140 мыңнан астам тұрғыны бар Целиноград ауданы бүгінде еліміздің солтүстік өңіріндегі ең ірі өңірлердің бірі. Аудан құрамындағы елді мекендер Астанаға іргелес орналасқандықтан, бұл ауылдарға қоныс аударушылар саны арта түсуде. Осыған орай, түрлі әлеуметтік нысандар, оның ішінде мектеп пен емханалар салу қажеттілігі туындауда. Қаражар ауылында пайдалануға берілген 120 орындық қазіргі заман сәулетімен салынған мектептің ашылуы іргелі ауданның өркендеу жолындағы тағы бір игі қадам болды.
Бір кездері көптеген шағын ауылдардың бірі болған Қаражар селосында да қазір тұрғын үй құрылысы қарқынды жүре бастады. Тұрғындар саны бірнеше есе көбейді. Осыған орай, бұрынғы әлеуметтік нысандар, оның ішінде әсіресе, мектеп, балабақша жеткіліксіздігі сезілді. Астана маңындағы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында биылғы Білім күні қарсаңында Қаражар ауылында 120 оқушыға лайықталған заманауи үлгіде салынған мектеп пайдаланылуға берілді.
Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Айна Ермекқызы Мысырәлімова қатысып, ата-аналар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен және жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, Целиноград ауданының әкімі Малғаждар Тәткеев, мектеп құрылысын жүргізген «Тайыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Ермек Қуандықұлы да жиналған ата-аналар мен оқушыларға, ұстаздарға арнап игі тілектерін айтты.
Жалпы аумағы 554 шаршы метрді алып жатқан жаңа мектепте спорт залы, асхана, зертхана кабинеттері мен шеберхана бар. Қысқаша айтқанда, оқу ордасы қажетті мәселелердің бәрімен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, заман талаптарына сай жабдықталған биология, информатика және қазақ тілі кабинеттері де оқу сапасына оң әсерін тигізері сөзсіз.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, 120 балаға шақталған мектепте 330 оқушы білім алатын болады. Екі ауысыммен оқитын сыныптарға 26 мұғалім дәріс бермек. Олардың екеуі жоғары, 17 мұғалім бірінші дәрежедегі ұстаз. Сонымен қатар, мектепте 10 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.
Т.БАҚТЫБЕКҰЛЫ.
Целиноград ауданы.
1 қыркүйек – Білім күні облыс әкімінің орынбасарлары да жаңа оқу жылының басталуына орай облысымызда жаңадан салынған білім ордаларында болды. Атап айтқанда, Айна Мысырәлімова Целиноград ауданының Қаражар ауылындағы, Василий Крылов Сандықтау ауданының Балкашин селосындағы, Қанат Ыдырысов Еңбекшілдер ауданының Невский ауылындағы жаңадан пайдалануға берілген мектептерде, Марат Иғалиев Зеренді селосындағы қайта күрделі жөндеуден өткізілген Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектепте оқытушылар мен оқушылар қауымын білім мерекесімен құттықтап, жаңа оқу жылында жаңа жетістіктер тіледі.