Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Қопа көліне балық жіберу шарасына қатысты.
Қопа көлінің табаны лайланып, суы азайып, қамыс қаулап кеткен болатын. Көлді табиғи жолмен тазарту мақсатында облыс әкімдігінің бастамасымен шөппен қоректенетін балықтарды жіберу қолға алынып отыр. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіровтың айтуына қарағанда, бұл жолы Қопа көліне Зерендi балық питомнигiнде өсiрiлген 40 мың ақ амур және дөңмаңдай балықтары жiберiлдi.
– Бұл балықтардың ерекшелегі олар көлдің түбіндегі шөп және балдырлармен қоректеніп, көлді табиғи жолмен тазартуға мүмкіндік береді. Өткен жылдың қараша айында Қопа көліне 13 мыңға жуық ақ амур және 3 мыңға тарта дөңмаңдай балығын жiберген едік. Мұндай шараның маңызы зор, – дейді Руслан Әубәкіров.
Шараға қатысқан аймақ басшысы қоршаған орта үшін пайдасы зор игі істің алдағы уақытта да жалғасын таба беретінін атап өтті. Облыс аумағындағы көлдерге балық жіберу үшін соңғы екі жыл бойы бюджеттік бағдарлама бойынша қаржы бөлінуде. Өткен жылы осы мақсатта 10 миллион теңге қаржы бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 40 миллион теңгеге жетіп отыр. Сонымен қатар, жуырда Зеренді ауданындағы Шағалалы көліне де тұқы мен мөңке тұқымды балықтар жіберілді.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажары»
Көкшетау қаласы.