Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауыл жағдайы жақсартылып, өнімді еңбекке серпін берілсін - АРҚА АЖАРЫ

Ауыл жағдайы жақсартылып, өнімді еңбекке серпін берілсін

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин өткен жексенбі күні жұмыс бабындағы сапармен Целиноград, Қорғалжын аудандарында болып, ауыл шаруашылығы жұмыстарының барысымен танысып, егін жинауды ұйымшылдықпен өткізу, салық түсімдерінің жайы және жер қатынастары туралы кеңестер өткізді. Бұл шараларға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалардың басшылары, кәсіподақ орталығының төрағасы, ауыл округтерінің әкімдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ірі қара етін экспорттау көлемін 60 мың тоннаға жеткізу жөніндегі тапсырмасы облыс аумағында іргелі істерге екпін беруде. Өңір басшысы Мәлік Мырзалин осы орайда, Целиноград ауданындағы «АгроПарк» ЖШС жаңадан салынып, негізгі жұмыстардың ауқымды бөлігі аяқталған бордақылау кешенін аралап көрді. Қабанбай батыр ауылындағы бұл алаңның аумағы 58 гектарды құрайды. Мұнда 3000 бас ірі қара күтімге алынып, жылына 1200 тонна ет өндіру көзделуде. Серіктестік директоры Бейбітхан Қабдырахмановтың айтуынша, жобаның құны 900 миллион теңге. Кешенде әрқайсысына жас ерекшелігіне қарай 25 ашық баспана жабдықталыпты. Сондай-ақ, малшылар үйі, санитарлық өткізгіш, мал азығын өңдеу цехы мен ангар түріндегі қойма, техникалық база қазірдің өзінде жұмыс істей бастаған. Бүгінгі күні жергілікті тұрғындардан сатып алынған 500 бұзауды үстемелеп қоректендірудің озық технологиясы қолданылуда. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 100 мың теңгеден айналуы қолға алған істің өнімді болатынын айғақтай түседі.
Көршілес Рахымжан Қошқарбаев атындағы ауылдың егістік алқабында «Ен-Дала» ЖШС механизаторлары астық бастыруда алдыңғы шептен көрінуде. Тимур Пшенов басқаратын серіктестік өткен жылы 1500 тонна астықты экспортқа шығарып, тоннасын 350 АҚШ долларымен өткізіпті. Облыс әкімі бұл тәжірибені өзге ұжымдар да қолдауы керектігін айта келіп, бұл үшін егіншілік мәдениетінің жоғары деңгейі сақталуы қажеттігін алға тартты. Бұған №41 егістік алқаптағы 441 гектардың әр айналымынан 33 центнерден астық бастырылып жатқаны мысал ретінде келтіріліп, жер өңдеу мен баптау, тұқым сұрыптаудағы оң қадамдарға ризашылық білдірілді. Бұған қоса серіктестік мал шаруашылығымен де айналысады екен.
Мәншүк ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жақсы мысалына куә болдық. Мұнда елімізге танымал «ВІ Group» компаниясы 20 миллион теңге жұмсап, жалпы аумағы 300 шаршы метрлік жатақхана түріндегі әсем тұрғын үйді пайдалануға беріпті. Мұндағы үш және екі бөлмелік бес пәтерге жас отбасылар, бюджеттік ұйым қызметкерлері орналасатын болады. Абаттандырылған ауладағы балалардың ойын алаңы да көзтартарлық.
Мәншүк ауылының клубында облыс әкімі жоғарыда айтылған күн тәртібі бо-
йынша кеңес өткізді. Целиноград ауданының әкімі Малғаждар Тәткеевтің есебінде егін жинау науқаны 25 жұмыс күнінде аяқталатыны атап көрсетілді. Қазіргі күні 75700 тонна астық бастырылып, әр гектардан 10 центнерден өнім жиналуда. Алқаптарда 543 комбайн, 126 трактор пойызы, автокөліктер тындырымды жұмысқа тартылған. Мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің арқасында жауапты науқан ұйымшылдықпен өткізілетіндігіне сенім білдірілді.
Бұдан кейін аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының және жер қатынастары бөлімінің басшылары Анаш Жантеміров пен Асқар Нұртазиннің есептері тыңдалды. Олар бюджеттің кіріс бөлімі 141 миллион теңгеге асыра орындалып, жалпы кіріс көлемі 330 миллион теңгеге жеткенін, еңбекақы төлеу 11 пайызға өскенін тілге тиек етіп, тиімсіз пайдаланылған 41780 гектар жер мемлекет есебіне қайтып алынғанын мәлімдеді. Соған қарамастан 17856 гектарлық 42 жер телімі әлі күнге тиімсіз пайдалануда.
Өңір басшысы жасалған есептер бо-йынша өз орынбасарларының, салалық мамандардың түсініктерін саралай келіп, қаралғанда мәселелер бойынша бірқатар сын-ескертпелер айтты. Аудан қаржылық трансферттерді, субсидияны өзгелерге қарағанда көп алғанымен қайтарым төмен. Ауданда 37 мың теңге жалақы алатындар бар. Бұл ең төменгі күнкөріс деңгейіне жуық көрсеткіш. Мұның себебі – экономикалық тиімділіктің төмендігінде. Аудандағы ауыл шаруашылығы ұжымдарында кәсіподақ ұйымы жоқ, ұжымдық келісімшарт формальды сипатта. Мұндай жағдайда еңбек адамдарына қамқорлық қандай дәрежеде болмақ? Салық саясатына салақтық жүрмейді. Мұның барлығы бақылауда ұсталатыны, қатаң сұралатыны анық.

Қорғалжын ауданындағы сапарын облыс әкімі Мәлік Мырзалин Кеңбидайық ауылын сумен қамту жағдайымен танысудан бастап, ауыл тұрғындарымен әңгімелесті. Ал, «Кеңбидай Астық» ЖШС дала қосында егіс агрономы Атымтай Темірханов пен бас агроном Владимир Богомолов қырмандағы астықтың қамырлылығы 29-30 пайызды құрайтынын баяндап, шаруашылықтың агротуризм бағытындағы жұмысынан мағлұмат берді.

Мұнда жайлы жатақхана пайдалануға берілсе, ағаштан қиылып салынған қонақ үйі бойы көтеріп келеді.
Қорғалжындағы кеңесте де аудан әкімі Бауыржан Ғайсаның, мемлекеттік кіріс бөлімінің басшысы Марал Әлібекованың, жер қатынастары бөлімінің басшылары Ақылбек Егінбаевтың есептері тыңдалды.
Облыс әкімі аудандағы 8 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 52370 гектар жердің жалақысын төлеумен ғана шектеліп отырғанын сынады. Осыдан келіп салық түсімі болмаған. Өңірдегі жалғыз ірі кәсіпорын «Астана Агропродукт» биыл өнімді кемітуіне байланысты ауданның салық түсімі бірден төмендеді. Бұл ойланатын жағдай. Сондай-ақ, ауданға инвестиция тартылмай келеді. Мұндай жағдайда, еңбекақы, салық аударымы туралы айтудың өзі артық.
Аудандағы «Ғалымжан» ЖШС 8800 гектар жерге ие бола отырып, былтыр 6000 гектарға егін салса, биыл аталған жері түгелдей қурай басып жатыр. «Әнуарбек», «Бауыржан» сияқты біршама шаруа қожалықтары не жерді пайдаланбайды, не мал өсірмейді. Есеп мәселесі де дұрыс жүргізілмейді. Осыған байланысты С.Сейфуллин атындағы аграрлық университетпен ынтымақты Меморандум шеңберінде космос арқылы зерттеулер жүргізілуде. Мәншүк ауылындағы кеңесте университеттегі арнайы зерттеу орталығының меңгерушісі Фараби Ермековтың талдамалық баяндамасында көптеген нақты деректер келтірілгені айтылды. Мұндай мониторинг облыстың барлық аймағында, соның ішінде Қорғалжын ауданында да жүргізілетін болады.
– Сіздің аудандарыңызда жалақының төменгі деңгейі сақталуда. Мәселен, биыл орташа айлық жалақы деңгейі 15 пайызға төмендеген. Өз мақсатында пайдаланылмаған жер мемлекетке қайтарылады. Бірақ, біз оған мүдделі емеспіз. Жер нарықтық қозғалыста болуы керек, елімізге, сол жердің қожасына пайда әкелуі тиіс. Сондықтан, бұл іске барынша жауапкершілікпен қарау талап етіледі. Ауылдық жерде шағын және орта бизнес баяу дамуда. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысудың тиімділігін түсіндіріп жату артық, – деді сөзінің соңында облыс әкімі.
Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Целиноград, Қорғалжын аудандары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар