Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалин облыстық Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының жаңа маусымының ашылуына қатысты.
Театрдың бұл жолғы жаңа маусымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында белгілі режиссер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспановтың сахналауымен қойылған «Сал-серілер» драмасымен ашылды. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Манарбек Қыдырбайдың инсценировкасы бойынша қойылған бұл қойылымды тамашалауға көрермендер көптеп жиналды. Театр актерлерінің шеберліктері мен әуезді әндердің сыйқырлы үні үндесіп адам жанын тебірентіп, көрермендерді терең ойға қалдырды.
Көкшетау – ежелден ән меккесі атанған сал-серілер мекені. «Сал-серілер» драмасы қазақ даласына ән туын тіккен Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан шолақ өмірлерінен сыр шертеді. Қойылымның мақсаты дала сайыпқырандарын келер ұрпаққа
насихаттау, олардың әндерін қайта жаңғырту, ұлттық дүниетанымды кеңейту болып табылады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
(Премьера туралы мақаланы толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар).