Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Digital-ұрпақ» – ел ертеңі - АРҚА АЖАРЫ

«Digital-ұрпақ» – ел ертеңі

Өткен жексенбіде Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинова, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин жəне «Казконтент» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Евгений Кочетовтың қатысуымен Зеренді ауданындағы «Зерен» демалыс орталығында республикалық жастар білім лагерінің «Digital-ұрпақ» атты бірінші ауысымының ресми ашылуы болып өтті.

Аталмыш білім лагері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес бастамасын талқылаудың, іске асырудың алаңы болмақ. Алға қойған мақсат-мұрат орасан зор. Талпыныс та ширығып тұр. Ең бастысы, бүгінгі жастарға мемлекетіміз бен қоғамымызда болып жатқан оң өзгерістердің қайнаған ортасынан табылып, болашақ иелері өздері екендігін ұғындыру қажет.
Шараға арнайы келіп қатысқан Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев пен Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинованың ашылу салтанатындағы лебізінен осындай асқаралы ой өрілді. Және алдағы уақытта дәл бүгінгідей жастар жиындарын өткізуді, сөйтіп, жастар арасындағы толайым табыстарды насихаттап, кіл жүйрікті өзге замандастарына үлгі ету, олардың ақыл-кеңестерін, тәжірибелерін таратуды дәстүрге айналдыру қажет деген орынды ұсынысқа Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин қолдау көрсетіп, әр жыл сайын Зеренді баурайы жастар зердесінің ұстаханасына айналатынын атап өтті.
– Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру» мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы бәсекеге қабілеттілігімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек» деп атап өтті. Бүгінгі бас қосуымыздың негізгі мақсаты білімді, қабілетті, ұлттық рухы биік, парасатты жастарды қалыптастыру. Қазақстанның болашағы білімді және тәрбиелі жастардың қолында. Сіздердің ұсынған жаңа жобаларыңыз әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіруге ықпал етеді деп сенемін, – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.
Сонымен қатар, «Казконтент» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Евгений Кочетов те жасампаз болашақтың иелері қандай болуы керектігін қолмен қойғандай етіп тәптіштеп айтып берді.
– Зеренді топырағы халқына қадірлі талай жақсылар мен жайсаңдарды түлетіп ұшырған киелі мекен. Заманында талайлы кезеңдер мен бейбіт өмірдің сан қабат жүгін ауырсынбай арқалап, есімі ел есінде қалған Кеңес Одағының Батыры, ғалым Мәлік Ғабдуллин атамыздың туған жерінде еліміздің талантты жастарының бас қосып отырғаны үлкен тарихи оқиға. Елімізде жастардың білім алып, ғылыммен айналысуына барлық жағдай жасалған. Алдағы күндері осында өтетін ауысым кезінде түрлі идеялар мен жобалар дүниеге келетініне сенім мол, – деп өзінің алған алғашқы әсерімен бөлісті Шымкент қалалық әкімдігі жанындағы жастар ресурстық орталығының қызметкері Сәбина Назарова.
Жастардың жазғы білім лагеріндегі жұмысы үстіміздегі жылдың тамыз айының 12-і мен 26-ы аралығында өткізіледі деп жоспарлануда. Жұмыс үш тақырып бойынша ұйымдастырылмақ. Айталық, бірінші ауысым бірнеше тақырыпты қамтитын болады. Оның ішінде ең басты тақырып «Digital-ұрпақ» болса, екінші ауысым «Жаңғыру трендтері», үшінші ауысым «Бизнес сиқыры» деп аталады. Лагерьдің қатысушылары еліміздің әр қиырындағы жастар ұйымдарының көшбасшыларымен және ісін дөңгелетіп отырған жас толқын арасынан шыққан кәсіпкерлермен кездеседі. Оның үстіне «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушылары да бұл жұмыстан тыс қалмайды. Әр ауысымда жүз адамнан қамтылмақ.
Алдағы міндет – жастар саясатын жетілдіріп, жаңа технологияларды оқып-үйрену, тәжірибе алмасу болып отыр. Осы орайдағы тиімді тетіктерді жастардың әлеуетін дамытуға жұмылдыру көзделуде. Семинарлар мен тренингтер өткізіліп, тақырыптық жобалар әзірленіп, идеяларды іріктеу ұйымдастырылмақ.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар