Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы және облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің ұйымдастыруымен Зеренді көлінің жағасында орналасқан «Аurora Garden» отбасылық демалыс орталығында «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының екінші облыстық слеті болып өтті.
Адамгершілігі жоғары, жауапты, бастамашыл және әлеуметтік тұрғыда құзыретті азаматтарды және патриотты тәрбиелеуге арналған слетке Ақмола облысының барлық өңірінен келген оқушылар, «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының мүшелері мен оқушылар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған қалалық және аудандық байқаулардың жеңімпаздары қатысты. Шара бағдарламасының өте қызықты болғанын атап өткен жөн. Слетті «Бір ел. Бір тағдыр. Бір болашақ» би флеш-мобы ашты. Бұдан кейін қатысушылар «Адалдық алаңы» аталатын қызықты квест-ойын ойнады. Қызықты әрі тартысты сайыс қорытындысында «Жолбарыстар», «Family», «Да» және «Дружба» командалары жүлделі орындарға ие болды.
Шараға қатысушылар квест ойынды тамашалап жүргенде мамандар «Адал ұрпақ» клубтарының жұмысы туралы пікірлерімен алмасу және ұсыныстарын айту үшін дөңгелек үстел басына жиналды. Дөңгелек үстелге Ақмола облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Райхан Братаева мен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова, әдіскерлер, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Кездесу барысында клубтардың жұмысын жақсарту жөнінде ұсыныстар айтылды. Сындарлы сұхбат алаңында әр қатысушыға өзінің ойын айтып, жанындағы әріптесін тыңдауға мүмкіндік берілді. Кешкісін балалар би кешіне қатысты.
Слеттің екінші күні де қызықты өтті. Әр өңірден келген делегаттар 2017-2018 оқу жылында өткізілген іс-шаралар туралы театрландырылған көрініс, үгіт бригадасы мен «Адал ұрпақ» клубының жұмысы туралы бейнеролик түрінде өз есептерін ұсынды. Сондай-ақ, іс-шара барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, оқушылардың адамгершілік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымының негіздерін қалыптастыруға бағытталған конкурстардың жеңімпаздары мен белсенді қатысушыларын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара соңында қатысушыларға «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының екінші облыстық слетіне қатысушы сертификаттары табыс етілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Зеренді ауданы.