы ауруларға байланысты санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Көктемгі су тасқыны кезінде ауызсуды дұрыс пайдаланбау себебінен орын алуы мүмкін инфекциялық жұқпалар тіркелмеген.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігеріАйнагүл Мусина мәлімдеді.

–Облыста қызылша жұқпасы бойынша зертханалық расталған 701 оқиға тіркелді, олардың 51 пайызы балалар арасында орын алды. Балалардың індетке шалдығуларының басты себебі –жасына байланысты жасалатын жоспарлы екпе алмауынан, –деді департамент басшысы.

Сонымен бірге, облыста қызылшамен бір отбасының бірнеше баласы бірден ауырғаны туралы дерек келтірілді. Атап айтқанда, Астрахан ауданында бір отбасының 8 баласы, Бурабайда 7 бала, Сандықтауда 6 бала, Көкшетау қаласында 4 бала бірден ауырған. Жағдайды зерттеу барысында олардың ата-аналары балаларыныңжас мөлшері бойынша жоспарлы берілетін вакциналарды алуына қарсы болғанын анықтапты. Қазіргі уақытта өңірдеалдыңғы айға қарағанда қызылшаның таралуы бойынша жағдай 1,8 есеге азайған. Бүгінде емдеу орындарында 24 адам емделуде, олардың 12-сі балалар екен. Ал, амбулаторлық ем қабылдауда 44 адам жүр. Баяндамашының айтуынша, қызылшаға қарсы екпе алу науқаны жалғасуда. Бүгінде облыста екпе алуға тиісті 44 мың тұлғаның 84 пайызға жуығы вакциналанған.

Жалпы, брифинг барысында баяндамашы өңірде басқа да жұқпалы ауруларға қарсы жүргізіліп жатқан іс-шараларға кеңінен тоқталып, облыс тұрғындарына балаларының жұқпалы ауруларға қарсы иммунитеті қалыптасуы үшін дер кезінде, жас мөлшеріне байланысты жоспарлы егілетін әрбір вакцинаны қабылдап, одан бас тартпауға шақырды.

БАҚ өкілдері өз кезегінде аталмыш тақырыптан бөлек, тасқын судан кейінгі аумақтардағы эпидемиологиялық ахуал, су басқан аймақтарда қабылданып жатқансанитарлық іс-шаралар, ауызсудың сапасы, білім ордалары мен әлеуметтік нысандардағы ауызсуды тұтыну жайы, залалсыздандыру жұмыстары секілді қазіргі орын алып отырған өзекті мәселелерді қозғады.

–Ауызсу сапасыныңдұрыс болмауынан пайда болатын Гепатит, ішек аурулары бойынша топан су басқан елдімекендерде эпидемиологиялық ахуал тұрақты, ешқандай індет түрлері анықталған жоқ. Сәуір айында сары аурумен 3 адам тіркелді, бірақ, олардың жағдайларына үңілсек, тасқын суға еш қатысы жоқ. Астрахан ауданында бір отбасында 3 бала сары ауруға шалдығыпты. Санитарлық қызметкерлер зерттей келгенде, бұл отбасы вакцина алу шараларына түбегейлі қарсы екен. Бұған дейін аталған жанұяның балалары қызылшамен ауырып, жұқпалы аурулар бөлімшесінде жатыпты, сонда емделу барысында гепатитті жұқтырған, – дей келе, Айнагүл Советқызы ауыз суды дұрыс тұтынудың жолдарын түсіндіріп, қазіргі уақытта ауызсуды тек қайнатып ішу қажеттігін ескертті. Сонымен бірге, білім ордалары мен әлеуметтік нысандарда ауызсуды пайдалану бойынша нұсқаулықтар жіберіліп, ондағы судың сапасына мониторинг жүргізіліп отыратынын айтты.

–Залалсыздандыру жұмыстарына келсек, суы қайтып, кебе бастаған аумақтарда ғана тиісті шаралар басталды. Ал, ылғалы басым елді мекендерде әзірге мұндай шараларды бастаудың пайдасы бола қоймас. Жалпы, тасқын су кезіндегі және одан кейінгі санитарлық жұмыстар біздің қызметтің бақылауында, – деп облыстың  бас мемлекеттік санитарлық дәрігері мән-жайды түсіндіріп болған соң, алдағы уақытта осы мәселе бойынша қосымша брифинг өткізілетінін мәлімдеді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар