Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалин жұмыс сапарымен Целиноград және Қорғалжын аудандарында болды. Өңір басшысы алдымен елімізге аты кеңінен танымал «Родина» агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі «Зеленый Гай» шағын ауылында «Туған жер» бағдарламасы аясында ашылған мәдени-сауықтыру кешенінің салтанатты рәсіміне қатысты.
Зеленый Гай «Родина» серіктестігінің жетекші бөлімшелерінің бірі. Мұндағы 300 тұрғын шаруашылық істері мен қоғамдық өмірдің белсенді қозғаушы күші саналады. Бөлімше басқарушысы Анатолий Язаджидің айтуынша бөлімше асыл тұқымды ірі қара малды бордақылаумен айналысады. Қазіргі күні бордақылау алаңдарында «Голштейн- Фриз» тұқымды торпақтар үстеме күтімге алынған. Соңғы есеп бойынша, негізгі өндірістік көрсеткіш саналатын қосымша салмақ әр малға шаққанда 1200-1500 грамнан айналыпты. Анатолий Васильевич бұл табыс-тарын Астананың 20 жылдық, Целиноград ауданының – 90 және шаруашылық басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Адамо-
вич Сауэрдің 60 жылдық мерейтойларына шағын ауылдың тартуы ретінде атап өтті.
Бүгін жасыл желекті шағын елді мекенде қаладағыдан бірде кем емес мәдени-сауықтыру кешені бой көтеруі ауыл өміріндегі елеулі оқиға саналады. Ел қуанышын бөлісуге Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, аудан басшылары, алыс-жақын көршілердің келіп, ыстық ықыласты тілектерін білдіруі шапағаты мол күндердің көп болатындығын білдіретін ғанибет.
Мәдени-сауықтыру ошағының көк лентасын облыс әкімі Мәлік Мырзалин мен «Родина» агрофирмасының бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр алақай қол шапалақтаумен қиды.
– Еліміздегі «Рухани жаңғыру», «Туған жер» бағдарламалары өңір тұрғындарының рухы мен патриоттық белсенділігін еселей түсті, – деді облыс әкімі М.Мырзалин құттықтау сөзінде. – «Туған жер» бағдарламасымен өңірдегі елді мекендерде 39 маңызды нысан ашылды. Целиноград ауданы да игі бастамаларымен көзге түсуде. Жуырда Ақмол ауылында әсем «Рухани жаңғыру» саябағы пайдалануға берілді. Бүгінгі мәдени-сауықтыру орталығы шағын ауылдың шырайын ашумен қатар, жас ұрпақтың Тәуелсіздік мұраттарына сай жаңа ізденістерге бастайтын болады. «Родинада» мұндай қуанышты күндер көп болады деп сенемін.
Мәдениет нысаны облыс әкімдігі мен шаруашылық арасындағы ынтымақты Меморандум аясында ашылғанын атап өту ләзім. Құрылыс ісіне ЖШС 100 миллион теңге қаржы жұмсап отыр. Шаруашылықтың мәдени-сауықтыру жұмыстарын ұйымдастырушы Анна Михель мұнда барлық қолайлы жағдайлар қарастырылғанын айтты.
Бұдан кейін облыс әкімі Мәлік Мырзалин «Родинадағы» мерекелер тізбегінің тағы бір қуанышты шарасы – шаруашылық басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Адамович
Сауэрдің 60 жасқа толуына байланысты салтанатты жиналысқа қатысты.
– Иван Адамович өзінің еңбекқорлығы, кәсіби біліктілігі және жоғары ұйымдастырушылық қабілеті арқасында республикамызға танымал еңбек ұжымын қалыптастыра білді, – деді өңір басшысы М.Мырзалин құттықтау сөзінде. Серіктестікте 700 адам жыл бойғы жұмыспен қамтылған. Мұнда жылына 6 миллиард теңгенің өнімі шығарылады. Яғни, әр жұмысшыға шаққандағы еңбек өнімділігі 11 миллион теңгені құрайды. Бөлектеп айтарымыз, осы өнімнің тең жартысы мал шаруашылығының үлесінде. Осындағы екі бірдей тауарлы-сүт кешенінде 1300 асыл тұқымды ірі қара заманауи «Глобал-0» және «Ёлочка» айналмалы қондырғыларымен са
уылады. Кешенде 2017 жылы 12000 тонна сүт өндіріліп (әр сиырдан 7300 келі), қайта өңдеу зауытында 12 түрлі өнімге айналып, Астана нарығына шығарылды. Сондай-ақ, өндірісті арзан электр қуатымен қамтамасыз ету үшін 750 КВт қуаттағы баламалы жел қондырғысы істеп тұрғаны, жеке авиа паркінің бары, өндірістік жұмыстар озық әдістерге негізделгені, цифрлы технологияның қанат жая бастағаны қанағат сезіміне бөлейді. Яғни, Мемлекет басшысының жаңа дәуір талаптарындағы тапсырмалары «Родинада» мінсіз орындалады деген сенімге шәк келтіруге болмайды. Қадірлі Иван Адамовичті, барша «родиналықтарды» бүгінгі айтулы күнмен құттықтап, жаңа табыстарға жетулеріңізге тілектестігімді білдіремін.
Шара барысында кең көлемді концерттік бағдарлама қойылып, мерейтой иесін Қазақстан Президенті Әкімшілігінің, ҚР Парламенті, республикалық деңгейдегі ведомстволар мен Ақмола облысының белгілі шаруашылық басшылары құттықтады.
Бақберген Амалбеков.
Целиноград ауданы.