Бағаны негізсіз өсіру әрекеттері жиі қайталанады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ерлан Әубәкіров азық-түлік бағасын негізсіз көтерудің жағдайларынбаяндап берді.

Бүгінгі таңда «біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» демекші, ақшаға құнығып, азық-түлік бағасын негізсіз көтеретін осындайлардың қарасы азаймай тұр. Мәселен, ағымдағы жылдың 3 айында бағаны негізсіз көтерген бірнеше бизнес субъектісінің ісі әшкере болды. Бұл заң бұзушыларға 200 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Жалпы, анықтады деген бер жағындағы ғана сөз. Әйтпесе, азық-түлік бағасын негізсіз көтеретіндер аз емес. Олардың бағаны бұлайша шарықтатуын күнделікті бақылауда ұстаудың өзі мүмкін емес. Бұл ретте, еліміз бойынша темірдей тәртіп болмаса, болмайды. Өкінішке орай, ол жоқ.

Әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бірінші сұрыпты бидай ұны, өлшеніп сатылатын кеспе, қарақұмық, күріш, қант, тұз, күнбағыс майы, сүт өнімдері және еттің кейбір түрлері, картоп, қырыққабат, сәбіз және пияз жатады. Бұл өнімдердің дүкен сөрелеріндегі бағасы өндірушінің сату бағасының немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасының 15 пайызынан аспауы тиіс. Жуырда Көкшетау қаласында осы бағаны негізсіз көтерген бизнес өкілдерінің теріс әрекеттері әшкереленді.

– Үстемеақыны асыра пайдалану «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 204-4-бабының негізінде әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Атап айтқанда, бірінші рет жасалған болса, ескерту беріледі. Ал, бір жыл ішінде тағы қайталанатын болса,онда шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жетпіс бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, – деп баяндады Ерлан Әубәкіров.

Департамент тарапынан әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында бағаның көтерілуіне жол бермеу мақсатында тұрақты негізде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мониторинг барысында жадынамалар таратылуда. Алайда, осыған қарамастан 2024 жылы кәсіпкерлік субъектілері тарапынан көптеген заң бұзушылықтар орын алды. Нәтижесінде, 42 ескерту жарияланып, жалпы сомасы 212 мың теңгеге және бес айыппұл салынды.

–Мұндай жағдайлар жыл сайын анықталуда. Дегенмен, бүгінгі күні қызметкерлеріміз кәсіпкерлік субъектілеріне сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қолданыстағы заңнама талаптарын, оның ішінде өндірушінің сату бағасының он бес пайызынан аспайтын сауда үстемесін немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасын сақтау қажеттігін ескерту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр, – деп толықтырды департамент басшысы.

Брифинг соңында баяндамашы тұтынушыларға  бизнес субъектілерінің заңбұзушылық фактілері бойынша 50-29-89 «жедел желі» телефоны арқылы хабарласуға немесе инстаграмм парақшасына хабарлама жазуға болатынын айтып өтті.

– Хабарламаға қоса фото, видео-фиксация, түбіртектерді де қоса жолдау  қажет болады. Сондай-ақ, «Тұтынушыларды қорғау» қоғамдық бірлестігі жанынан қоғамдық бақылау пункті құрылған. Бұл пунктке  тұтынушылар сауда қызметі және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында заң бұзушылықтар болған жағдайда жүгіне алады. Қоғамдық бақылау пункті Көкшетау қаласы, Қошқарбаев көшесіндегі 61 үйінің, 7-ші бөлмесінде орналасқан. Сатып алушы өзінің құқықтарының  бұзылғанын байқаса, осы мекенжай бойынша шағымдана алады, – деп қорытындылады өз сөзін Ерлан Әубәкіров.

Сонымен, бүгінде азаматтық жауапкершілік танытып, азық-түлік бағасының заңсыз және негізсіз өсуіне жол бермеу өте маңызды. Өйткені, осылайша тұтынушылар департамент қызметкерлеріне сауда монополиясымен тиімді   күресуге көмектесе алады.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар