Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«ІТ» қазақ мектеп-лицейі! Көптің тілегі орындалды! - АРҚА АЖАРЫ

«ІТ» қазақ мектеп-лицейі! Көптің тілегі орындалды!

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Көкшетау қаласындағы Сарыарқа шағын ауданындағы жаңа мектеп ғимаратының ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйлеп, жиналғандарды шын жүректен осынау айтулы оқиғамен құттықтады. Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, ардагер ұстаздар, мектеп мұғалімдері мен ата-аналар және оқушылар қатысты.

Жаңа мектептің байғазысы ретінде облыс әкімі Мәлік Мырзалин мектеп директоры Айнагүл Балташеваға білім ордасының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 18 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Бұл заманауи білім ортасын шынайы қолдау еді. Жұрт риза болды.

– Құрметті қала тұрғындары, қадірлі ақсақалдар, аналар, ұстаздар қауымы, жауқазын бүлдіршіндер! Жаңа мектептің тұсаукесер салтанатымен бәріңізді де шын жүректен құттықтаймын! Тоғыз жүз балаға лайықталып салынған білім ошағы заманауи технологиялармен жабдықталған. Бүгінгі жас ұрпақ бәсекеге қабілетті, зиялы, білімді азамат болып қалыптасуы қажет. Ол үшін Елбасы тапсырмасына сәйкес елімізде білім беру саласы жаңа қарқынмен даму жолында. Біртұтас ұлт болашағы жолында жасалып жатқан игі істердің бір парасы бүгінгі мектептің ашылуы деп білеміз. Балалар – біздің жарқын болашағымыз, еліміздің ертеңі. Әлемдік қауымдастықта Қазақстанымыздың алға дамуы бүгіннен басталады,– деп өңір басшысы жиналған жұртшылыққа жүрекжарды тілегін жеткізді.
Салтанатты шарада шәкірттердің жаңа мектепте талапқа сай білім алып шығуына табыс тілеген мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев сөз сөйлеп, Елбасының сындарлы саясатының арқасында ел игілігіне пайдалануға берілген білім ошағынан әлі талай зиялы қауым өкілдері түлеп ұшатындығына сенім білдіріп, оқушы-балаларға жаңа оқу жылында сәт сапар тілеп, өңір басшысы Мәлік Мырзалинге ел азаматтары атынан алғыс айтты. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, педагогикалық еңбек ардагері Күләш Хаджанқызы да жиналған қауымға ақжарма тілегін жеткізді.
Облыс, қала басшылары жаңа білім ғимаратын аралап көріп, еліміздің болашағы саналатын жас буынның білім алуына толық мүмкіндік бар екеніне көз жеткізді. Айта кету керек, биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап, өңірде білім беру жүйесінде балаларға арналған 28 ІТ сыныптары жұмыс істейтін болады. Бұл жерде балалар бағдарлау, қарапайым алгоритмдер, Web-сайттар, Еуропа білім беру стандарттары бойынша анимациялық құру дағдыларына үйрене алады. Ағымдағы жылы білім беру ұйымдарында робототехника элементтерімен 124 кабинет жабдықталды. Сонымен қатар, облыс мектептеріне балалардың техникалық сауаттылығын дамытуға ықпал ететін математика, информатика, технология, инженерия негіздерін, интегралды «Робототехника» курсын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Ал, есігін жаңадан айқара ашқан жаңа мектептің басты ерекшелігі, Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыра отырып, оқушылар үшін арнайы жабдықталған химия, биология, информатика, физика пәндерінің стэм зертханаларында білімдерін жетілдіріп, ақпараттылық сауаттылығын арттыру болып табылады. Қазіргі таңда мектептің әрбір кабинеті цифрлы технологиямен, яғни, компьютер, ноутбук, планшеттермен жабдықталған.
Жаңа ІТ қазақ мектеп-лицейінің құрылысына ел қазынасынан 1,5 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Білім ордасында 42 оқу кабинеті сондай-ақ, екі спорт залы, футбол, волейбол, баскетбол алаңдары бар. Сонымен қатар, 273 орынға шақталған салтанат залы, оқу залы, цифрландырылған кітапхана орналасқан. Бұлардың барлығы жаңа заман талабына сай қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сарыарқа шағын ауданында осындай заманауи мектептің ашылғанына тұрғындар да дән риза. Солардың бірі осы ауданның тұрғыны Теңдік Сабыржанова. – Біз осы шағын ауданнан жаңа пәтердің кілтін алып, бір қуанып едік. Аталмыш мектеп бой көтере бастаған кезден жаныма немеремді ертіп алып, күн cайын мектептің құрылысына келіп, сырттай сүйсініп қарап, әрбір қаланған кірпішін көріп, кеудемді зор қуаныш бөлейтін. Алла тілегімді қабыл қылды. Бүгін сол немеремді ертіп, бірінші сыныпқа жетелеп әкелдім. Осы орайда, жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беруге барлық жағдай туғызып отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа зор алғыс білдіремін. Жаңа мектеп осы балапандарымның болашағы. Сырты көркем ғимараттың іші де көз сүйсінтерліктей екен. Осындай білім мекемесінің бой көтеруіне атсалысқан азаматтарға, игілікті іске қолдау көрсеткен өңір басшысы Мәлік Мырзалинге аналық ақ алғысымды білдіремін,–деді ол ағынан жарылып.
Сол күні облыс әкімі 420 орындық қосымша ғимараты пайдалануға берілген №18 орта мектепте де болды. Жаңа оқу корпусы «Автоқалашық» шағын ауданындағы мектептердегі жүктемені азайтуға мүмкіндік бермек.
…Осылайша Көкшетауда ашылған жаңа қазақ мектебі оқушылардың шаттыққа толы сыңғырлы үніне ілесіп, төңірегіне білімнің шуақты нұрын себезгілеп тұр. Бұл елдің көптен бергі тілегі еді!..
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар