Ветеринария саласы неге бұлай кенжелеп қалды?!.

Өңірімізде ветеринария саласындағы мәселе күйіп тұр. Облыста аудандық және қалалық ветеринарлық станцияларда штат бойынша саны 716 маман қарастырылса, нақты 616 маман ғана жұмыс атқарады. Оның ішінде, ветеринар мамандарға 443 жұмыс орны көзделсе, 354 маманның жұмыс істеп жатқаны белгілі болды.

Осылайша, саланың тиісті кадрлармен қамтамасыз етілуі сексен пайызды құрап отыр. Қалай алып қарсаңызда, білдей бір облысқа бұл көрсеткіш жетіспейді. Аудандардағы жағдай алаңдатарлық десек, артық болмайды. Мысалға, Бұланды ауданында ветеринарлық мамандармен қамтамасыз етілу елу пайызды құрап, екі-үш ауылға бір маман ғана көзделген. Солсияқты, Степногорск қаласы мен Жақсы ауданы (65 пайыз), Жарқайың мен Астрахан аудандары (67 пайыз), Целиноград (68 пайыз), Егіндікөл мен  Шортанды аудандарында (71 пайыз) кадр тапшылығы басым.

– Ауылдық жерде жұмыс істейтін ветеринария мамандарына әлеуметтік қолдау шаралары мардымсыз. Ауылдық елді мекендерде 25 пайыз қосымша ақы тек осы саладағы мемлекеттік қызметшілерге беріледі. Ал, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болып табылатын ветеринариялық пункттердің мамандары оларды ала алмайды, – дейді облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ағыбай Сыздықов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Осыған байланысты, ауылдық жерлерде жұмыс істейтін осы сала қызметкерлерінің еңбекақысын кемінде жиырма бес пайызға субсидиялау, коммуналдық қызметтерді төлеуге және жергілікті бюджеттен отын сатып алуға әлеуметтік қолдау көрсету үшін Заңға өзгеріс енгізу туралы уәкілетті органға бірнеше рет ұсыныстар жіберілген. Алайда, баяғы жартас әлі сол жартас.

Аймақта ветеринарлық мамандармен қамтамасыз ететін жалғыз Қатаркөл ауыл шаруашылығы колледжі бар. Бұл колледждіде бітіретін түлектер азайып барады. 2021 жылы елу алты, 2022 жылы алпыс үш, өткен жылы жиырма үш түлек осы оқу орнын бітіріп, олардың тоқсан бір пайызы жұмысқа орналасқан. Колледжде ағымдағы жылдың 15 мамырында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді деп жоспарлануда. Бұл аталған салаға жас мамандар тартудың қамы. Биыл ветеринария басқармасының мамандары Астанадағы С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетте болды. Аталмыш оқу орнын 2023 жылы 116 жас маман бітіріп, тең жарымы ғана жұмысқа орналастырылған. Бұдан жастардың осы салаға ынталарының жоқтығын аңғарамыз.

Облыстасоңғы үш жылда «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 86 ветеринарлық маман жұмысқа тартылған. Олардың 36-сы тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несиені пайдаланған. Биыл да жыл басынан бері осы бағдарламаның көмегімен 13 жас маман қызметке қабылданған.

– Қабылданған шараларға қарамастан, кадрлардың жасы ұлғаюы байқалады. Қазір ветеринар мамандардың орташа жасы – 55 жас. 2023 жылы облыстық бюджеттен осы мамандыққа оқуға түсушілер үшін жоғары оқу орындарына бес бюджеттік білім гранты бөлінді. Нәтижесінде үш талапкерді әзер таптық. Кадр мәселесін шешу үшін тек гранттарды көбейтіп, бөлу жеткіліксіз деп ойлаймын. Бұл ретте, жастарды қаржылық жағынан қызықтыру қажет. Мысалы, ауылдық жерлерде мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы жоғары. Ауылдық жерлерге жас мал дәрігерлерін тарту үшін олардың жалақысы осы мұғалімдермен және медицина қызметкерлерімен бірдей болуы керек, – деп атап өтті Ағыбай Көкішұлы. Жауапты тұлғаның бұл ойымен келісуге тиіспіз.

Сонымен бірге, ветеринарлық пункттердегі салаға қажетті жабдықтар мен технологиялық құралдардың жиынтығы осыған 10 жыл бұрын сатып алынып, бүгінде тозығы жеткен. Жыл сайын ветеринариялық іс-шараларды сапалы өткізу үшін қызмет көліктерін, ветеринариялық препараттарды сақтауға арналған тоңазытқыштар, компьютерлер, планшеттер сатып алу қажет. Бірақ, бұған қаражат жетпейді. Биыл облыстық бюджеттен 264 миллион теңге бөлініп, 19 автокөлік пен 118 планшет алынды. Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы жүзеге асырады. Бөлінген қаржы ресурстары жеткіліксіз. Биылқажеттілік 3,6 миллиард теңгені құрады, – деді баяндамашы саладағы қаржы тапшылығын баса айтып.

Президентіміздің ветеринария саласын жетілдіру жөнінде берген нұсқауына үш жылға жуықтады. Ветеринария мамандарына қатысты мәселе бұған дейін Үкімет отырысында да қаралып, бірнеше рет депутаттық сауалдар жолданып, жиі қозғалып келеді. Сонда да, қордаланған мәселелердің оң шешімі табылмауда.Осы жағдайдың өзі-ақ айтып тұрғанындай, облыс аумағын ветеринария мамандарымен қамтамасыз ету күн тәртібіндегі өзекті мәселе.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар