Жүйткіген пойыздар, ағылған жолаушылар машинист Ерлан Әубәкіровтың күнделікті өмірі. Әрі-бері ағылған пойызды тізгіндеу теміржолды өмірлік серік етіп алған оның бала кезіндегі арманы еді. Жазғы демалыста өзімен құлын-тайдай тебіскен достары күн ұзаққа асыр салып, ойын қуса, Ерлан таң сәріден оянып, теміржол бекетіне жүгіре жөнелетін. Ондағы мақсаты локомотивтің ысқырығы мен вагондардың дүрсілін бір есту болатын. Бекеттегі қатаң тәртіпке қарамастан, сол тынымсыз тіршілікпен тыныстап өсті.
Балалық шақтағы арманы оны адастырмай теміржол саласына алып келді. Осы күні ол бала кезіндегідей зуылдаған по-
йыздарды сырттан бақылап отырмай, өзі де бір локомотивті басқаруда. Алғашында жолаушылар локомотиві машинисінің көмекшісі болып қабылданған ол осы күні Т3410 жүрдек локомотивін тізгіндеуде. Осы жерде сөздің орайы келіп тұрғанда айта кетсек, бүгінгі күні еліміздің экономикасын өрге сүйреуде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы тарапынан тың жобалар жүзеге асуда. Оның қатарында отандық локомотивтер, вагондар, тіпті рельстер шығаратын зауыттардың әлеуеттері де артып келеді. Ал, бүгінгі күні өзімізде, Астанадағы локомотив құрастыру зауытында құрастырылған KZ4А және KZ8 электровоздары мен ТЭ33А тепловоздары Ақмола өңірінде де жолаушылар мен жүк пойыздарының басында жүр.
Отандық өнім. Бұл электровоздар мен тепловоздардың «Локомотив» акционерлік қоғамы филиалы Ақмола локомотив пайдалану депосына да келгеніне көп бола қойған жоқ. Дегенмен, мамандар мен талай жыл локомотивтердің тізгінін ұстаған Ерлан сияқты машинистердің жаңа техникаға берген бағасы жоғары. Расында, бір кездері бумен, көмірмен жүретін паровоздар мен сонау өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдары шығарылған тепловоздар бүгін бір тарих болып қалды. Дизайны да анадайдан көз тартатын жаңа техниканы тізгіндеп отырған Ерланнан рұқсат сұрап, ішіне ендік. Міне, тамаша! Бұрындары тепловоздың ішіне кірсең мұрынды керосин немесе солярканың исі жарушы еді. Ал, мұнда тап-таза! Қыздың жиған жүгіндей, бәрі өз орнында тұр. Кең. Былайша айтқанда, машинистерге бар жағдай жасалған. Комфорт! Бүкіл құрамды жеккенде сағатына 120 шақырым жылдамдықпен жүйіткиді. Ерланның айтуына қарағанда, тепловозды құрастыруда қазақстандық мазмұн 30 па-
йызды құрап отыр екен. Көбіне өзіміздің өнім пайдаланылған. – Бұл тепловоздар Астана локомотив құрастыру зауытында өндірілген. Мұнда француздық жоба пайдаланылған.
Осындай темір тұлпардың құлағында ойнау Ерланға бұйырыпты. Ол Т3410 жүрдек локомотивін аптасына үш-төрт рет «Көкшетау-Петропавл» және «Көкшетау-Қызылту» бағытында іссапарға шығып тұрады екен. Әрбір сапар ол үшін зор жауапкершілік жүктейді.
– Машинист болуды бала кезімнен армандадым. Мамандығым қиында да, жеңіл де емес. Жолаушылар тасымалымен айналысқандықтан үлкен жауапкершілік жүктеледі, – дейді ол.
Ерлан тура мағынасында айтқанда, нағыз теміржолдың тарланы. Олай дейтін себебіміз бар. Оның экономиканың маңызды буыны – теміржол бойында еңбек көрігін қыздырғанына 10 жылға жуық уақыт болыпты. Бүгінде Ерлан көзін ашқалы теміржол бойында келе жатыр. Бойында барлық абзал қасиеттері бар азамат өз мамандығы туралы сөз қозғағанда көздері оттай жанып, күнделікті атқаратын жұмысын ерекше ықыласпен баяндайды.
Оның айтуынша, жақсы маман болып шығу үшін барлық жұмысқа білек сыбана араласу қажет. Істің бүге-шүгесін білмейтін адам жақсы маман бола алмайды. Дегенмен, Ерлан теміржол саласында жинақтаған мол тәжірибесін бүгінгі ізбасарлары, жас әріптестеріне үйретуден де жалыққан емес. Сөз арасында өзінің машинист мамандығын таңдауына әкесі Қанғожа Әубәкіровтың ұзақ уақыт теміржол саласында еңбек етуі де түрткі болғанын атап өтті.
– Станционный кентінде тұрған әкем №2 депода ұзақ уақыт қызмет істеді. Сол әкемізге қарап, ағам мен інім теміржол саласын таңдадық, – дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде Ерлан отбасында бақытты жар, сүйікті әке. Құдай қосқан қосағы Динара екеуі Асхат есімді ұлын тәрбиелеп отыр. Ұлы келешекте теміржол саласында қызмет істеуді мақсат тұтып отыр. Бәлкім «Әке көрген оқ жонар…» деген осы шығар.
Аслан ОСПАНОВ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.