Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен діни қауіп-қатердің алдын алу мәселелерін екшеген терроризмге қарсы күрес комиссиясының отырысы өткізілді.
Отырысқа құқық қорғау органдарының, облыстық басқармалар мен департаменттердің, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібіне діни экстремизм мен терроризмге қарсы жұмыстарды жіті ұйымдастыру мәселесі шығарылып, бұған дейін атқарылған жұмыс қорытындысы пысықталды.
Бүгінгі таңда аймақтағы діни ахуал бірқалыпты деп атап өтті отырысқа қатысушылар. Жыл бойы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған әрбір шараның ақпараттық аясы кеңейтіліп, ішкі мәні тереңдетіле жүргізілуде. Сондай-ақ, нақты жұмысты қажет ететін кейбір тұстарда мақсат көздеген істің мәні арттырылып, мазмұны байытылуда.
Отырыста Біржан сал, Бурабай аудандары әкімдіктері жанындағы терроризмге қарсы күрес комиссияларының жұмыс қорытындысы, түзету мекемелеріндегі жүргізіліп жатқан алдын алу шаралары сараланып, әлеуметтік-экономикалық, тәрбиелік, білім беру салаларында діни экстремизм және терорризмнің дамуына жол беретін кемшіліктерді жою мәселесі сөз болды.
Сонымен қатар, облыс аумағындағы террористік шабуылға бейім нысандардың тізілімі бектілді. Жиын соңында терроризмге қарсы күрес және діни қауіп-қатердің алдын алу бағытында тиісті органдарға ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту туралы бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді.
Аслан Оспанов.