Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мемлекеттің қолдауымен кәсіпкерлікке қадам басуда - АРҚА АЖАРЫ

Мемлекеттің қолдауымен кәсіпкерлікке қадам басуда

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін ел ішінде насихаттап, түсіндіру және осы бағытта атқарылып жатқан істермен танысу мақсатында жұмыс сапарымен Ақмола облысында болған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, республикалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан Жұмағұлов және «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова Шортанды, Бұланды, Бурабай аудандарындағы бірқатар шағын және орта кәсіпкерлік нысандары мен Көкшетау қаласындағы халықты жұмыспен қамту орталығын аралап көрді.

Бұл сапар Шортанды ауданының Дамса селосындағы «Т.А.Хлубная» жеке кәсіпорнының газ құю станциясының жұмысымен танысудан басталды. Кәсіпорын басшысы жабдықтарды сатып алу үшін үкіметтен 3 милллион теңге шағын несие алғаны туралы қысқаша мәлімдеді. Дәл осындай газ құю станциясы Шортанды ауданының кіреберісінде де орналасқан. Президенттің бес бастамасының бірі – «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» бастамасына үн қосқан бұл кәсіпорынның негізгі бағыты – газ өнеркәсібі, яғни, газ, автомобиль майларын сату болып табылады. Оның негізгі тұтынушылары жоғарыдағы село тұрғындары мен келім-кетімді жүргізушілер. Одан әрі Бақытжан Жұмағұлов нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Бұланды ауданы көлеміндегі жұмыстардың қандай деңгейде жүзеге асырылып жатқанын бақылау мақсатында Макинск қаласында орналасқан «TUMAR» жиһаз өндіру цехына және дүкеніне атбасын бұрды.
Жеке кәсіпкер Маралбек Төлеген ашқан бұл бизнес нысаны өз жұмысын өткен жылдың көктемінен бастаған. Ол үшін кәсіпкер арнайы мемлекеттік бағдарламаға қатысып, жабдықтарды сатып алу үшін 3 миллион теңге несие алған болатын. Қазіргі таңда корпустық және жұмсақ жиһаз өндіріп жатқан кәсіпорында төрт адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілген. Кәсіпорынның жалпы алаңы 614 шаршы метр, оның ішінде 180 шаршы метрі өндірістік алаң. Кәсіпорын шығаратын өнімдерді Бұланды, Бурабай аудандары мен Астана, Көкшетау қалалары тапсырыспен алдыра алады. Алдағы уақытта Маралбектің өз ісін әрі қарай кеңейтсем деген ойы бар. Осылайша шкафтар мен жұмсақ жиһаз өндірісін қолға алған ол бағдарлама аясында мүмкіндігінше тағы да несие алуға ынталы.
Бурабай ауданының Бурабай селосындағы «М.Б.Шаймерденов» жылыжай шаруашылығының иесі Мейрам Баймырзаұлы оны ұйымдастыру мен әртүрлі көкөніс түрлерін өсіру үшін үкіметтен 4 миллион теңге шағын несие алған. Бір кезде әкесі бастаған бұл отбасылық іс қазір көкөніс өсіруді жолға қою арқылы өз нәтижесін беруде.
Көкшетау қалалық әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығында меймандарды облыс әкімінің міндетін атқарушы Василий Крылов қарсы алып, аталмыш мекеме директорының орынбасары Инна Адам заманауи құрылғылардың арқасында халыққа қызмет көрсетудің жай-жапсарымен таныстырды. Мекеме негізінен «2017-2021 жылдарға арналған өнімді жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі, кәсіптік оқытуға, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмысқа және қоғамдық жұмыстарға бағыттайды. Сондай-ақ, тілек білдірушілерге өз бизнесін ұйымдастыру және оны кеңейту үшін 6 пайыздық шағын несие берумен айналысады.
Елбасы осы бес әлеуметтік бастаманың аясында «Нұр Отан» партиясына әлеуметтік-саяси партиялармен және азаматтық қоғам өкілдерімен бірге оның жүзеге асырылуын жіті бақылауды тапсырғаны белгілі. Сондықтан, сапар барысында «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова жаппай кәсіпкерлікті дамытуда нәтижелі жұмыспен қамтудың маңызы зор екенін жиі атап көрсетті. Кәсіпкерлермен әңгімелесу барысында мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алу, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау, бизнесті кеңейту, тағы басқа мәселелер бойынша жанды пікірлер алмасылды. Сөйтіп, жергілікті жерлерде бес әлеуметтік бастама дұрыс іске асырылса, ол арқылы біраз істер сәтті шешімін табатынына айқын көз жетті.

Асылай Қадырқызы.

Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар