Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ел мүддесінің жауапкершілігі - АРҚА АЖАРЫ

Ел мүддесінің жауапкершілігі

Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Көкшетау қаласындағы бірқатар әлеуметтік мекемелерде болып, партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Партияның облыстық филиалының активімен кездесіп, алдағы тұрған міндеттерге тоқталды. Сапар барысында партия төрағасының бірінші орынбасарымен облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Мәлік Мырзалин бірге болды.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары ретінде алғашқы сапарын Ақмола облысынан бастаған Мәулен Әшімбаев алдымен Көкшетаудағы М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясында болып, ондағы ІТ-сыныбының әлеуетіне назар аударды. Білім ордасында балаларға бағдарламалау негіздерін оқытатын тегін ІТ-сыныбы жұмыс істейді. Осы арқылы оқушылар «Pascal», «Java», «PhP», «Delph» сияқты бағдарламалау тілдері мен робот техникасы жайында тереңдетілген білім алуға мүмкіндік алып отыр. Осы ретте партияның бастамасымен еліміз бойынша 1000 ІТ-сынып ашылып, онда жылына 150 мың бала бағдарламалау және робот техникасының негіздері жайында тереңдетілген білім алатынын атап өткен жөн. Сондай-ақ өткен жылы мектеп базасында «Бағдарламалау» үйірмесі ашылып, оқушылардың ІТ технология, 3D модельдеу сияқты жаңа инновациялық бағытта білім алуына жол ашылған. Нәтижесінде мектеп оқушылары түрлі инновациялық жобалар байқауында топ жарып, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Бүгінде көкшетаулық мектеп оқушылары кеңінен қолданатын, 9 жəне 11-сынып оқушыларының мемлекеттік емтихан мен ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуына арналған веб-сайтты да дәл осы мектеп-гимназияның жас өнертапқыштары ойлап тапқан.
Өңірлердегі мектептерде осындай ауқымды жұмыстардың табысты жүзеге асырылуы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жемісі екені сөзсіз.
– Бүгінде еліміз бойынша бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде Ақмола облысындағы қарқынды жұмыс көңіл қуантады, – деді көкшетаулық оқушылардың ғылыми шығармашылық жұмыстарымен танысқан Мәулен Әшімбаев.
Ал, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде болғанында партияның ІТ-мамандар даярлау жобасы аясында ашылған орталықтың жұмысына назар аударды. Қазіргі кезде мұнда жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жергілікті азаматтар бағдарламалау негіздері бойынша білім алуда. Нақты айтқанда, олар «Java», «PhP», «Delphi», «C++3D», «Max3D», «Studio», «MaxFoxPro» және «Corell3» бағдарламалары бойынша жан-жақты білім алып, осы салада өз бетінше жұмыс істеуді үйренеді. Халықтың цифрлық сауаттылығын арттырып, жастарды бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптастыруға бағытталған бұл жоба бойынша елімізде жұмыс беруші ІТ-компаниялар мен ірі жоғары оқу орындарының базасында 20 ІТ-орталық ашылып, жылына 35 мың адам білім алады деп жоспарлануда. Бұған А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті де үлес қосатын болады.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалында партия төрағасының бірінші орынбасарына Көкшетау қаласының бас жоспары енгізілген интерактивті карта даярлау жобасы таныстырылды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Қайрат Сұлтановтың айтуынша, интерактивті картаға Көкшетау қаласынан басқа алдағы уақытта облыстың барлық аудандары мен қалаларын енгізу жоспарда бар. Осы карта арқылы ақмолалық кәсіпкерлер инженерлік инфрақұрылымға қол жеткізіп, бос жер телімдері туралы толық мәліметтер алатын болады. Сол арқылы кәсіпкерге өз ісін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік тумақ.
Партиялық жобалардың қатарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздегі кітапханаларды заманауи білім орталықтары ретінде қайта құру бастамасы да бар. Осы бағыттағы жұмыс барысымен танысу үшін Мәулен Әшімбаев М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасына соғып, коворкинг орталығының жұмысын көзбен көрді. Әсіресе, «Рухани қазына» жобасы шеңберінде қолға алынған «Мобильді кітапхана», «Ауылдық кітапхана – білім мен парасат ордасы» жобасы мен «Magjan.kz» тарихи-әдеби порталының жұмысына оң бағасын берді.
Сапар соңында Мәулен Әшімбаев «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық активімен кездесіп, партиялық жобалардың маңызы мен оларды жүзеге асырудың тиімді тетіктерін талқылады.
– Біздің алдымызда Елбасы айқындап берген әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу міндеті тұр. Осы бағытта елімізде экономикалық, саяси, рухани және әлеуметтік жаңғыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Партия төрағасының тапсырмасына сәйкес «Нұр Отан» партиясы да өз қызметін жаңғырту бойынша нақты жұмыстарды қолға алды. Ақмола облысындағы игі бастамалар соның жемісі. Алдағы уақытта да партия қазақстандықтардың заман талаптарына бейімделген, инновациялық жетістіктерді еркін меңгерген, ІТ саласында бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін бастаған жұмыстарын лайықты жалғастырады, – деді Мәулен Әшімбаев партия активінде сөйлеген сөзінде.
Сонымен қатар, облыс әкімі Мәлік Мырзалин бастаған ақмолалық нұротандықтарға партия басшысы алға қойып отырған міндеттердің ауқымы зор екенін айта келе, оны жүзеге асыруда сәттілік тіледі.

Аслан Оспанов.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар