Қазақстанның құс өсірушілер одағы Еуразиялық құс өсірушілер ассоциациясымен бірлесіп Бурабайдағы «Rixos» отелінде Қазақстан құс өсірушілерінің VІІ Халықаралық форумын және Еуразиялық құс өсірушілер ассоциациясының І форумын өткізді. Әлемдік деңгейдегі беделді шара Ақмола облысындағы Макинск құс фабрикасының ашылуына орай ұйымдастырылды. Жылына 50 мың тонна ет өндіру қуатындағы айрықша кәсіпорын Қазақстан Республикасындағы ғана емес, Орталық Азиядағы ең ірі өндірістік алаң болмақ.
Алқалы жиынға Германия, Израиль, Нидерланды, Польша, Испания, Бельгия, Қытай және ЕАЭО мен ТМД елдерінен 250 өкіл шақырылған. Сондай-ақ, форумға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ақмола облысы мен Бурабай ауданының, «ҚазАгро» және «Бәйтерек» ұлттық холдингтік компанияларының, кәсіпкерлердің «Атамекен» ұлттық палатасының, салалық кәсіподақтар, ғылыми-зерттеу және жоғары оқу орындарының лауазымды тұлғалары қатысты.
Форумды Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, «Aitas-RZ» акционерлік қоғамының бас директоры Серік Толықпаев құттықтау сөзбен ашты.
Облыс әкімі М.Мырзалин Астана қаласының рыногы өңірдегі құс өсірушілер жұмысына еселенген жігер бергенін атап өтті. «Қазіргі күні мұнда ірі бес кәсіпорын жұмыс істейді. Жалпы, облыс еліміздің құс өнімдеріне деген сұранысының 20 пайызын өтеп отырғаны сала тиімділігін білдіреді және болашағының зорлығын айқындайды. Облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың экспорттық әлеуеті де артып келеді. Ал, уақыттың өскелең талаптарына толық жауап беретін «Макинск құс фабрикасының» біздің өңірде орналасуы ақмолалықтар үшін үлкен мерей және мемлекетіміздің стратегиялық саясатының баяндылығын көрсетеді. Сіздерге және форум жұмысына табыс тілеймін», – деді Мәлік Кеңесбайұлы.
Форумның пленарлық сессиясында Қазақстан құс өсірушілер одағының басқарма мүшесі, «Алель Агро» АҚ басқармасының төрайымы Рәзия Жатақпаева Ресей құс өсірушілер одағының президенті, академик Владимир Фисинин, «Орта Серт» ЖШС сертификацияланған органының директоры Төлеген Шанқұлов, РФ «МегаМикс» ААҚ технологиялық бөлімінің басшысы Сергей Иванов, «TITAN Agro Kazakhstan» ЖШС коммерциялық директоры Наталья Лежнева тақырыптық баяндамалар жасады.
Бурабай форумында ветеринарлық медицина докторы Martynas Gehys (Франция), Словения ғылым академиясы маркетинг қызметінің басшысы Urbancic Ales, ветеринария және ауыл шаруашылығы бөлімшесінің директоры Bulent Kukurtcu (Испания), инженер-биотехник Гаймард Марина (Франция), бельгиялық INNOYAD компаниясының өкілі, ғылым докторы Арвидас Сирвидис, «Бионика» компаниясының директоры Сергей Ермолаев әлемдік кеңістіктегі құс өсіру индус-триясы және оның өзекті мәселелері жайлы пікірлерімен бөлісті.
Отандық спикерлердің айтуынша, Қазақстандағы 55 кәсіпорынның 30-ы жұмыртқа, 17-сі құс етін өндіруге маманданған. Бұған қоса, 8 асыл тұқымды құс шаруашылығы табысты жұмыс істеуде. Еліміздің құс өсірушілер одағы мемлекеттік қолдау аясында «Құс өсірудің 2018-2027 жылдарға арналған салалық бағдарламасын» дайындады. Бұл бағдарламалық құжат құс етін өндіру көлемін 500 мың тоннаға, жұмыртқа алуды 7 миллиард данаға жеткізуді көздейді. Осы орайда, Бурабай форумының еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды ой қорыту алаңы болғанын атап өтуге тиіспіз.
Бақберген Амалбеков.
Бурабай ауданы.