Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Егістік алқапты әртараптандырудың тиімділігі - АРҚА АЖАРЫ

Егістік алқапты әртараптандырудың тиімділігі

Әлемдік нарықтағы қарым-қатынастың шиеленісті болуына байланысты экономиканың аграрлық секторындағы бәсекелестікті арттыру уақыт талабы. Қазақстанның солтүстігінде дәстүрлі бидай өсірілетін аймақтарда біздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жаздық рапсқа, бұршаққа, зығырға, тарыға, жемазықтық және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарына көп көңіл бөле бастады. Бұл бір жағынан мал шаруашылығын дамыту үшін өте маңызды, ал, екінші жағынан бидай дәні бағасының тұрақсыздығына байланысты және оның ортадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қажет. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2016 жылғы мәліметтері бойынша дәнді және бұршақ дақылдары Ақмола облысының егістік құрылымындағы көлемі көктемгі егін себер алдында 90 пайызға дейін қамтылған. Оның ішінде жаздық бидайдың үлесі 78,7 пайызды құрайды. Жемшөп дақылдары 4,2 пайызға дейін және майлы дақылдар тек қана 4,5 пайыз болды. Ал, өңірдің өңделген егістік жерлерінде басқа дақылдардың үлесі 12,5 пайыз, жарма және дәнді күздік дақылдарын пайдалану құрылымы тек қана 0,1 пайызды құраған.

Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру үшін қазіргі заманғы топырақ үнемдеу технологияларына көшу маңызды шара. Егістік жер құрылымында ағымдағы жағдайда жүргізілген талдау нәтижесі мен өңірдегі топырақ-климаттық аймақтардағы деректер осыны көрсетті және оны одан әрі қарай жетілдірудің мол мүмкіндіктері бар екені анықталды. А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында бір орында үзіліссіз ұзақ мерзімде жүргізілген ғылыми жұмыстардың деректері бойынша Ақмола облысының Сандықтау, Шортанды, Атбасар аудандарындағы жеке шаруашылықтарда өңделген егістік жер танаптарын тиімді пайдалану арқылы өсімдік шаруашылығын әртараптандырғанда өсімдіктің биологиялық бір-біріне ұқсас әр түрлі дақылдардың тиімділігінің әсері байқалды. Әсіресе, жемазықтық дақылдар (арпа, сұлы) жоғары әлеуетті өнімділігімен ерекшеленеді және табиғи ресурстарды тиімді пайдаланады. Таза сүрі жер танабының орнына жемазықтық дақылдарды өсіру өңделген жерлердің тиімділігін жоғарылатады және парлы ауыспалы егіспен салыстырғанда 4-танапты астықты ауыспалы егістің түсімділігі 24 пайызға артып, ал, осы дақылдардың ауыспалы егістегі көп жылдардағы орташа өнімділігі гектарынан 23,8 центнерді құрады. Сондай-ақ, өңделген егістік жер құрылымында дәнді бұршақ дақылдарының көлемін кеңейту өте өзекті. Дәнді бұршақ дақылдарының арасынан жоғары өнім беретін асбұршақ дақылы. Зерттеу жүргізілген соңғы жиырма жылда асбұршақтың орташа өнімі таза сүрі жер танабына өсірілгенде гектардан 15,1 центнер, ал, аңыздықты танапта гектардан 14,6 центнер болды.
Асбұршақты неғұрлым ауа райы қолайлы климат жағдайы бар, яғни, өңірдің солтүстік аудандарында өсірген дұрыс. Дәнді бұршақ дақылдары арасынан әсіресе, құрғақшылық жиі болатын аймақтарда (аудандарда) ноқат жақсы нәтиже береді. Бұл дақыл құрғақшылыққа өте төзімді және жоғары технологиялық дақыл саналады. Піскен ноқатты жинағанда жатып қалмайды және дәні төгіліп, шашылмайды. Ноқатты таза сүрі жер алғы дақылына өсіргендегі өнімі гектардан 12,3 центнер, ал аңыздық танапта гектардан 11,2 центнерді құрады. Соңғы жылдары өсімдік шаруашылығы саласын әртараптандыруға байланысты ауыспалы егіс құрылымында дәнді бұршақ дақылдары арасынан жасымық дақылының алатын орны ерекше. Жасымық өсімдігі Қазақстанда аса көп зерттелмеген, әсіресе, өндіріс жағдайында бұрын өсірілмеген өңірге енді ғана таныла бастаған бір жылдық бұршақ дақылы. Ауыспалы егісте жасымықты дәнді дақылдармен кезектесіп орналастырғанда өз орнына үш-төрт жылдан кейін оралуы тиіс. Ауыспалы егісте бұл дақыл осылай үш-төрт жыл айналымнан кейін өз орнына оралуы аурудың жиналуын біршама азайтады. 12 жыл жүргізілген зерттеуде аңыздық алғы дақылдан кейін себілген жасымықтың орташа өнімі гектарынан 9,6 центнерді құрады. Республиканың солтүстік өңірлерінде оның ішінде Ақмола облысы жағдайында өсімдік шаруашылығын әртараптандыруда майлы дақылдардың есебінен шешілуі керек. Өңірдегі өңделген жерлердегі ауыспалы егіс құрылымында майлы дақылдар көлемінің мөлшері біршама өсіп келеді. Көп жылдық зерттеулердің нәтижесі бойынша қолайлы жылдары тұрақты өнімді майлы дақылдар арасынан зығыр, жаздық рапс және қыша қамтамасыз етсе, ал, құрғақшылық жылдары күнбағыс өнім береді. Күнбағыстың май дәнінің өнімділігі орташа 10 жылда гектарынан 7,0 центнерді құраса, жаздық рапста – гектарынан 6,7 центнер, зығырда – гектарынан 7,6 центнер және қышада гектарынан 6,6 центнер болды. Ақмола облысы жағдайында жарма дақылдарының егіс көлемін біртіндеп арттыру қажет. Аймақтың климат жағдайында тары құрғақшылыққа ең төзімді дақылдың бірі, тіпті құрғақшылық жылдары да астық шығымдылығын азайтпайды. 2012 жылы болған құрғақшылық жағдайында тарының алынған өнімі гектарынан 8,2 центнерді құрады немесе бидайға қарағанда өнімі гектарынан 3,0 центнер жоғары болды. Қарақұмық бал беретін, диетикалық және экспорттық дақыл және ол астықты ауыспалы егісте орналасуы қажет. Бұл дақыл астықты ауыс-палы егісте орналасқанда орташа 15 жылда гектарынан 12,4 центнер өнім алынды.
Осы аталған дақылдар мен қатар ауыспалы егіс құрылымына біржылдық және көпжылдық мал азығы дақылдарын енгізу қажет. Мал азығы дақылдары мал шаруашылығын дамыту және топырақ құнарлылығын сақтау үшін керек. Әсіресе, бір жылдық мал азығы дақылдарын ерте көктемде және жазда шөпке немесе жасыл балаусаға өсіру өте жақсы нәтиже береді. Жаздың екінші жартысында өсірілген біржылдық мал азығы дақылы орташа жиырма жылда гектарынан 130,0 центнер жасыл балауса берсе, гектарынан 16,2 центнер пішен өнімі алынды. Жүргізілген көпжылдық (25 жыл) зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша сүрлемдік дақыл жүгерінің жасыл балаусасының алынған орташа өнімі гектарынан 135 центнерді құрады. Көпжылдық астықты және бұршақты шөптер ауыспалы егісте өз орнын алу керек. Олар мал азығы және астықты ауыспалы егістерге орналастырылуы тиіс. Көпжылдық астықты шөптер дәнді дақылдар үшін өте жақсы алғы дақыл. Егіс көлемінің құрылымында сидералды дақылдарды өсіру де жоғары тиімділік береді және топырақтағы қара шірік мөлшерін бір деңгейде ұстап тұрады. Сидералды дақылдарды өсіру және жасыл тыңайтқышқа жырту топырақтағы қажетті қоректік заттар мөлшерін толықтырады. Ауыспалы егісте
сидералды дақылдар ретінде түйежоңышқаны, рапсты, қышаны, тарыны және асбұршақ-сұлы қоспасын пайдалануға болады. Мысалы, түйежоңышқаны жасыл тыңайтқышқа жыртқаннан кейін өсірілген жаздық бидайдың орташа 13 жылдағы өнімділігі гектарынан 19,6 центнерді құрады.
Қортындылай келе, ауыспалы егістегі егістік құрылымын одан әрі қарай жетілдіру үшін өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдары өздерінің табиғи мүмкіндіктерін толығымен пайдалана алады. Әсіресе, дағдарыс жағдайының кері әсерін біршама жақсартады және нарықта өз араларында бәсекеге түсе алады және нақты егіншілік элементтерін ауыл шаруашылығында пайдалану арқылы шығынды біршама қысқартуға болады. Егіс көлемінің құрылымында майлы және дәнді бұршақ дақылдары бидайға қарағанда ерте себіледі. Ол өз кезегінде егін себу мерзімі науқанын ұзартады және жұмыстың қауырттығын азайтады. Сонымен қатар, осы аталған дақылдар дәнінің бағасы әлемдік нарықта бидай дәніне, қарағанда 2-3 есе қымбат тұрады. Жемазықтық және жарма дақылдарының себу мерзімі кеш болғандықтан, ауыспалы егіс буынындағы егістіктердегі арамшөптер мен лас-тануы мәселесін тиімді шешеді. Біржылдық және көпжылдық мал азығы дақылдарының көлемін егістік құрылымында ұлғайту арқылы мал шауашылығын арзан мал азығымен қамтамасыз етуге болады. Әртүрлі биологиялық топтардағы ауыл шаруашылығы дақылдарын өсімдік шаруашылығын әртараптандыруға пайдалану арқылы тұрғылықты өндірісте «Қазақстанда жасалған» деген жергілікті өнеркәсіп брендімен өз өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді.

Алдаберген ҚИЯС,
A.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығындағы ауыспалы егіс зертханасының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар