–Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті еліміздегі бірден-бір көпбейінді оқу орны саналады. Мұнда жарты ғасырдан астам уақыт бойы мұғалімдер, инженерлер, ауыл шаруашылығы қызметкерлері және қызмет көрсету саласының мамандары даярлануда. Сіздің университетте «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша «Жалпы медицина» факультеті ашылып отыр. Осынау күрделі мамандыққа бет бұруларыңыздың себебі неде?
– Әрине, мұндай шешімге келу университет үшін толғанысты мәселе болғандығы белгілі. Өйткені, медицина кадрларын даярлау орасан зор жауапкершілікті талап етеді және қыруар қаржыны қажетсінеді. Сондықтан, шешуші екі фактор болмаса білім ордасы мұндай тәуекелге бара алмауы да мүмкін еді. Бұлар мыналар:
Біріншіден, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы тапсырмаларды орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Қазақстан жоғары оқу орындарына шетелдік студенттерді тарту үшін «Орталық Азиядағы білім беру хабын дамыту туралы» жобаны жүзеге асыра бастады. Өткен жылдың қараша айында университет ректорының атына ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Халықаралық бағдарламалар орталығы» Президентінің шетелдік студенттердің медициналық мамандықтарға жоғары сұранысына байланысты біздің оқу орнымыздың базасында медицина факультетін ашу мүмкіндігін қарастыру жөніндегі өтініш хаты келіп түсті.
Екіншіден, аталған уақыт шамасында университетіміз Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин өткізген аппарат мәжілісінің қаулысын алды. Онда Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетте өңірде медициналық кадрлар тапшылығын шешуге елеулі ықпал жасайтын медицина факультетін ашу мәселесін қарастырып, тиісті ұсыныс дайындауға тапсырма берілді. Осындай қолдауға сүйене отырып және мәселеге жан-жақты талдау жасай келе университет басшылығы медицина мамандығын ашуға бар күш-жігерін жұмсады.
– Сіздер маңызды да қажет іске қалай кірістіңіздер? Факультетті ашу дайындығына қанша уақыт жұмсалды?
–Университет облыс әкімі М.Мырзалиннің және ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен төрт ай бойы материалдық-техникалық база мен кітапхана қорын нығайту және кадрмен қамтамасыз ету мақсатында үлкен дайындық жұмыстарын жүргізді.
–Жаңа істің тұтқалы мәселелеріне нақтылай тоқтала кетсеңіз.
–Алдымен білім беру негіздеріне басымдық бердік. Бұл басты мәселе. Сондықтан, университет клиникалық дәрістер өткізу үшін облыс орталығында орналасқан барлық медицина мекемелерімен, атап айтсақ, «Ақмола облыстық ауруханасы», «Облыстық онкологиялық диспансер», «Облыстық перинаталдық орталық», қалалық емханалар, тағы басқа мекемелермен келісім шарт жасастық. ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Қаржы министрлігінің келісімі бойынша Ақмола облысы әкімінің шешімімен медициналық факультет қарауындағы симуляциялық орталықты университет балансына беру туралы мәселе қысқа мерзімде шешілді. (Осы ретте медицина колледжінде дәл осындай заманалық орталықтың бар екендігін, яғни, әріптестеріміздің қызметіне ешқандай шектеу қойылмағандығын айта кеткім келеді). Бұған қоса, медицина кадрларын даярлаудың заманалық талаптарына сәйкес, анатомия, физиология, ішкі құрылыс кеселдері пәндері бойынша 3D-технологиясына негізделген виртуалды бағдарламалық тренажерлер сатып алынды. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде виртуалды клиника мен анатомиялық столдар алуға 40 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, конкурс жарияланды. Сондай-ақ, оқу жоспарының барлық пәндеріне арналған әдебиеттер сатып алдық. Практикалық сабақтар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.
Оқыту бағдарламасы мен оқу жоспарында Қарағанды мемлекеттік медицина университеті мен Астана медициналық университетінде қолданылатын заманалық озық әдістер қамтылды. Аталған жоғары оқу орындарымен қол қойылған екі жақты ынтымақты меморандум студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын қамтамасыз етуде.
Университет оқу жоспарындағы жалпы ғылыми оқытушы-профессорлық құраммен қамтамасыз етілген. Кафедрада медицина ғылымдарының докторы мен кандидаттары сабақ береді. Сонымен бірге, клиникалардағы тәжірибелі мамандарды тарту тәжірибесі де қолданылады. Университет Қарағанды медициналық университетімен түлектерді шақыру туралы келісім жасаған. Оларға тұрғын жайлар берілетін болады.
Білім және ғылым министрлігінің тексеріс қорытындысымен университетіміз лицензиялық талаптарға толық сай келетіндігі айқындалып, №023 лицензиямызға қосымша куәлік берілді.
–Марат Кәдірұлы, жаңа оқу жылын қалай бастап отырсыздар? Студенттер құрамы қандай талаптармен іріктелді? Өңірде бұрын болмаған факультеттің студенті атану үлкен мерей ғой.
–Биылғы наурыз айынан бастап Көкшетау қаласы мен облыс аумағындағы мектеп бітірушілерімен, колледж түлектерімен кәсіби бағдар бойынша жұмыстар жүргізіліп, «Ашық есік» күндері өткізілді, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланымдар орналастырылды. Жаңа факультетке құжат тапсырушылар көп болды.
Университетіміз 2018-2019 оқу жылына 172 абитуриентті қабылдады. Олардың қатарында Білім және ғылым министрлігінің 12, Ақмола облысы әкімінің 50 грант иегері бар. Ал, 110 студент келісім шарт негізінде оқыса, Бұланды, Зеренді, Біржан сал, Астрахан, Сандықтау аудандары 11 грант бөліп отыр, 6 студентіміз заңды тұлғалар мен демеушілер қаржысы есебімен тәлім алуда. Студенттердің 15-інің колледж бітіргендігі туралы дипломы болса, жедел жәрдем қызметінің 8 өкілі білімін толықтыратын болады.
«Жалпы медицина» мамандығы бойынша оқуға түскен 172 студенттің 140-ы Ақмола облысының тұрғындары екендігін атап өтуге болады. Бұлардың ішінде 61 грант иегерлерімен үш жақты келісім шарт түзілгендіктен олардың барлығы туған жерінде кемінде 3 жыл жұмыс істеуге міндетті.
Интернатураның 1 курсына 12 адам қабылданса, оның алтауы Білім және ғылым министрлігінің грантымен оқып жүр. Интернатураға қабылданғандар арасында төрт-төрттен хирург пен жалпы практика дәрігері, 2 терапевт, бір-бірден акушер-гинеколог пен балалар дәрігері бар. Осының өзі Ақмола облысы әкімінің жаңа факультетті ашу мен студенттердің сапалық құрамын қамтамасыз ету туралы тапсырмасы ойдағыдай орындалғанын көрсетеді. Біз бұл орайда, облыс әкімі М.Мырзалинге, облыстық білім және денсаулық сақтау басқармаларының басшылары Т.Жүнісов пен С.Қисықоваға, университеттің бұрынғы ректоры Ә.Әбжаппаровқа, факультет деканы, медицина ғылымдарының докторы С.Мұратбековаға ризашылығымызды білдіреміз.
–Жұртшылықты университетке шетелдік студенттерді қабылдау мәселесі қызықтыратыны айтпаса да түсінікті…
–Біз шетелдік студенттерді оқыту жөніндегі компаниямен150 адамды қабылдау туралы келісім шартқа қол қойдық. Сабақ ағылшын түрінде жүргізілетін болғандықтан оқытушылар құрамын жасақтап, аудиториялар мен кабинеттерді жабдықтадық. Университетіміз MCI (Үнді медицина кеңесі) құрамына тіркелді. Осы келісім шарт бойынша компания студенттерді жатақханамен және қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етеді.
–Лицензия демекші, жаңа мамандықтың өз талаптары да болады. Сонымен қатар, студенттер қанша жыл оқиды және олардың тұрмыстық жағдайларына қатысты мәселелер қалай шешілуде?
–Көкшетау мемлекеттік университеті 2018 жылы бұрынғы №12019134 лицензиясына қосымша «Жалпы медицина» мамандығы бойынша 5В130100 (23.04.2018 ж. №23) лицензиясымен қамтамасыз етілді. Бұл заманалық оқу талаптарына толық жауап беретін рұқсатнама құжат.
Ал, оқу жылы 5 жыл + 2 жыл интернатура (дәрігер кәсіби біліктілігі). Түлектерге жоғары білімді бакалавр дәрежесіндегі диплом беріледі. Оқу түрі – күндізгі. Факультет түлектері терапевт, акушер-гинеколог, хирург, педиатр, жалпы практика дәрігері сияқты бес бағыт бойынша дәрігерлік қызмет атқара алады. Олар магистратура мен резидентурада білімін жетілдіруге құқылы.
Студенттерге қолайлы тұрмыстық жағдайлар қарастырылған. Облыс әкімі М.Мырзалиннің шешімімен облыстық тері аурулары диспансерінің екі қабатты ғимараты беріліп, онда клиникаға дейінгі және оқу зертханалары орналастырылады. Жайлы жабдықталған жатақханамыз бар. Осы айтқандарымыздың барлығы оқу процестерінің талап деңгейінде атқарылатынына мүмкіндік береді.
–Әңгімеңізге рахмет. Жаңа істе табысты болуларыңызға тілектеспіз.
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры
Марат Сырлыбаев:
Сұхбатты жүргізген «Арқа ажары»
гезетінің шолушысы
Бақберген АМАЛБЕКОВ.