Қазақ ән-жырының шамшырағы

Қазақ даласын әсем әнімен тербеп, артына өлмес мол мұра қалдырған халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі – әйгілі сазгер, әнші-ақын Біржан сал Қожағұлұлы.

Жастарды асыл бабамыздың шығармашылығымен таныстыру және дәстүрлі ән өнерін бағалай білуге, ұлтжандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында «Салтанат» сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапханасы «Біржан сал – қазақ ән-жырының шамшырағы» тақырыбында әдеби-музыкалық кеш өткізді. Бұл шара ұлттық музыка дүлдүлінің туғанына 190 жыл толуына арналды. Кеш барысында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі Сәрсенбай Хасенов №1 мектеп-гимназиясының 8 сынып оқушыларына Біржан салдың бір бойында тоғысқан әншілік, айтыскерлік, ақындық өнері мен сал-серілік қасиеті туралы әңгімелеп берді.

Алтын қордағы асыл дауыстарды түгендеп, зерттеп бүгінгі буынға тыңдатып, тарату сынды маңызды шаруаны қолына алып, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайдың өмірін зерттеп, шығармашылығын насихаттап жүрген дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасенов Біржан сал әндерін тамылжыта  орындап,  оның ән шығарудағы асқан дарындылығын ұлағаттады.Шара соңында Біржан сал атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің 2-курс студенті Төлеубай  Райымбек жиналғандарға Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін тарту етті.Әрі жас ұрпақты жігерлендіріп «Қазақ осы» әнін шырқады.

Кітапханашылар Біржан салдың шығармашылығына арналған кітап көрмесімен таныстырды.КөрмегеБіржан салдың өлеңдері, айтыстары, әндері, жалпы, шығармашылығы туралы алуан пікірлер енгізілген «Біржан сал Қожағұлұлының шығармалары» жинағы, Біржан салдың ұлы ақынымыз Абай ауылына баруы ерекше суреттелген М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы,жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев ағамыздың Біржан сал Қожағұлұлының ел арасына көп тараған әндері мен айтыстары және кезінде көзі көрген адамдардың естеліктері жинақталған «Біржан сал» кітабы, Ғалихан Ахметовтың 6 кітап, 18 тараудан тұратын «Біржан сал» романы қойылды.

Елі ардақтап, халқы қадірлеген Біржан салдың сан қырлы өнері  жастарға, халқымызға, бүгінгі және келер ұрпақтарға ғасырдан-ғасырға рухани азық болып қала береді.

Бақытжан АЙДОСОВА,
«Салтанат» сарайы Жанындағы Көкшетау қалалық үлгілі
кітапханасының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар