Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин менҚазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен Щучинск-Бурабай курорттық аймағында орналасқан «Rixos Borovoe» мейманханасының аумағында «Burabike» атты алтыншы қайырымдылық велосипед жарысы болып өтті.
Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен «Rixos Borovoe» мейманханасы және Болат Өтемұратовтың қоры ұйымдастырған спорттық шараға республикамыздың түкпір-түкпірінен 2300 адам тіркелсе, олардың 841-і қайырымдылық велосипед жарысына қатысты. Мәдениет және спорт министрі жиналғандарды Конституция күнімен құттықтап, спорттың адам өміріндегі маңызы жөнінде айта келе, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. «Astana Pro Team» командасының бас менеджері Александр Винокуров өзінің кезекті «Burabike» жарысына қатысқанына қуанатынын жеткізді.
–Жыл өткен сайын қатысушылар саны көбейіп келеді. Басты мақсат – қайырымдылық жасау. «Astana Pro Team» комадасы үшін велосипед жарысына қатысу дәсүрге айналды,–деді бас менеджер. Бұдан кейін спортшылар өмірден ерте өткен әріптестері Денис Тенді бір минут үнсіздікпен еске алды. Бір сәтте аспанға оқ атылып, атақты спортшылар Александр Винокуров пен Александр Луценко бастаған велосипедшілер отыз шарымдық жолға шықты. Қайырымдылық шараның мақсаты – Қазақстандағы балалар емханаларын өмірлік маңызы зор медициналық қондырғылармен жабдықтауға қаражат жинау. Алты жылда «Burabike» жарысына қатысушылар мен меймандар 700 миллион теңгеден астам қаржы жинап қайырымдылыққа жұмсапты. Мәселен, өткен жылы жиналған қаражат 168 429 890 теңгені құрады. Бұл велосипед жарысы алғаш рет өткізілген 2013 жылғы жиналған сомадан 15 есеге артық. Осы жылдары жарысқа қатысушылар саны сегіз есе өсіп, мыңнан асты. Биыл балалардың өмірін құтқаруға арналған спорттық шараға 841 велосипедші қатысып, отыз шақырым қашықтықты бағындырды. Кейбір спортшылар бұл қашықтықты екі-үш рет айналып өткенін атап өткен жөн. Жыл сайын «Burabike» жарысына Арыстанбек Мұхамедиұлы, Болат Өтемұратов, Нұрлан Смағұлов, Александр Винокуров, Серік Сәпиев пен Аружан Саин сияқты өзге де қоғам қайраткерлері, ірі бизнестің өкілдері мен атақты спортшылар қатысады.
Болат Өтемұратов қорының тарихына аз-кем тоқталсақ,бұл қор 2014 жылдың басында құрылған. Қордың мақсаты – денсаулық сақтау, білім, мәдениет және спорт салаларының дамуына қол ұшын созу. Қорды құру идеясы оның негізін қалаушы Болат Өтемұратовқа тиесілі. Ол «Аутизм. Баршамызға бір әлем» қорының бағдарламасына 12,5 миллион доллар бөлген екен. Дипломат, ірі кәсіпкер әрі меценат Болат Өтемұратов «Forbes»-тың Қазақстандағы ең үздіктер тізімде. «Верный Капитал» компаниялары тобының негізгі жарнашысы. Сондай-ақ, ол Форте және Касса Нова банктеріне ие. Оның қаржысы телекоммуникация мен медиа, қонақ үй бизнесін, жылжымайтын мүлікті, табиғи ресурстарды, көлік және логистиканы, құрылыс материалдарын өндіруді, халық тұтынатын тауарлар мен қызметтерді қамтиды. Кәсіпкер 2007 жылдан бері Қазақстан теннис федерациясының президенті. Ол үлкен теннисті дамытуға, еліміздің ұлттық құрамаларын құруға, балалардың теннисін дамытуға және барлық ірі қалаларда теннис инфрақұрылымын салуға өз қаржысынан 65 миллион доллар жұмсаған екен. Біз қор төрағасы Болат Өтемұратовқа жолығып, әңгімеге тарттық.
–Биыл жарысқа қатысамын деген үміткерлер көп болды. Олардың барлығын қатыстыра алмадық. Келесі жылы да қатысушы көп болады деген үміттемін. Оларды жастары және дайындық деңгейі бойынша топтарға бөлеміз. Жарысқа 5 мың қатысушыны қабылдауға мүмкіндік жасамақпыз,–деді кәсіпкер.
Іс-шара барысында қайырымдылық аукционы өткізілді. Аукционда Геннадий Головкиннің қолтаңбасы бар бокс қолғабы, «Astana Pro Team» бірегей велосипеді, Рафаэль Надальдың, Новак Джоковичтің және Зарина Диястың ракеткалары, Пеленің қолтаңбасы бар футболка, «Асыл мирас» орталығының балалары салған суреттер лоттар ретінде ұсынылды. Қайырымдылық аукционда 121 миллион теңге қаржы жиналды.
Велосипед жарысы аяқталған соң жиналғандар «Rixos Borovoe» мейманханасының ашық аспан астына жайған дастарханындағы әртүрлі тағамдарынан дәм татып, қазақстандық эстрада жұлдыздарының концертін тамашалады. Қайырымдылық жәрмеңкеде балалар салған суреттер мен естелік бұйымдар сатып алды. Шеберлер қалашығында театрлық, цирктік, қолөнер, сурет, фитнес, балық аулаудың құпиялары және өзге де шеберлік кластарын тамашалады.
Бұл спорттық шарада жиналған 205 миллион теңгеге Жамбыл облысы Мерке ауданының орталық аудандық емханасына, Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев орталық аудандық емханасына, Алматы облысы Панфилов ауданының перзентханасына және Алакөл орталық аудандық емханасына, Қарағанды облысының Ағадыр ауылдық емханасына өмірлік маңызы зор медициналық қондырғылар сатылып алынады.
Суретті түсірген
Ермұрат ДОСЫМОВ.