Облыс орталығындағы «Достар» мәдениет сарайында «Рухани қазына, ұлттық мәдениет – ел болашағы!» атты тақырыпта мәдениет саласы қызметкерлерінің өңірлік форумы болып өтті.
Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен бұл іс-шараның басты мақсаты – ұлттық мәдениетімізді насихаттау, жергілікті мәдениет ұйымдарының имиджін көтеруге бағытталған үздік әлеуметтік-мәдени және білім беру тәжірибелерін насихаттау. Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарынан да делегаттар қатысқан форум жұмысы екі кезеңде өтті.
Пленарлық отырыс Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың «Рухани жаңғыру – жарқын болашаққа бастар жол» атты баяндамасымен ашылып, одан әрі форум қатысушылары қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Сәбитованың, «Достар» мәдениет сарайының директоры Т.Мальконың, қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің директоры А.Әбішеваның, қазақ зағиптар қоғамының төрайымы Л.Сенченконың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылуы, оның маңыздылығы жөнінде жасаған баяндамаларына құлақ түрді.
Ал, форумның екінші бөлімінде шығармашылық жанрлар бойынша шеберлік сағаттары өткізілді. «Кітапхана жүйесі қызметіндегі заманауи ақпараттық мүмкіндіктер», «Ұлттық мейрамдар – елдігіміздің нышаны», «Вокалдық хор өнері», «Ұлттық би хореографиясы» шеберлік сағаттарында көршілес облыстардан келген меймандар мен облыс орталығындағы мәдениет саласының қызметкерлері тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, қатысушылар мәдениет сарайының фойесінде ұйымдастырылған «Рухани жаңғыру» тақырыбындағы көрмені тамашалады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.