Өткен сенбі күні облыс әкімінің міндетін атқарушы Василий Крылов «Көкшетау» мәдениет сарайының алдында «Қазақстанның үздік тауары» конкурсының аясында өткізілген облыс тауар өндірушілерінің кең көлемді «Ақмола өнімдері» жәрмеңке-көрмесінің ашылу рәсімінде сөз сөйлеп, жергілікті жерлерде шығарылатын өнім түрлерін көбейте түсу қажеттігін баса атап көрсетті.
Өңір басшысының міндетін атқарушы алдымен, жәрмеңке-көрменің шатырларын аралап көріп, өңірлік тауар өндірушілердің өндірген өнімдерімен танысты. Солардың бірі – Целиноград ауданында орналасқан «Сапа су» зауыты. Серіктестік директорының орынбасары Таир Мұралиев темір бетон өнімдерін шығаратын зауыттың барлық қондырғылары Германияда жасалғанын, өндіріс үрдісі толық автоматтандырылғанын айтып берді. Облыс орталығында 1992 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Оникс» серіктестігі пластмассадан электромонтаж жабдығын, тігін және жиһаз фурнитураларын, халық тұтынатын тауарлар өндіреді. Сондай-ақ, «Тыныс» акционерлік қоғамы полиэтилен құбырын, бронежилеттер және өзге өнімдер шығарып келеді. Василий Крылов Гранитный кентінде орналасқан «Неруд Көкшетау» серіктестігі өндіретін қиыршық тастарға назар аударды. Кәсіпорын фин фирмасының қондырғысымен жұмыс істейді. «Көкшетау-Транс-Газ» серіктестігі өз қаржысын салу арқылы Көкшетау қаласының орталықтандырылған газбен қамтамасыз ету жүйесін қалпына келтіруде. Василий Крылов салтанатта сөйлеген сөзінде 2006 жылдан бері Елбасының «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурқа жыл сайын тоғыз жүзден астам кәсіпорын қатысатынын атап өтті.
– «Алтын сапа» конкурсына біздің өңірдің Степногорск подшипник зауыты, «ТНК» және «Родина» агрофирмалары тәрізді біраз кәсіпорындар қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Бүгін өткізіліп отырған өңірлік жәрмеңке-көрмеге жүз елуден астам кәсіпорын қатысып отыр. Олардың алпысы «Алтын сапа» конкурсына қатысуға өтінім берді. Бұл бағытта облыстық кәсіпкерлер палатасы үлкен жұмыс атқарды. Биылғы жәрмеңке-көрме ауқымды әрі жаңаша түрде өткізілуде. Бұл шараның тиісті деңгейде өтуіне атсалысқан кәсіпкерлер мен ұйымдастырушыларға облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің атынан алғыс айтамын,–деді ол. Бұдан кейін сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Әсен Жақсылықов пен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков жәрмеңке-көрмені өткізуге қолдау көрсеткен облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктерге алғыстарын білдіріп, отандық кәсіпкерлерге өз жұмыстарында сәттілік тіледі. Одан әрі жиналған жұрт Көкшетау қаласындағы шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасын тамашалады. Сондай-ақ, «Ақмола өнімдері» жәрмеңке-көрменің шатырларын аралап, нарық бағасынан төмен өнімдерді сатып алып жатты. Жәрмеңке-көрмеге қатысушылар арасында ұтыс лотереясы ойналып, жолы болғандар бағалы және ақшалай сыйлықтар ұтып алды.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбековтың айтуынша, биылғы конкурста облыстың түкпір-түкпіріндегі үздік компаниялардың ерен еңбегін атап өту үшін облыстық деңгейде қосымша 20 аталым енгізіліпті. Бұл аталымдар бойынша бірқатар кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер марапатталды.
«Өндірістік бағыттағы үздік тауарлар» аталымында «Тыныс» акционерлік қоғамы, «Sky Express Elevator kz» және «Сапа Су» серіктестіктері, «Тұрғындар үшін үздік тауар-лар» аталымында «Ижевский» өндірістік кооперативі, «Блэк» серіктестігі, омарташы, жеке кәсіпкер А.Добровольский, «Азық-түлік бағытындағы үздік тауарлар» аталымында «INTER TRADE», «Бижан» және «Гормолзавод» серіктестіктері жеңімпаз атанды. Бұл конкурстың жеңімпаздары Астанада өтетін «Қазақстанның үздік
тауарлары» республикалық конкурсына және «Қазақстанда жасалған» отандық тауар өндірушілердің көрмесіне қатысады.
Рамазан Тілеуов.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.