Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауыл шаруасы бүгінгі талапқа сай болуы керек - АРҚА АЖАРЫ

Ауыл шаруасы бүгінгі талапқа сай болуы керек

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалин жұмыс сапарымен Зеренді, Сандықтау, Атбасар аудандарында болып, көктемгі егіс жұмысының барысымен танысып, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен және мамандарымен кездесіп, науқанды қысқа мерзімде сапалы аяқтап шығуға назар аударды.

Облыс әкімі сапар барысында алдымен Зеренді №1 орта мектебінің соңғы қоңырау салтанатында құттықтау сөз сөйлеп, өмірдің жаңа баспалдағына қадам басқан мектеп түлектеріне сәттілік тіледі және мультимедиялық кабинетке құрылғылар сыйлады. Ата-аналардың пікірін тыңдап, оқушылардың өнерін тамашалады. Бұдан соң облыс әкімі мектеп ішін аралап көрді. Білім ошағының басшысы
Нажмиден Нұралиннің айтуынша, үш қабатты мектеп ғимаратының шатыры ауыстырылып, кәріз жүйесі жөнделген. Өрт дабыл қаққышы мен бейнекамералар орнатылған. Орталықтандырылған су және жылу жүйелеріне қосылыпты. Мұнда сексенге жуық мұғалім еңбек етеді. Өткен жылы мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуден 80 балл алыпты. Компьютер бөлмелеріне 53 компьютер қойылған. Сондай-ақ, сыныптар ішіне алты интерактивтік тақта ілінген. Бүгінгі таңда бұл қос тілді мектеп таршылық етуде. Яғни, 347 орындық мектепте жеті жүзге жуық оқушы білім алып жүр. Өңір басшысы бұл мәселе қарастырылатынын айтып, мәжіліс залын, кітапхана, логопункт, психолог пен медициналық кабинеттерін, спортзал мен асхананы аралап көрді. Асханада елуден астам әлеуметтік жағынан аз қамтылған оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.
Облыс басшысы бұдан кейін «Викторовка» серіктестігінің егіс алқаптарын аралап көрді. Серіктестік директоры Владимир Андрюхиннің айтуынша, шаруашылықтың жалпы 24 мың гектарға жуық жері бар. Оның 16,7 мың гектары егістік алқап болса, 6,9 мың гектары жайылым жер. Өткен жылы шаруашылықта 29 мыңнан астам тонна астық жиналған. Гектар берекесі 22,8 центнерден айналыпты. Биыл серіктестік дәнді және бұршақты, рапс пен зығыр тәрізді майлы дақылдар себуде. Облыс әкімі егіс алқаптарында жұмыс істеп жүрген «Джон Дир», «Морис», «Конкорд» және «BOURGAULT» тәрізді өнімділігі жоғары егіс кешендеріне назар аударды. Владимир Андрюхин өз сөзінде шаруашылықтың техникалық паркі алыс және жақын шетелдердің «Бюллер» тракторы, «Джон дир», «Кейс», «Класс», «Енисей-950» комбайндары, «Кейс» шалғылары, «Харди Саритор», «Джон-Дир 4720», «Саймерс» өздігінен жүретін дәрі сепкіш, «Кенфорд», «КамАЗ» жүк автокөліктері тәрізді ауыл шаруашылығы техникаларымен жабдықталғанын айтты. Шаруашылықта машина-трактор жөндеу шеберханасы, машина ауласы, құрылыс участогі, астық тазалайтын механикаландырылған қырман, астық кептіргіш, нау-байхана жұмыс істейді. Сондай-ақ, ет бағытындағы 300 бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңында бағылатын мал Айдабол спирт зауытынан тасымалданатын бардамен семіртіледі. Үш жүз бас ірі қараның ішінде қазақтың ақбас тұқымдас қашарлары бар. Серіктестікте 145 адам жұмыспен қамтылған. Ал, көктемгі егіс пен орақ кезінде еңбеккерлердің саны екі жүзді құрайды. Шаруашылық егіншілікте астық пен майлы дақылдар өндірудің жаңа технологиясына көшкен. Алқапқа минималдық және нөлдік өңдеу технологиясы қолданылып, органикалық және минералдық тыңайтқыш енгізіледі. Шаруашылықтағы барлық жұмыс механикаландырылған. Еңбеккерлер үшін тұрмыстық жағдай жасалған. Егіс пен орақ кешендері жылжымалы вагондармен жабдықталған. Мұнда пеш, жуынатын орын мен телевизор бар. Ыстық ас күніне төрт рет ұйымдастырылады. Мұндай қамқорлық еңбек өнімділігін арттыруға өз септігін тигізуде.
Өңір басшысының жұмыс сапары Сандықтау ауданының Максимовка селосында жалғасын тапты. Мұнда ол салынып жатқан шіркеуде болып, құрылыс жұмысымен танысты. Шіркеу қайырымды жандардың қаржысы есебінен тұрғызылуда. Осы селода өткен жылы пайдалануға берілген «Провинция» дәмханасында болды. Мұнда әртүрлі мерекелік шаралар өткізіледі. Жеке кәсіпкер Валентина Закусилова жеті адамды жұмыспен қамтып отырғанын айтып берді. Дәмхана ғимараты жеке бу қазандығымен жылытылады. Су орталықтандырылған жүйеден алынады. Облыс басшысы «Свободный» серіктестігінің алқаптарын аралап көрді. Шаруашылық басшысы Александр Закусилов өз сөзінде егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысатындарын айтып өтті. Мұнда барлығы 29,5 мың гектар жер бар. Оның 17 мың гектары егіс алқабы болса, 9,1 мың гектары жайылым жер. Биыл диқандар бидай, арпа, сұлы, біржылдық шөп егуде. Серіктестік барлық технологиялық талаптарға сәйкес жұмыс істейді. Жыл сайынғы пар барлық егіс алқабының ширегін құрайды. Шаруашылық есебінен әлеуметтік саланың еңбеккерлері үшін жеті тұрғын үй және қоғамдық монша салынған. Жаңа ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынуда. 2014 жылы 9 мың тонналық жаңа бидай кептіргіші іске қосылды. Репродуктор шаруашылығы «Герефорд» тұқымдас өнімділігі жоғары екі мың басқа жуық ірі қара мал бағады. Сөйтіп, серіктестік 240 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Облыс әкімі «Спасское Агро» серіктестігінің де егіс алқаптарын аралап көрді. Бұл шаруашылық тек егіншілікпен айналысады. Қазір диқандар 5,4 мың гектар алқапқа дәнді және бұршақты дақылдар, 500 гектарға жасымық, 160 гектар жерге біржылдық шөп себуде. Өңір басшысы ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесіп, көктемгі егіс жұмысының барысы жөнінде пікір алмасты.
Бұдан соң облыс басшысы Атбасар ауданындағы «Полтавка-2» серіктестігіндегі көктемгі егіс жұмысының барысымен танысты. Серіктестік директоры Николай Белобров өз сөзінде биыл 11,9 мың гектар жерге бидай, арпа, күнбағыс, судан шөбі егіліп жатқанын айтып берді. Сондай-ақ, 24,1 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жүргізіледі. Шаруашылықта екі жүзден астам адам жұмыспен қамтылған. Өңір басшысы аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесіп, көктемгі егіс жұмысының барысы жөнінде сұрап білді.
Одан әрі облыс әкімі Мәлік Мырзалин «Шуйский- ХХІ» серіктестігінің егістік алқаптарын аралап көрді. Биыл жергілікті диқандар 20,3 мың гектар алқапқа бидай, арпа, сұлы, азықтық дақылдар, жүгері егуде. Қазіргі таңда егіс жұмысына әртүрлі тракторлар мен егіс кешендері тартылған. Еңбеккерлер үшін барлық тұрмыстық жағдай жасалыпты. Шаруашылық 500 бас ірі қара, 400 жылқы бағады. Өткен жылдың 11 айында 1,2 мың тонна сүт өндірілген. Сондай-ақ, өнімділігі жоғары 130 бас шетел қашары, 66 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алыныпты. 400 бас сиырға арналған тауарлы сүт фермасы пайдалануға берілген. Сөйтіп, ауыл еңбеккерлері жыл бойы жұмыспен қамтылып отыр. Облыс басшысы «Новосельский» серіктестігінің егіс алқаптарын аралап көріп, тұқым сапасына назар аударды. Шаруашылық басшысы Павел Шакола өз сөзінде тек қана егіншілікпен айналысатындарын айтып берді. Биыл 14,7 мың гектар жерге дәнді дақылдар себілуде. Көктемгі егіс алдында 11,5 мың гектар жер механикалық әдіспен өңделіпті. Серіктестік сапалы дәнді және бұршақты дақыл тұқымымен толық қамтамасыз етілген. Тұқым ашық аспан астына шығарылып, дәріленген. Механизаторлардың үш мезгілдік асын алқап басына апару ұйымдастырылыпты. Облыс әкімі жұмыс сапарының соңында көктемгі дала жұмыстарын өз мерзімінде сапалы аяқтап шығудың маңызды екендігін атап көрсетті.

Рамазан Тілеуов.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар