Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетауда студенттерге арналған 11 жатақхана салынады - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетауда студенттерге арналған 11 жатақхана салынады

Елбасы Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бағдарламасының үшінші бөлігінде «жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» мәселесі айтылды. Бұл бастамадан кейін еліміздің түкпір-түкпірінде білім алушы жастарға арнап, жатақхана салу жоспарлары жасалды. Көкшетау қаласында алдағы уақытта студенттерге қанша жатақхана салынатындығы жөнінде білім ошақтарының жауапты мамандарымен сөйлесіп көрдік.

«Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет. Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек. Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді» деп атап көрсеткен болатын Елбасы.
Біздің облыста студенттер көп шоғырланған орталық – Көкшетау қаласы. Мұнда төрт жоғары оқу орны мен бірнеше орта арнаулы білім ошақтары бар. Солардың ішінде студенттері көп оқу орындарының білім алушылардың әлеуметтік жағдайына қатысы бар жауапты мамандарымен хабарласып, олардағы жатақхана салу жоспарымен таныстық.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Аманай Сейітқасымовтың айтуынша, қазіргі таңда оқу орнының күндізгі бөлімінде шамамен 3 мыңнан астам студент білім алып жатса, оның 1310-ы жатақханада тұрады. Болжам бойынша алдағы оқу жылындағы медициналық факультеттің ашылуына байланысты 1 мың студентке баспана қажет болады. Соған орай, университеттің жанындағы Смағұл Сәдуақасов атындағы ауыл шаруашылығы институтының 2,2404 гектар жеріне 500 орындық бір жатақхана салынбақшы. Бүгінде «Регион-Строй» компаниясымен келісім шарт жасалыпты. Сонымен бірге, екінші 500 орындық жатақхана тұрғызу мәселесі қарастырылып жатыр. Алдағы уақытта облыстық әкімдік тарапынан көмек көрсетіліп, орталықтан бір 500 орындық жатақханаға жер берілсе, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салуды жоспарлаған.
Сол сияқты А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің 500-ден астам студенті жатақхана тапшылығынан пәтер жалдауда.
–Мен ақылы бөлімде білім алудамын. Жатақханың тапшылығынан пәтер жалдап тұруға мәжбүрмін. Қазір қалада бір бөлмелі пәтер жалдаудың өзі 50 мың теңгеге дейін барады. Қаншама студенттер осылайша ата-аналарының қалтасын қағуда. Қазір төртінші курстамын. Бастапқы екі жылда ата-анамның жағдайын ойлап, туған туысқандарымның үйінде тұрдым. Үшінші курстан бастап, жұмысқа орналасып, пәтерақымды өзім төлей алатын жағдайға жеткен соң, курстастарыммен бірігіп пәтер жалдаудамын. Келесі жылы Елбасының бастамасымен қалада бірнеше жатақхана бой көтереді деп жоспарланып отыр, бұл студенттер үшін тиімді болар еді. Себебі, пәтер жалдап тұру қиын болғандықтан, Застанционный, Красный яр секілді жақын елді мекендерден, саяжайлардан қатынап оқитын студенттерге жақсы болар еді. Оқу үлгерімдері де жақсара түседі деген ойдамын,– дейді А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің педагогика және психология факультетінің студенті Дәметкен Қаһарманова.
Білім ордасына қажетті 500 орындық жатақхана мамандардың мәлімдеуінше, аталған білім ордасының оқу корпустары орналасқан жерде салынады деп жоспарлануда.
Облыс әкімі М.Мырзалин Елбасының бес бастамасына байланысты Достық үйінде өткен дөңгелек үстелдердің бірінде алдағы жылдары облыста 2870 орынды қамтитын студенттердің 11 жатақханасы салынатындығы туралы жоспардың бары жайында айтқан болатын. Алдағы жылдары бұл жоспар нақтылы іске асса, студенттердің жағдайы жақсарып қалар еді.
Облыстық білім басқармасының мамандарының мәлімдеуінше, Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжі жастарына арналған 320 орындық жатақхана құрылысы қолға алынбақшы. Жоғары техникалық колледжі жалпы 600 орынды қамтитын 9 қабатты екі корпусты жатақхана салуды жоспарлапты. Ал, Біржан сал атындағы музыкалық және Ақан сері атындағы мәдениет колледждері 150 және 300 орындық тоғыз және бес қабатты жатақханалар тұрғызуды жоспарлауда.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар