Данил Потапович Нестеренко 1918 жылдың 24 желтоқсанында Украинаның Днепропетровск облысы Магдалинов ауданы Миновка ауылында дүниеге келіп, 1954 жылдың сәуір айында Ақмола облысының Есіл ауданында өмірден өтті. Ұлты – украин.
Мектепте 5-сыныпқа дейін оқыған ол тұрмыс жағдайына байланысты еңбекке ерте араласты. Елгезек бала кейінірек қысқа мерзімді курста оқып, ұжымшарда тракторшы болып еңбек етті. 1939 жылы Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, жеке теміржол батальонында қатардағы жауынгер ретінде Отан алдындағы міндетін атқарды.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, әуелі Халхин Голдағы, одан кейін ақ финдерге қарсы шайқастармен жалғасқан соғыс қимылына КСРО да тартылды. Батыс елдерін түгелге жуық жаулап алған Германияның шығысындағы Кеңес еліне шабуыл жасау қаупі күшті еді. Осыған орай, жауынгерлік дайындыққа жете көңіл бөлінді. Ефрейтор Данил Потапович
Нестеренко соғыс қимылдарына алғашқы күннен қатысты. Ол 37-гвардиялық атқыштар полкінің құрамында майданға жіберілді. 1943 жылдың 29 қыркүйегінде Белоруссияның Гомель облысы Лоев
ауданы Глущец ауылының маңында Днепр өзенінен өту операциясында ерекше көзге түсіп, жанқияр ерлік көрсетті.
Майдандағы жанқияр ерлігі үшін Нестеренкоға 1944 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. «Алтын Жұлдызбен» бірге оған Ленин ордені қоса тапсырылды. Жауынгердің ерлік жолы Ұлы Жеңіске дейін жалғасып, соғысты Берлинде аяқтайды. «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін» және басқа да жауынгерлік медальдармен марапатталады.
Соғыстан кейін запастағы лейтенант Данил Нестеренко Украинаның Донецк облысы, Дзержинск ауданында еңбек етті. Қазақстанға ол тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталған тұста алғашқылардың қатарында келген еді. Целиноград облысы Есіл ауданына қарасты «Дальный» кеңшарында трактор бригадасының бригадирі болып тың жерлерді игеруге атсалысты. Дегенмен, Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысып, от пен оқтың ортасынан аман шыққан жауынгер ауыр дерттен 1954 жылы көз жұмды. Ол еңбек еткен «Дальный» кеңшарының бір көшесіне Батырдың есімі беріліп, шағын ескерткіші орнатылды.