«WORLDSKILLS AQMOLA – 2024» байқауы: Үздіктер ұлттық чемпионатқа жолдама алады

Облысымызда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында  «WORLDSKILLS AQMOLA – 2024» өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаты өз мәресіне жетті. Ақмола облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен байқауда 11 колледж алаңында 63 құзыреттілік бойынша 16 жастан 22 жасқа дейінгі 400-ге жуық қатысушы бақтарын сынады.

Еліміздегі бұл қозғалысқа алғаш қосылған оқу орындарының бірі – Көкшетау құрылыс және технология колледжі. Білім ошағында аталмыш байқау 8 құзыреттілік бойынша өтті. Атап айтқанда, құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары, плиткамен қаптау, сырлау және сәндік жұмыстар, кірпіш қалау, аспаздық іс, кондитерлік іс, мейрамхана сервисі, Abilimpic Skills бағдарламасы бойынша сәндік қолданбалы өнер. Және де осы Abilimpic Skills бағдарламасы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналатынын айта кеткен жөн.

– Жұмысшы мамандықтарына арналған чемпионаттың ерекшелігіне тоқталсам, ол біріншіден, осыған жарнама жасау, яғни, жастардың осындай қажетті, сұранысқа ие мамандықтарды таңдауғақызығушылығын ояту. Екіншіден чемпионат барысында жарысқа қатысушылар, колледж студенттері кәсіби шеберліктерін шыңдайды. Бұл мамандар даярлауға да игі әсер етеді. Бұл іс-шара жастар арасында жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға, экономиканың өндірістік секторына жас кадрларды тартуға және халықаралық талаптарды ескере отырып, кәсіптік білім берудің біліктілік стандарттарын жақсартуға ықпал етеді. Чемпионатқа әлеуметтік серіктестер де орындалған жұмысты бағалау үшін әрбір қызмет түрі бойынша тәуелсіз сарапшы ретінде қатысады, – дейді өз сөзінде, Көкшетау қаласындағы құрылыс-технологиялық колледжі директорының орынбасарыАлпысбай Омаров.

Аталмыш чемпионат барысында осы колледждің түлегі, қазір сарапшы болып отырған Наталья Михайленкомен әңгімелескен болатынбыз:

– Бұрын бұл колледж СПТУ деп аталатын. Қазір, міне, отыз екі жыл өтсе де, мен осы мамандықты таңдағаныма еш өкінген емеспін.  Жас кезімде мұғалім боламын деп армандап едім, бірақ сол жылы оқуға түсе алмай, апамның ұсынысы бойынша осы оқу орнына келіп түстім. Қазіргі таңда кәсіби аспазшымын. Ол кезде оқу мерзімі жеті ай болатын. Сосын оқу орнынан колхозға практикаға жіберілдім. Алғашқы екі жүз теңге алған жалақым әлі есімде. Кейін қалаға оралып, өз еңбек жолымды «Көкшетау», қазіргі «Абай» мейрамханасында бастадым. Ал, қазіргі кезде өзімнің «Шеф Натали» деп аталатын жеке кәсібім бар. Конкурс жайлы айтатын болсам, мені колледж басшылығы осында жыл сайын сарапшы ретінде шақырады. Сол үшін алғысым шексіз. Мен өзімнің барлық жұмысымды тастап, қуана-қуана болашақ жас аспазшылардың еңбегін бағалауға, бағыт-бағдар беруге келіп отырмын. Өз басым жас кезімде Елена Мащинскаямен Ресейдің Томск, Пермь, Мәскеу қалаларында, Түркия елінде өткен байқауларда болдым. Сол себепті, мен мұндай байқаулардың қалай, қандай дәрежеде өту керектігін білемін. Қаламызда өткен чемпионаттың ұйымдастырылуы өте жоғары деңгейде деп әбден айта аламын. Барлығы өте жақсы ойластырылған.

– Осы облыстық чемпионатқа сарапшы ретінде келдім. Өзімнің бағамды беріп, көзқарасымды айтып, болашақ мамандарға бағыт-бағдар беру менің негізгі міндетім. Жеңген баламен осы жылы Астана қаласында кездесемін деген ойдамын. Өзім Францияның Лен қаласында өтетін іріктеу кезеңіне шәкірт дайындап жатырмын. Мақсатымыз – Қазақстанды әлемге таныту, – дейді Астана қаласындағы қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің оқыту шебері Жазира Жұмағазы.

«WORLDSKILLS AQMOLA – 2024» облыстық кезеңінің жеңімпаздарының есімдері ағымдағы жылдың 26 сәуірінде белгілі болады.

Ал, өңірлік кезеңде әрбір құзыретілік бойынша бірінші орын алған жеңімпаздар «WorldSkills Kazakhstan – 2024» Ұлттық чемпионатына қатысатын болады.

Салтанат ДОСЕТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар