Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС ЖӘНЕ ЖАСТАР САЯСАТЫ - АРҚА АЖАРЫ

ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС ЖӘНЕ ЖАСТАР САЯСАТЫ

Жемқорлық немесе коррупция, латын тілінен corruptio –«сатып алу» дегенді білдіреді. Демек, белгілі бір лауазымды қызметкердің жұмыс бабымен тапсырылған мүмкіндіктерді өз мүддесі үшін пайдалану мақсатында жасалған іс-әрекеттер. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүйелі және мақсатты түрде жүзеге асырып келеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың іргелі негіздері «Қазақстан-2050» Стратегиясында, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамудың Стратегиялық жоспарында, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі Стратегиясында, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған стратегиясынан көрініс тапты.
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бес институционалды реформаларын жүзеге асыру бойынша алдағы уақытта сыбайлас жемқорлықпен күресудің жаңа басымдықтары белгіленді.
Мемлекет басшысының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында да жемқорлықпен күрес туралы сөз қозғалды. Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру керектігі айтылды. Мемлекеттік органдардағы процестерді, нақтырақ айтқанда халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландырудың маңыздылығы да ерекшеленді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың басым бағыттары «Қазақстан 2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында да айқын көрсетілді. Мұндағы басты ұстанымдар жастар ұйымдарымен бірлесіп, жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізу, жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана-сезімді қалыптастыру және дамыту, адал табыс табуды насихаттау болып табылады.
Жастардың жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру өте маңызды жұмыс. Балаларға оң моральдік принциптерді жастайынан бастап жеткізген дұрыс. Еңалдымен бала мен жасөспірімнің тәрбиесі отбасынан басталатыны айқын. Халқымыздың «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл сөзі көп жағдайларды аңғартса керек. Әр азамат үшін алғашқы әрі ерекше үлгі – ата-анасы, олар күнделікті тұрмыста дұрыс жол көрсете білсе, бала соған бейімделеді. Дегенмен, баланың әлеуметтену үрдісі балабақшада басталып, мектепте, орта немесе жоғары оқу орнының қабырғасында жалғаса береді. Осы тұста жас азаматтарымыздың арасында жемқорлыққа деген төзбеушілік пен жек көру сезімдерін қалыптастыруға біздер де атсалысып келеміз.
Жастармен әрқашан еркін әрі жан-жақты сөйлесу керек. Олармен көзбе-көз кездесіп, саналарына жемқорлықтың қоғамымызды қаншалықты уландыратынын жеткізу қажет. Ақмола облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы бұл жұмысты өз өкілеттілік шеңберінде атқарып келеді. Елбасы Жолдауларын, мемлекеттік бағдарламалар мен үндеулерді жан-жақты түсіндіру мақсатында жастармен кездесіп, ашық талқылаймыз. Барынша ақпараттық қолдау көрсету мақсатында арнайы ақпараттық материалдар, яғни, ақпараттық-насихаттық плакаттар мен кітапшаларды дайындап, жастар арасында таратамыз. Заман талабына сай әлеуметтік желілерде де өте белсендіміз, ресми парақшамызда да бұндай материалдарды жариялап отырамыз. Облыстағы жұмыс жасап жатқан жиырма Жастар ресурстық орталықтары да жемқорлыққа қарсы «Адал жол» марафонына белсенді атсалысуда.
Жалпы алғанда жемқорлықпен күрес – ауқымды, жүйелі тәсілдемені талап ететін жұмыс. Мемлекеттік деңгейде бұның барлығы заңнамалық негізді жетілдіру және жемқорлыққа қарсы бағдарламаларды іске асыру арқылы жүргізіледі.
Жастар саясатының ауқымы кең. Жетілдірілген заңдар мен стандарттар, адами факторды шектейтін жаңа инновациялық технологияларға сүйене отырып, жастар санасына жемқорлықққа қарсы әрекеттерді ұялату керек. Мұнда тәрбиелік шаралардың барлығы назарда ұсталуы тиіс. Ескерусіз ешнәрсе жоқ. Қарапайым мысал, жастар ересек өмірге деген бастапқы қадамдарынан бастап, яғни, студенттік кезден бастап, пара беру арқылы емтихан тапсыру, оқусыз диплом алу деген ұғымдардан аулақ болуы керек. Адал еңбекпен, маңдай термен алынған атақ, дипломның ғана құны бар екеніне көз жеткізуіміз керек. Сонда ғана білімді азаматтардың орнын біліксіз мамандар алып жататын жағдайларға тоқтам салынады. Қашанда әділ бәсекелестікке жол берген дұрыс. Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, бұл айтылғандардың барлығы бір күнде шешіле қоймайды. Сондықтан, нысаналы жұмыстарда жастар қауымы мейлінше белсенділік танытуы қажет.
Тимур ЫСҚАҚОВ,
Ақмола облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар