Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин кеше жұмыс бабындағы сапармен Санықтау ауданындағы «Маралды» орман шаруашылығы мекемесінде болып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты.
Орман шаруашылығы экономиканың тұтқалы саласының бірі болып саналады. «Маралды» орман шаруашылығы мекемесі бұл ретте өзіне жүктелген міндеттерді талап деңгейінде орындауда белсенділік танытып келеді. Жүктелген міндеттер де ауқымды. Маралдылықтар ормандарды зерттеу; есепке алу; ағаштар мен бұталардың тұқымынан және көшеттерден орман өсіру, орманды жаңартып отыру; орманды күту; сүрек дайындау, оны кесіп, реттеу; питомниктерде көшет өсіру; суландыру; орманды өрттен, зиянкестер мен түрлі аурулардан қорғау; саңырауқұлақ, ағаш шырынын жинау; ағашқа және орман өнімдеріне деген сұранысты қанағаттандыру; орманды пайдалану ісін реттеу сияқты жауапты істермен айналысады.
Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің аталған орман шаруашылығына арнайы ат басын бұруының сыры да осынау ұлан-ғайыр жауапкершіліктен өрбіп жатқаны анық. Өйткені, Ақмола өңірі орманға бай болғанымен, Қазақ жерінің өзге аймақтарында бұл құндылық тым селдір. Бұл орайда, облысқа өз аймағындағы 13 орман шаруашылығы мен 3 питомниктің өндірістік қызметін, Астана, Алматы, Көкшетау қалаларының «Жасыл аймақтарын» көркейту міндеті де жүктеліп отырғаны белгілі. Осынау үлкен жауапкершілікті маралдылықтар нақты істерімен атқарып отырғандығы көрініп тұр. Мұны кәсіпорындағы төрт орман шарауашылығы ұжымының ілкімді қимылдары айғақтай түседі.
Өңір басшысы алдымен, облыстық бюджет қаржысымен пайдалануға берілген аумағы 600 шаршы метрлік жылыжаймен танысты. Жыл бойы жұмыс істейтін жылыжайда негізінен 18 түрлі тұқым өндіріледі. Бұл тұқымдар арнайы жәшіктерге орналастырылса, бұлардан тарайтын жас өскіндер қатар-қатар жайқалып тұр. Яғни, бұл тұқымдардың еліміздің кез-келген өңірінде жерсініп кететіндігін аңғаруға болады. Питомник қысқы кезеңде қуатты екі пешпен жылытылса, тамшылату әдісі үзбей қолданылады. Орман шаруашылығы мекемесінің директоры Ербол Бектұров жыл аяғына дейін жоспардағы 155 килограмм тұқым өндіру қамтамасыз етілетінін айтты.
Облыс әкімі шаруашылықтың 1976 жылы іске қосылған 23,1 гектар питомнигін аралап көрді. Бұған арнайы көлік пайдаланылғанымен, машинаның қадам сайын тоқтауына тура келді. Өйткені, ағаштар мен алқа ағаштардың, жеміс-жидектің 60 түрі өсірілетін өндірістік буын айрықша қызығушылық танытатынын айтып жатудың өзі артық. Мұнда ұжымдағы 36 адамның маңдай тері маржан төгіп тұрғандай еді. Шаруашылық питомник өнімдерінен ғана 15 миллион теңгеден астам пайда көреді екен.
Мәлік Кеңесбайұлы биыл жоспардағы 50 гектардың орнына 57 гектарға көшеттер отырғызып, 50 гектар орман алабына кешенді күтім шараларын жасаған, орман қорғау жұмысын тиісті деңгейде атқарып, апатты жағдайларға жол бермеген ұжым мүшелеріне табыс тілеп, орман шарауашылығын дамытуға облыстық әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін айтты.
Бақберген АМАЛБЕКОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Сандықтау ауданы.