Бала жүрегі жыламасыншы!..

немесе тастанды балалар мен тасбауыр аналар хақында

Облыс орталығындағы Достық үйінде Темірбек Омаровтың «Жазығым не менің, МАМА?..» қойылымын Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің студенттері сахналап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Аталмыш шараны Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының Аналар кеңесі қоғамдық қоры мен Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің басшылығы ұйымдастырған. Ұлт игілігі мен ұрпақ қамын ойлап, үнемі игі бастамалардың басынан табылатын Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова замана шеріне айналған тастанды балалар мәселесі кім-кімнің болмасын жүрегін толғандырып, жанын ауыртқан қоғам дерті екендігін баса айтады. Келешекте қоғамымызда тастанды бала, жәудіркөз жетім бала болмасын десек, болашақ ұрпақтың жақсы тәлім-тәрбие алуы керек деп есептейді Зере апа.
Бізді бір қуантқаны аталмыш қойылымды көруге жастар көп келіпті. Режиссердің балалар алдындағы ата-ана жауапкершілігінің қаншалықты маңызды екенін ашуға жасаған талпынысы сәтті шешімін тапқан. Бірнеше монологтан құралып, әр монолог әнмен қоса өріліп отыратын бұл сахналық туынды біртұтас дүниеге айналған. Әр монолог сайын балалар өміріндегі қасірет сипатталып, адам баласының қолымен жасалатын қатыгездіктер бейнеленді. Түрлі шырғалаңнан тұратын ситуациялардан құралған қойылымды көрермен бір демде көріп, түйсінді.
Біздің түсінігімізде ана деген ұлылық. Ал, бірақ бүгінгі қоғамда (бұған дейін мұндай сұмдықты естіген емеспіз!) жүрегіне жалғасқан періштені өз қолымен құрбан қылған адамды Ана деуге бола ма? Ол қаскүнем тасбауыр! Оларды Ана демеңдер! Сәбиді періштеге бекер баламаса керек. Балаң көңілден анасын түсінуге тырысқан, һәм соны ойлап тебірене сөйлеген, кешірілмейтін күнәсін жуып-шайған бала көңілі залда отырғандардың көзіне жас үйіртті.
«Менмендіктің» жылтыр шекпенін киіп, есіріп жүріп, есі кетіп, шаттыққа толы шаңырағына қайғының қара бұлтын жапқан жеңілтек ойдың жетегінде жүрген қыз-келіншектер бүгінгі қоғамда да кездеседі. Болмашы дүниеге қызығып, өмірдегі баға жетпес байлық отбасы дейтін қазынаны құрдымға жіберіп, кейін өзін де, туғандарын да өшпес өкінішке тап қылдырған сол шерменділердің жанаярлық күйін бейнелейтін «Жазығым не менің, МАМА?» қойылымы тіршіліктің өзінен ойып алынған өмір шындығы да болуы мүмкін. Бірақ, ана мен бала арасындағы сезімге селкеу түсіріп, соншалық тұрпайыландырып көрсету көрерменге жақсы әсер берді деудің өзі қиын. Мәселен, «Диагноздағы» баланың монологынан анасы «жаман диагнозға» шалдыққан баласын өзі өлтіріп, оның мүрдесін бөлшектеп, қоқысқа лақтырып тастауы, әкесінің баласы тыңдамағаны үшін кішкентай саусақтарын шауып тастауы, баласын тірідей жанып тұрған пешке лақтырып жіберіп асқан жауыздықпен жазым қылуы тәрізді әрекеттерді бүге-шігесіне дейін тізіп суреттеп, әшкерелеу өскелең ұрпақтың санасына қалай әсер етеді екен, кім білсін?!
Бір айта кетерлігі қойылым барысында баланың анаға деген махаббаты, ананың аппақ періште бейнесіне қара күйе жаққысы келмейтін бала көңілі жақсы берілген. «Кінәсіз тек періштелер ғой…», деп анасын жақтап, бала рухына жан бітіп сөйлеген сәтте залда отырған көрермендер де көзіне жас алғанын байқадық.
Отбасын, өмірдегі бар қасиетті құндылықты тәрк етіп, тіпті қылмысқа да баратын қаны бұзылған, өзі де нәпсі мен бейопа тірлікке байланған екіжүзді ересек адамдардың құрбанына айналған балалар болғанын қаламаймыз. Әлемдегі әсемдік пен сұлулық – әйел көркі мен ана мейірімінен нәр алған деген даналық сөз бар қазақта. Расында да, адамзат өмірінің іргетасы саналатын әйел мен ана бейнесіне бүгінде селкеу түсіп жатқандығы жалған емес. Бұл дерт ұлт таңдамай қоғамның жалпақ қасіретіне айналуда. Тасболат Омаров осы бір кейіпкерлердің өмірі арқылы отбасы деген ұғымның киесін түсіндіруге тырысқан. Сондықтан, бұл шығарма адалдық пен арамдық, сауаттылық пен надандық, сыйластық пен түсінбеушілік, адамгершілік пен пасықтық сияқты адам бойындағы ізгі қасиеттер мен кемшіліктер арасындағы тартысымен құнды.
Біз қойылым соңынан кейін көрермендерді де сөзге тартып көрдік. Олардың бірі облыс орталығындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназияның 9 сынып оқушысы Жантілек Жантөрин.
– Қазіргі таңда өзекті болып кеткен тастанды балалар мәселесіне қоғамның назарын аудару мақсатында қойылған қойылым екен. Әдетте кейбір мәдени шараларға барған кезімізде өз қатарластарымның көбі телефонға шұқшиып, басқа бір іспен айналасып отыратын,– дейді ол. Осы орайда, аталмыш сахналық катарсисті бар ынтасымен беріліп ойнап, көрерменінің көңілінен шығуға тырысқан мәдениет колледжінің өнерпаз жастары және оларды осы өнерге баулып жүрген тәлімгер ұстаз Маржан Бөкешованың еңбегін атап өтсек дейміз.

 

Ең бастысы, жалғанда бала жүрегі жыламасыншы. Ел аман, жұрт тынышта тастанды бала, тасбауыр ана, қайырымсыз әке болмауы тиіс! Себебі, біз қазақ дейтін ұлы халықтың ұрпағымыз. Осыны әркім естен шығармағаны абзал.

Ұлмекен Шаменова.

Cуретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар