Ақмола облыстық соты және Ақмола облысы бойынша соттар әкімшісі Наурыз мейрамы құрметіне байқау өткізіп, онда халқымыздың салт-дәстүрлерін паш етті.
Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров мерекелік байқау бағдарламасын ашып, жүргізе отырып, судьялар ұжымы мен соттар әкімшісі қызметкерлерін Наурыз мейрамымен құттықтады.
– Наурыз – ол халықтардың бірігуі мен рухани жаңаруының мерекесі. Біз еліміздің тұрақтылығының арқасында бейбітшілік, достық пен бірліктің, халықтардың ауызбіршілігі мен әрбір қазақстандықтың еңбекқорлығы арқасында тұрып жатырмыз. Сіздерге толайым табыс және еңбекте жаңа жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін, – деді өз құттықтауында облыстық соттың төрағасы.
Байқауға үш команда қатысты. Олар – «Соттар әкімшісі», «Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы» және «Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы». Әрбір команда ұлттық нақыштарды сақтай отырып, мерекелік киіз үйлер тікті. Ұлттық киімдер мен қазақ халқының салт-дәстүрлері «Селт етер», «Тұсау кесер», «Беташар» рәсімдерін көрсетті. Сондай-ақ, мерекелік дастархан жайды.
Мейрамның құрметті қонақтары – сот жүйесінің ардагерлері байқауларға қатысқан судьялар мен мамандардың қабілеттері мен өнерлерін әділ бағалады.
Байқау комиссиясының шешімімен «Ұлттық нақыштағы безендірілген ерекше орта» аталымы бойынша соттар әкімшісінің командасы дип-
ломмен марапатталды. «Ең керемет ұлттық киім» және «Берекелі дастархан» аталымдары бойынша облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының командасы және «Ең ерекше қазақтың салт-дәстүрі» аталымында Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьялары мен мамандары марапатталды.
Ақмола облыстық сотының
баспасөз қызметі.