Жасанды интеллект
Жуырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы 14 өңірде Tomorrow School мектептерінің желісін ашты.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылы Astana Hub жанынан осындай жасанды интеллект мектебі құрылған болатын. Оның бірі біздің Ақмола облысына да қатысты болғандықтан, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде Tomorrow School кампусы іске қосылды. Бұл мектепте кәмелет жасына толған, ақпараттық технология саласына қызығушылығы бар азаматтар тегін білім алады. Жоба Alem.ai Foundation және Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасы ынтымақтастығының нәтижесінде жүзеге асырылған. Оқу ерекшелігі сол, ол дәстүрлі оқыту жүйесінен мүлдем басқа. Бір қызығы, мұнда оқытушысыз-ақ оқуға болады. Кампус графикалық қондырғылар мен Astana Hub талаптарына сай инфрақұрылыммен қамтылған.
– Бүгін біз Шоқан Уәлиханов атындағы университетте Tomorrow School мектебінің ауқымды ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Бұл жаңа буын IT-мамандарын даярлауға, сондай-ақ, жасанды интеллект саласын дамытуға бағытталған заманауи оқыту платформасы. Оқытудың бұл түрінің басты артықшылығы, оның тең дәрежелі негізде құрылуында. Сондай-ақ, білім алушылар бағдарламаға аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат бойы қол жеткізе алады және Astana Hub экожүйесімен тығыз байланыста болады. Оқу 18 ай бойы жүреді. Осы уақыт ішінде студенттер 20-ға жуық бағдарламалау тілін меңгеріп шығады деп жоспарланған. Жоба болашақ мамандар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады, – деді өз сөзінде Ақмола облысының цифрландыру және архив ісі жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Маманов.
18 жасқа толған әрбір азамат 01EDU платформасы бойынша «peer to peer» қағидатымен машиналық оқытудан бастап, ірі деректермен жұмыс істеуді үйрене алады. Жалпы, оқыту кезінде шынайы қызығушылығы бар білім алушылар 1 ай ішінде іріктеледі.
– Ақмола облысында осындай кампустың ашылуы, бұл өңіріміздің зияткерлік әлеуетін басқаруға қосылған стратегиялық үлес. Tomorrow School мектебі дарынды жастар шоғыраланатын орталыққа айналарына сенімдіміз. Адами капиталға салынған мұндай инвестиция кейінгі жылдары өңірлік IT-қоғамдастықтың дамуына үлкен серпін беріп келеді. Біз осы іріктеуден өтіп, табысқа жетуге ниетті, әрі осы жаңа тарихтың бір бөлшегі болуға дайын азаматтың бәрін де оқуға шақырамыз, – деді «Ақмола Хаб» технопаркінің жетекшісі Әсел Әбдірахманова.
Сонымен қатар, осы жолы университет басшылығының да пікірін білгенімізде, бұл кампустың ашылғандығына қуанышты екендіктерін жеткізді.
– Бұл мектеп біздің жастарымыз үшін жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар саласында терең білім алып, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына берілген бірегей мүмкіндік. Бүгінгі таңда цифрлық дағдылар кәсіби қызметте табысқа жетудің ең маңызды құралдарының біріне айналуда. Tomorrow School бағдарламасы Қазақстанның төрт өңіріндегі 14 жоғары оқу орнында іске қосылды. Біз Көкшетау қаласының жастары мен студенттері үшін осындай зор мүмкіндікке қол жеткізілгендігіне қуаныштымыз, – дейді университет проректоры Динара Рысбаева.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

